Қазақстан • 13 Қараша, 2018

Микроқаржы секторы макроэкономикалық міндеттерді шешеді

369 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Егемен еліміздің қаржы саласында микроқаржы компанияларының жұмыс істей бастағанына – 20 жыл.

Микроқаржы секторы макроэкономикалық міндеттерді шешеді

Өткен ширек ғасыр ішінде біздің экономикамыз өте күрделі кезеңдерді бастан өткерді. Қиындыққа толы күндер де, жетістік биігінен көрінген кезеңдер де аз болған жоқ. Бүгінде еліміз тұрақты қалыптасқан қаржы жүйесіне ие болып отыр. Осындай іргелі қаржы жүйесінің ірі салаларының бірі микроқаржы секторы болып саналады. Алғаш экономикалық өмір айдынына шыққан жиырма жыл ішінде еліміздің бұл қаржы саласы да соқтықпалы соқпақты жолдан өтті, банктердің көлеңкесінде болып келді. Қазір қазақстандық микроқаржы секторы елеулі жетістіктерге қол жеткізді, инвесторлардың және халықаралық серіктестіктерінің сеніміне ие болды, тұрғындарды шағын несие­лермен қамтамасыз ету арқылы әлеуметтік міндеттерді шешуге ықпал етті. Бүгінде еліміздің микроқаржы секторының (МҚС) өз заңы, кәсіби ассоциациясы бар. 

Еліміздегі МҚС-ның ең ірі өкілі «KMF» микроқаржы ұйымы (МҚҰ) болып табылады. Біз еліміздегі МҚС-ның қалыптасу және даму перспективалары туралы «KMF» МҚҰ басқармасының төрағасы, Қазақстан Микроқаржы ұйымдары ассоциациясы директорлар кеңесінің төрағасы Шалқар Жүсіповті әңгімеге тарттық.

– Әңгімеміздің әлқиссасын Қазақстанда шағын несие­ беру сала­сын дамытудың алғы­шарт­тарынан бастасақ.

– Бүкіл ТМД мемлекеттерінде қалыптасқан жағдайға байланыс­ты Қазақстанда да өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдарында микронесиелік компаниялар (МНК) ашыла бастады. Бұл кезеңде елімізде өзін өзі қамтамасыз ететін халық топтары қалыптасты. Жер-жерлерде өзінің кәсібін құрған адамдар үшін шағын несиелерге қажеттілік туды. Сөйтіп елімізде 1996 жылы шағын несие беретін алғашқы компания өмірге кел­ді. Сол кезеңде Қазақстанда ми­кронесиелік ұйымдардың қыз­метін реттейтін заң да, бұл ұйым­дардың дәрежесін анықтайтын ережелер де жоқ еді. Осыған бай­­­­­­ланысты бұл ұйымдар қаржы сек­­­торында жұмыс істеу үшін әр­түрлі бұралаң жолдар­ға барды. Бірқатар МҚҰ-лар Mercy Corps, GTZ, Winrock International сияқты көптеген шетел­­дік компания­лардың қамқорлығымен жұмыс істеді. Кейбір МҚҰ-лар ҚР банк операцияларының жекелеген түр­лерін жүргізуге Ұлттық банк­тің лицензиясын алып, банктен тыс ұйымдар ретінде өмір сүрді. Біз де осы жолды таңдадық.

«KMF» компаниясы еліміздегі шағын несие нары­ғы­ның құрдасы ретінде биыл өзінің құрылғанына жиырма жыл тол­уын атап өтіп отыр. Біз­дің компания тәуелсіз Қазақстан­ның микроқаржы са­ласының алғашқы соқпағын сал­ған ұйым­дардың бірі болып табылады. «KMF» компаниясы 1997 жылдың қараша айында Талдықорған қаласында алғаш рет өз жұмысын бастап, қаладағы жұмыссыз қалған, аз қамтылған тұрғындарға өздерінің кәсіптерін ашу үшін шағын несиелер беруді бастады. Біз 21 адамға тұңғыш рет 100 АҚШ доллары көлеміндегі шағын несие бердік. Еліміздің банк­терінен мұндай мөлшерде несие алу мүмкін емес еді, ол кез­де банктер негізінен орташа және ірі жобаларды несиелейтін. Алғаш бізден несие алған 21 адам өздерінің шағын істерін бастап, нарық айдынындағы алғашқы желкендерін желбіретті.

Бұл бастама жергілікті тұрғын­дар арасында кеңінен қолдау тап­ты. Біздің компания­ның ша­ғын несиелерін алуға деген сұра­ныс артты. Сөйтіп 2001 жылы Шымкентте, одан кейін Таразда, Түркістанда, Алматыда және Астанада өзіміз­дің филиалдарымызды аш­тық. Сұр­аныс арт­қан са­йын біздің жұмысымыздың тиімділігі де көріне бастады. Уақыт өткен са­йын біз еліміздің барлық облыс орталықтарында және көптеген аудандарында өзіміздің жемісті жұмысымызды жалғастырдық. Қазіргі күні біздің шағын несиеге сұраныс бар кез келген елді мекенде өзіміздің кеңсемізді ашатын жағдайымыз бар.

Бүгінде компаниямыз еліміз­дің қаржы секторындағы іргелі ұйымдардың бірі бо­лып табылады. Республика­мыз­дың аймақ­тарында біздің 115  кеңсеміз бар, олардың 90-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Қазіргі таңда біздің шағын несие­лер арқылы 167 мың­нан астам кәсіпкерлер жеке кә­сіптерін дамытуда, сонымен қоса 62 мың адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Әсіресе аграрлық саланы қаржыландыруға баса назар аударамыз, бұл 38 миллиард теңгеден асатын кредиттік портфельді құрайтын 81 мыңнан астам агро кәсіпкерлер. 

Жиырма жылдың ішінде компаниямыз жалпы көлемі 611 миллиард теңгені құрайтын 1,9 мил­лион шағын несие берген екен. 

2003 жылы Қазақстанда «Ми­кро­кредиттік ұйымдар туралы» заң қабылданды, бұл шағын несиелік ұйымдардың көптеп ашылуына жол ашты. Өкінішке қарай, рет­теудің болмауынан, көптеген МҚҰ-лар мақсатына сай келмейтін қызмет түрлерімен айналысып, нәтижесінде МҚҰ атынан әртүрлі «қаржылық пирамидалар» пайда бола бастады. 

– Қазақстандық шағын несие саласының ашықтығы және бұл салаға тартылған шетел инвес­тициясы туралы не айтасыз?

– Осы жиырма жылға созылған өзінің қалыптасу және даму кезеңінде компаниямыз түбегейлі өзгерістерге ұшырады. 2006 жылы қор түрінен қазіргі коммерциялық ұйым­ға дейінгі өсу жолынан өтті. «KMF» компаниясының барлық кезеңдегі жұмыс дәстүрі ашықтық пен тиімділікке негізделді. Біз халықаралық ауқымда таныла отырып, 2003-2004 жыл­дары қатарынан екі рет халықаралық рейтинг агенттіктерінің жоғары бағасын алдық. 

2006 жылы MixMarket жо­ға­ры бағасына ие болдық. 2007 жылы Forbes журналы біздің компаниямызды әлемдегі 50 ең ірі МҚҰ-лардың қатарына қосып, 37-орынды иелендік. Ал 2015 жылы микроқаржы саласындағы Smart Compaign сертификатын алып, әлемдегі 31-ші, ал Қазақстандағы 1-ші компания ретінде танылдық.

Халықаралық дәрежедегі әлеу­меттік рейтинг бойынша алған жоғары баға (А+ бағасы) біздің компанияның қоғам үшін пайдалы жұмыс атқарып жатқандығын дәлелдейді. Қазіргі таңда «KMF» компаниясы шетел инвестициясын тартудан ешқандай қиындық көріп отырған жоқ. Себебі әлем­де адамдардың әлеуметтік жағ­дайын жақсарту мақсатында құ­рылған қорлар жеткілікті. Олар кәсіпкерлерге шағын несие беру арқылы, әйелдер бизнесін дамыту арқылы әлеуметтік мә­се­лелерді шешуді, ауылдық жерлерде көптеп жұмыс орындарын ашуды көздейді. Қазіргі күні біз­дің компаниямыздың қаржы­лық портфелінің 93 пайызы осындай қорлар мен банк­­тердің инвестиция­сынан құралған. Жалпы алғанда, біздің шағын несиелеріміз тек қа­на коммерциялық сұраныстарды қанағаттандырып қана қоймайды, сонымен бірге әлеуметтік мәселе­лерді де шешеді.

2014 жылы «KMF» компания­сы елімізде бірінші рет МҚҰ-лардың арасында капиталына халықаралық инвестиция тартты. Осы шараның негізінде МҚС са­ласына инвестиция салу­да көшбасшы болып жүрген: responsAbility (Швейцария) және Triodos (Нидерланд) сияқты шетелдік компаниялар біздің ак­ционерлеріміз болды. Сол кезеңде бұл МҚҰ-ға салынған ең ірі жеке инвестиция еді. 

Бүгінде KMF тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД ай­мағындағы іргелі МҚҰ болып саналады. Қазір компанияның 232 мыңнан астам несие алушысы бар. Несие портфелі 110 миллиард теңгеден немесе 300 миллион АҚШ долларынан асады. Микроқаржы нарығы саласындағы несие портфелінің 55 пайызы, берілетін шағын несиелердің үштен бірі біздің компанияға тиесілі. 

Шетелдік компаниялар KMF-тің іскерлігі мен ашықтығына тәнті болған. Тек соңғы екі жыл ішінде біз Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) желісі бойынша 126 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарттық. Бұл ретте тартылған инвестициялардың жергілікті валюта түрінде несиеге берілетіндігін атап көрсеткен жөн. Бұл өз кезегінде несие алу­шы клиенттерді валюталық тәуе­келдерден қорғайды. 2009 жылы IFC біздің компанияда кешенді бағалау жұмыстарын жүргізді. Оның қорытындысы бойынша білікті де іскер қызметкерлер құрамынан Бақылаушы кеңесі құрылды. Осындай игілікті жұ­мыс­­тардың нәтижесінде ком­па­нияның қызметі қарқын­ды дамып келеді. Тек 2013-2017 жылдар аралығындағы бесжылдықта компанияның несие­лік портфелі 387 пайызға, клиенттер саны 125 пайызға, ал берілген кредит­тер саны 104 пайызға артты. Өндіріске енгізілген жаңа тех­нология­лардың арқасында компанияда еңбектің өнімділігі мен тиімділігі бірнеше есе өсті.

2012 жылы Қазақстан Респуб­лика­сының «Микроқаржылық ұйым­дар туралы» заңы қабыл­данды. Бұл ел­іміз­дегі ша­ғын несие беруші ұйымдардың жұмысын реттеуге негіз болды. Осы кезеңнен бастап елімізде заңды түрдегі МҚҰ-лар құрыла бастады. Бұған дейін еліміздегі микроқаржы саласында ретсіздік пен берекесіздік белең алған еді. Мәселен, 2013 жылы еліміздегі тіркелген МҚҰ-лар саны 1800-ден асып түсті. Олар­дың тек үштен бірі ғана ша­ғын несие берумен айналыс­ты. Заң қабылданғаннан кейін жүргізілген кешенді жұ­мыстардың нәтижесінде бұл нарық жүйелі түрде ретке келтіріле бастады. Заң­­­да комис­сиялардың толық тізімі мен сыйақының ең жоғарғы мөл­шерлемесін қосқанда шағын несие алудың шарттары сипатталды. 

– Сіздің компанияның кә­сіп­кер әйелдер қауымымен жұмысы қандай деңгейде? Кә­сіп­кер әйел­дердің мүмкін­дігі мен құқы­ғын ке­ң­ейту мақ­са­­тында атқарған жұмыс­­тарыңыз қандай?

– Біздің компаниямыздың клиенттерінің арасында әйелдер­дің үлес салмағы 60 пайыздан асады. Біз әйелдермен жұмыс істеуге барынша басымдық беріп келеміз. Себебі тәжірибе көрсетіп отырғандай, әйел­дер қаржы саласында және несие­­лерді дер ке­зінде қайтару мәселе­сінде өте ұқы­птылық та­ныта­ды. Кәсіпкер әйел­дерге қолдау көрсете отырып, олардың бизнесін дамытумен қатар біз еліміздегі отбасыларының әл-ауқа­тын жақсар­туға үлес қосып отырғанымызды жақ­сы түсінеміз. Дәлелденген дүние­жүзілік тә­жірибе бойынша егер әйел адам терең білім алатын болса, жемісті кәсіпкерлікпен шұғылданатын болса, оның отбасы тұрақты та­бысқа ие болып, жақсы тұрмыс құрады. Кәсіпкер әйелдердің бас­ты мақсаты – отбасын гүлдендіру, балаларына жан-жақты білім беру, әлеуметтік жағдайды жақсарту болып табылады. Осыған ба­йла­нысты дүние жүзінде көптеген қаржы ұйымдары әйелдердің кә­сіпкерлігіне қолдау көрсетуге ба­рынша басым­дық береді. Біз де әйелдерге несие бере отырып, Қа­зақстандағы әйел кәсіпкерлердің санын арттырып, қа­­лып­тасқан әлеуметтік мәселе­­­лерді жақсарту­ға үлес қосып отырғанымызды жақсы түсінеміз. 

2016 жылдан бері біздің компания Еуропалық даму және қайта құру банкінің «Бизнестегі арулар» жобасының ірі серіктесі болып табылады. Біз өңірлердегі әсіресе ауыл­­дық жерлердегі кәсіпкер әйел­дер­­ге несие беру мәселесін ке­ңі­нен өріс­тетіп келеміз. Осы ор­ай­да ком­­пания әйелдерге тек несие беріп қана қоймай, олар­дың өз кәсіпкер­лік ісін ашуға, на­рықтық жағдайға бейім­делуіне көмектеседі. Осы бағ­дар­лама бо­йынша біз соңғы үш жыл ішінде жалпы сомасы 10,4 миллиард тең­гені құрайтын 20 мың шағын несие бердік.

– «Даму» қорымен әріп­тестіктеріңіз қандай дәрежеде?

– «KMF» компаниясы 2016 жылдан бері «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорымен үш бағыт бо­йынша, атап айтқанда, тікелей қаржыландыру, кепілдік бойынша қаржы бөлу және оператор ретінде қаржыландыру бағыттарымен жұмыс істеп келеді. Осыдан екі жыл бұрын біз «Даму» қорының та­лаптарына сәйкес кәсіп­керлерге жеңілдетілген тәртіппен несие беру үшін 250 миллион теңге қаржы алдық. Осы қаржы көлемі бойынша, қайта несиелеу тәсіл­дерімен біз жалпы көлемі 376,8 миллион теңге көлемінде 386 кәсіп­керге несие бердік. Осыдан кейін көп ұзамай «Даму» қорының кепілді­гімен Еуропалық даму және қайта құру банкінен 3,8 миллиард теңге қаржы алып, 12,5 мыңнан астам клиенттерімізге 6,7 мил­лиард теңге көлемінде несие бердік. 

Биылғы  жылы Азия даму банкінен 5,9 миллиард қаржы алуға қол жеткіздік. Бұл ретте де «Даму» қоры оператор ре­тінде көрінді. Осы бағдарлама ауқы­мында біз қазір 10 267 кәсіпкерге шағын несиелер беруге қол жет­кіздік. Бағдарлама одан әрі қарай жалғасын табуда.

«KMF» компаниясы кәсіпкер­лерге несие беру мәселе­сінде клас­­сика­лық тәр­тіп­­ті ұс­та­нады. Яғни не­сие ал­ған адам өзінің жеке кәсібін ашып, пайда тауып, өзінің әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасауы қажет. Сонымен бірге біз тұрғындарды шағын несиелермен қамтамасыз ету мәселесінде заманауи IT шешімдерді кеңінен пайдаланамыз. 2014 жылы біздің несие алушы клиенттерімізбен жұмыс істейтін барлық сарапшыларымыз интернет желі­сіне қосылған планшеттермен қамтамасыз етілді. Біздің қыз­мет­­керлеріміз клиенттермен жұ­мыс істеген кезде оларды әуре-сарсаңға салмай мәселені тез әрі адамдарға ыңғайлы түр­де шешеді. Түсіністікпен жүр­гі­зілген осындай игі бастама біздің клиенттермен атқарылатын жұмысымыздың тиімділігін 2,5 есе арттыруға мүмкіндік берді.

– Микроқаржыландыру на­рығында атқарып жатқан жұ­мыстарыңыздың ауқымына тәнті болдық. Енді алда тұрған мін­деттеріңіз хақында не айтасыз?

– Әрине қол жеткізген жетіс­тіктерге тоқмейілсіп қалуға бо­л­майды. Біздің компания алдағы уақытта еліміздің экономикасын гүлдендіріп, қаржы саласында өзінің лайықты орнын алу мақ­сатында кешенді жұмыстар атқаруды жоспарлап отыр. Бұл ретте біз көрші және алыс шетел­дердегі әріптестеріміздің жұмыс тәжірибесін жан-жақты сараптан өткізіп, тиімді тұстарын өзі­міздің жұмысымызда кеңінен пайдалануға басымдық беріп ке­леміз. Осы ретте қазақстандық ми­­кро­­қаржы ұйымдары еліміздің қар­жы нарығында нарыққа және клиенттерге кедергі келтірмейтін басқа да қызметтерді атқаруға пісіп-жетілді деп ойлаймын. Мә­селен, МҚҰ-лар ақша аудару, валюта айырбастау, коммуналдық төлемдер қабылдау сияқты қаржы нарығы­ның көптеген операциялары бой­ынша жұмыс істейтін жағ­дай­ға жетті. Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан елдері сияқ­ты көр­ші мемлекеттерде, соны­мен бірге Оңтүстік-Шы­ғыс Азия ел­дер­інде МҚҰ-лардың осын­дай қаржы операцияларын көр­сетуіне заңды түрде рұқ­сат берілген. Еліміз бойынша, әсіресе ауылдық елді мекендер­де кең тараған кеңселеріміз ар­қылы біз қазірден бастап бұл жұ­мысты тиімді атқарар едік. Көптеген банктердің шалғай елді мекендерде филиалдары немесе кеңселері жоқ. Сондықтан жергілікті тұрғындарға қаржы операцияларын жасау үшін ірі қалаларға, аудан орталықтарына баруға тура келеді. Ал біз жер­гілікті жердегі кеңселеріміз ар­қылы тұрғындардың сұранысын қанағаттандыра аламыз.

Ұлттық банктің статистика­лық деректері бо­йы­н­ша, ком­па­ния­­мыздың микро­қаржы нары­ғын­дағы үлесі 55 пайыздан асып отыр. Сонымен бірге дуалы ауыз сарапшылар компаниямыздың шетелдік инвесторлармен және несие алушылармен ашық та тиімді жұмыс істейтіндігіне жо­ға­ры баға беріп келеді.

Үстіміздегі жылы өзінің ширек ғасырлық төл мерекесін атап өтетін ұлттық теңгеміз сияқты біз­дің микроқаржы жүйесі де өзі­нің мүшел мерекесін атап өт­келі отыр. Осы жылдар ішінде елі­­­міздің микроқаржы жүйесі эко­номикамыздың алдында тұрған келелі міндеттерді шешуге үлес қосумен бірге, кәсіпкерлердің, әсіресе ауыл­дық жерлердегі ша­ғын бизнес субъектілерінің қаржы са­ласын­дағы сұраныстарын қа­нағаттандыруда өзінің ай­шықты қолтаңбасын қалдыр­ды. Алдағы уақытта да біз тәуелсіз еліміздің тұғырлы қаржы сала­сын­ың алдында тұр­ған келелі міндеттерді шешуде барынша ашық әрі жемісті жұмыс істейтін боламыз.

Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»