Ауыл • 13 Қараша, 2018

Барқытбел баурайында ұлттық парк құрылды

1438 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда Үкімет қаулысы бойынша Шығыс Қазақстан облы­сының Үржар ауданында «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ашылды.  

Барқытбел баурайында ұлттық парк құрылды

Бұл – еліміздегі он үшінші ұлттық парк. Қазақстан Үкі­ме­тінің 2018 жылғы 27 мау­сымдағы №382 қаулысымен құ­рылған парктің ауданы 143 550,5 гектарды құрап отыр. Жалпы, Үржар ауданының жер бедері едәуір күрделі. Ауданның солтүстік жағын Тарбағатай жотасының батыс сілемдері Қарауылтөбе, Ақтас (1316м) және Ақшәулі (1618м) таулары алып жатса, оңтүстік жағын Тарбағатай жотасының оңтүстік ұсақ шоқылы беткейі мен Ала­көл ойысының солтүстік бө­лігі, ал оңтүстік-шығыс бөлігін Бармақ құмы мен Қосай шағы­лы, Көрпебай (568м), Бақты (1273м), Арқарлы және Арасан таулары алып жатыр. Осыған байланысты ауданның жер бедері солтүстік-шығыстан оң­түстік батысқа қарай едәуір еңіс келеді. Аудан аумағында Тар­бағатай жотасының ең биік жерлері Атбас тауы (2263 м)­ мен Тастау (2992м) таулары­ және Тікжолдана, Қызасу, Ақшоқы, Кіші Сырғанақ асу­лары орналасқан. Кен байлық­­тарынан құрылыстық тастар мен кірпіштік саздар бар.

Жаңа ұлттық парк 6 түрлі кластерлік жер телімдерінен тұрады. Тарбағатай таулары­ның оңтүстік баурайы мен Үржар, Қатынсу, Еміл өзендері­нің ал­қа­бын қамтып, соның ішінде Барқытбелдің Зайсан мен Тарба­ғатай ауданындағы бөліктері, Көкпек­ті ауданын­дағы Құлын­жон қорықшасы жаңадан құрыл­ған парктің бақылауына өтті.

Парктің ерекшелігі, онда өсім­діктердің өзге аумақта кез­деспейтін яғни, «Қызыл кі­тапқа» енген 35-тен астам тү­рі бар. Тарбағатай жотасы далалы және шөлді аймақта орналасқандықтан мұндағы өсімдіктер жамылғысы басқа таулы аймақтарға Солтүстік Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Алтай тауларына қарағанда айтарлықтай ерекшеленеді. Онда бүгінге дейін флораның 1640 түрі анықталған. Яғни, дәрілік өсімдіктердің кең тарал­ған бірқатар түрі, атап айтқанда, шырғанақ, мия, итмұрынның бірнеше түрі, шүйгін және т.б. өсімдік түр­лері бар. Тарбағатай жотасында кездесетін кейбір дәрілік өсімдіктерге толығырақ сипаттама берілген. Сондай-ақ жотада айтарлықтай кең таралған дәрілік өсімдіктер қатарында Альберт раушаны, итшомырт, шырғанақ және орал миясының маңызы мен аса бағалы дәрілік қасиеттері жайлы деректер және де өсімдіктердің таралу ерекшеліктері мен хи­мия­лық құрамына, ғылыми медицина мен халықтық медицинада қандай ауруларға дәрілік мақсатта пайдаланылатыны жайлы толық мағлұматтар беріл­ген.

Ұлттық парктің омыртқалы жануарлар фаунасы да бай. Алдын ала алынған дерек­тер бойынша, бұл 376 түрді қам­тиды, оның ішінде өлке­дегі 19 балықтың түрі, қосме­кенділердің екі түрі, бауыры­мен жорғалау­шылар­дың 23 түрі, құстардың 272 түрі, сүт­қоректілердің 60 түрі мемлекет қамқорлығына алынды. Сондай-ақ парктің қорғауында мемлекет аумағында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар, Қазақстанның «Қы­зыл кіта­бына» енген жануарлардың 40 түрі, яғни бауырымен жорғалаушы 1, құс­тардың 33 түрі және сүт­қоректілердің 6 түрі ерекше қорғауға ие болмақ. 

Осы ретте Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төр­ағасының бұйрығымен Әлібек Тоқтау­бекұлы Тоқым­таев «Тарбағатай» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркінің директоры қызметіне тағайындалды. Ол 2004 жылдан бері Батыс-Ал­тай мемлекеттік табиғи қоры­ғының директоры қызметін атқарған болатын. 

Табиғи парктың ашылуы аудандағы жұмыссыздық мә­се­лесін шешуге де септігін ти­гізді. Бүгінде аудан көлемін­де 140-қа жуық адамды жұ­мыс­пен қамтыды. Мекеме дирек­торының айтуынша, келешекте 200-ден астам адам жұмыспен қамтылатын болады.

– «Тарбағатай» мемлекеттік ұлт­тық паркінің негізгі мақса­ты – биологиялық және ланд­шафт­­тық алуантүрлілікті сақ­тап қа­лу, арнайы экология­лық, ғы­лыми, тарихи-мәде­ни және рек­реациялық құнды­лы­ғы бар табиғат қорғау мақсаттары үшін мемлекеттік табиғи резерв­тік қордың бірегей табиғи кешен­дерін және объектілерін пайдалану. Бүгінде мемлекеттік ұлттық та­би­ғи парктің алға қойған мақ­са­ты іске асуы, жоспары орындалуы үшін табиғаты тамаша, көрінісі әсем жерлерімізге кордондар салынуда. Келешекте туристер тамсана тамашалайтын, келушілер легі толастамай жататын күн туып, туризм саласынан қаржы табудың жол­дары да қарастырылуда», дейді парк директоры Әлібек Тоқымтаев.

Қазіргі кезде мекемеге қажетті 2 дана ГАЗ 33081 өрт сөн­діру көлігі, 2 дана  УАЗ 390995-04 автокөлігі, 4 дана УАЗ хантер 409050 техникаларымен жабдықталды. Қасиетті Барқытбел баурайын­дағы Үржар ауданында­ ұлт­­тық парктің ашылуы – Қазақ­станның көрікті де көркем та­биғатын қорғап, көздің қара­шығындай сақтауға зор мүм­кіндік береді. Табиғатқа қажет­тілікті өтеу объектісі емес, жанды нәрсе атаулының бір­тұтас тір­шілік ортасы ретінде қа­райтын мезгіл жетті. Бұл жайында заманымыздың ғұлама ға­лым Жан Дорст былай деп­ жазған болатын: «Адам бойын­да жабайы табиғатты сақ­тау үшін ұмтылуға қажетті объек­тивті себептер жетіп-артылады. Алайда, түптеп келгенде, та­биғатты тек сүйіспеншілік қа­на құтқара алады. Адам бұл дүниеде сұлулықсыз өмір сүре алмайтындықтан, қоршаған ортаны сәл де болса сүйіп, қас­терлей білген жағдайда ғана, табиғат өзіне төнген қауіп-қатер­ден құтылады».

Зухра НҰРЖАНҚЫЗЫ,

журналист

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы