Аймақтар • 13 Қараша, 2018

Маңғыстау облысында «Мемлекеттік қызмет мектебі» ашылды

388 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында «Мемлекеттік қызмет мектебі» ашылып, ішкі істер органдары, сот және прокуратура өкілдері студенттерге дәріс оқуды бастап кетті. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстау облысында «Мемлекеттік қызмет мектебі» ашылды

Мектептің ашылуында сөз сөйлеген агенттіктің аумақтық департаменті басшысының орынбасары Қайрат Байгебаевтың айтуынша, жоғарғы оқу орындарының ішінде 26 студент аталған мектептің тыңдаушысы болуға ниет білдіріп, 19-ы алдын-ала конкурстан сүрінбей өткен.

Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру мақсатында қолға алынған жоба аясында, студенттерді түрлі іс-шаралар мен оқыту курстарын, мемлекеттік органдарда тәжірибеден өтуін ұйымдастыру және үкіметтік емес ұйымдардың қызметімен таныстыру көзделген.

Болашақ көшбасшылар оқуын аяқтағаннан кейін, белгіленген мемлекеттік мекемелерде бір ай көлемінде іс-тәжірибеден өтеді. Аталған кезеңдерден өткен соң мемлекеттік қызмет мектебінің түлектеріне білім ордасын аяқтағаны туралы арнайы сертификаттар беріледі.

- Студенттер ҚР Конституциясын, еліміздің тарихын білу бойынша тест сұрақтарына жауап беріп, әңгімелесу кезеңінен өтті және өздері туралы мотивациялық эссе жазып, кабылдау комиссиясының оң шешімін алды. Ал комиссия құрамына департамент қызметкерлерінен бөлек, қоғамдық ұйым өкілдері кірді. Мемлекеттік қызмет мектебінің тыңдаушылары мемлекеттік қызметшінің Әдеп ережесін сақтауы, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, құқық қорғау органдарының және сот жүйесінің қызметімен танысу тақырыптарында оқытылатын болады, дейді Қ. Байгебаев.

ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалында «Мемлекеттік қызмет мектебі» тыңдаушыларына құқық қорғаушылар дәріс оқуды бастап кетті. Алғашқы күні ішкі істер департаменті, облыстық сот және облыстық прокуратура органдарының өкілдері студенттердің сұрақтарына жауап берді.

«Адал қызмет – полицияға міндет» деп сөзін бастаған Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Серік Молбаев, ішкі істер органдарының жұмысы туралы айта келе, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Ал, Маңғыстау облысы Соттар әкімшісінің кадр бөлімінің басшысы Қанат Нұрқабылұлы, сот жүйесіндегі реформалар, судья болу үшін қойылатын талаптар және соттан іс-тәжірбиеден өту туралы толыққанды ақпарат берді.  

Сонымен қатар, Маңғыстау облысы прокурорының көмекшісі Серік Әділов, прокуратура органдарының негізгі міндеттеріне Конституция мен заңдардың үстем тұруын қамтамасыз ету, адамның және азаматтың құқықтары мен бостaндықтарын, сондай-ақ қоғaм мен мемлекеттің зaңмен қорғалатын мүдделерін қорғау болып тaбылатындығы туралы түсінік берді.

Агенттіктің аумақтық департаменті басшысының орынбасары Қайрат Байгебаев, мемлекеттік қызмет мектебінде өткізген студенттерге теориялық білімдерін тәжірбиеде сабақтап, пайдалы ақпараттар алды деген сенімде екендігін жеткізіп, озат студенттерге болашақта білікті «заңгер» болып шығуларын тіледі.

Алдағы уақытта студенттерге агенттіктің аумақтық департаментінің өкілдері дәріс оқитын болады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы