13 Қараша, 2018

Тоқсан жыл бұрын Семейде...

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қолымызға төте жазумен жазылған бір парақ үндеухат түсті. Осыдан 90 жыл бұрын басылған бұл үндеу сол кездегі Семей облыстық (губерниялық) «Жаңа ауыл» газетімен бірге ел-жұртқа таратылса керек. Құжат сол заманның қиын бір кезеңінен хабар береді.

Тоқсан жыл бұрын Семейде...

«Жаңа ауыл» газетінің №17-сіне қосымша

Семей губернесіндегі барлық еңбекшілерге
Губернелік атқару комитетінің, губернелік кәсіпшілер кеңесінің және Семейдің қалалық кеңесінің

ҮНДЕУІ

Семей губернесінің өз үйез­дерінен келгені бар, басқа аудандардан келгені бар, қазіргі уақытта Семей қаласында жұмыссыз­дар бірқатар болып көбейіп отыр. Жұмыссыздардың мұнша көбейіп кетуіне губернедегі салынатын орындарға, әсіресе Түркістан-Сібір темір жолына жұмыскерлер көп керек деген дәлелсіз, алыпқашты хабарлар себеп болды. 

Осы хабарларды естіген­дер­дің біреуі қызметін тастап, біреуі шаруасын тастап Семейге кел­ді де, мұндағы бұрынғы жұмыс­сыздардың санын көбейтті.

Мұндағы жұмыстарға ең­бек биржасында тіркелген жұмыс­сыздардың өздері де жеткілікті еді. Жұмыссыздардың осы сияқ­ты тым көбеюінің арқасында бұрын көрілмеген жұмыссыз­дық дағдарысы болып отыр. Бұл дағдарысты азайту үшін жергілікті кеңес, кәсіпшілер орын­дары барлық қолынан келген шарасын істеп жатыр. Сонда да жұмыссыздар әлі күнге дейін Семейге ағылып келіп жатыр.

Жұмыссыздықты бәсеңдету үшін қолдағы қаражатты ұстап бітіріп, енді губатком қалалық кеңес және губернелік кәсіпшілер кеңесі губерненің барлық еңбек­шілеріне жар салады – жұмысқа кіремін деп Семейге келуді тоқ­­тату­­лары­ңызды сұрайды. Өйт­кені мұнда жұмысқа түсе алмай жүр­ген жұмыссыздар әлі көп, оның үстіне жұмыскер алғалы отырған орындар да жоқ. 

Уаткомдер (уездік атқару ко­ми­теттері – Қ.Қ.), болат­ком­дер (болыстық атқару коми­теттері – Қ.Қ.), ауыл кеңес­тері, бұл ха­бар­­дың мән-жайын еңбекші ел­ге түсіндіруге және үйезден Се­мей­ге жұмыссыздардың келуін тоқ­тату үшін шара қол­дануға тиіс. 

Губатком ағасының орынбасары Медведков
Губернелік кәсіпшілер кеңесінің ағасы Будрейка
Қалалық кеңес ағасы Құлатайұлы

1928 жыл, 28 май (мамыр – Қ.Қ.)

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Семей