Бітімгершілік – биік адамгершілік іс

Еліміздің сот жүйесінде оңды жаңалықтар көп. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының Төрағасы Жақып Асановтың дау-дамай деңгейін төмендету, бітімгершілікті бекемдеу туралы ой-пікірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Егемен Қазақстан
14.11.2018 4516
2

– Жақып Қажыманұлы, «Ел даусыз болмас» дегендей, дау – кез келген қоғамға тән құбылыс. Бүгінгідей өркениетті заманда дау-жанжалды реттеудегі мәдениет, яғни құқықтық мәдениетіміз қандай? 

– Біздің қоғамда дау-дамайды тек сот арқылы ғана шешу керек деген көзқарас қалыптасып, санамызда берік орын алған. Сәл дау туындаса, дереу сотқа жүгіреміз. Екі арадағы мәселені сот алаңына шығарып, сол арқылы бас пайдамызға шешкіміз келіп тұрады. Ащы болса да шындық қымбат. Даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екі тараптың талаптарын бірдей қанағаттандыра алмайды. Дау қолданыстағы заңды қолдана отырып шешілуі тиіс. Мысалы, отбасы, ағайын, дос-жаран, көрші-қолаң арасындағы талас-тартысты сот таразысына салу қаншалықты дұрыс? Бір сәт ой елегінен өткізіп көрейікші. Сотқа арыз бердік делік. Әрине сотқа жүгіну – заңды құқығымыз. Десек те берген арызымыздың одан әрі қаралу жолы қандай болмақ? 

Біріншіден, біраз уақыт әуре-сар­саңға түсеміз. Іске нүкте қойылғанша бір емес, бірнеше сот отырысы өтуі мүмкін. Шағымдар облыстық, тіпті Жоғарғы сотқа жетіп жатады. Қайта-қайта жұмыстан сұранып, кәсіпті тоқтатып, жеке тірлікті ысырып қоюға тура келеді. Екіншіден, сот – үлкен шығын. Мемлекеттік баж төлейміз, сот шығынын өтейміз, жол қаражаты бар, заңгерлерді жалдаймыз. Мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес. Дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінсек, оларда дауды шешу уақыты бізден де ұзақ, сот шығыны бізден де қымбат. Сондықтан оларда даудың саны көп емес. Себебі шетелдіктер сотқа барарда жүз ойланып, мың толғанады. Үшіншіден, осыншама қиындықтан өтсек те дау пайдамызға шешілетініне ешкім кепілдік бермейді. Керісінше, туған-туыс, дос-жаран, қыз­меттесімізбен екі арадағы қарым-қа­тынасқа, сыйластыққа, әріптестікке нұқ­сан келеді. Ұзақ жыл қасықтап жинаған абыройды бір сәтте шөміштеп төге салған кімге пайда?!

Себебі сот – дау алаңы. Ондайда абырой-беделді, адамгершілік пен имандылықты жиып қойып, амал жоқ, айтысуға, таласуға, тартысуға мәжбүр боламыз. Көп жағдайда ашуға беріліп, бір-бірімізге ауыр сөздер айтамыз. «Ашу – дұшпан» дегендей, кешегі туыстар бүгінгі жау, кешегі достар бүгінгі қасқа айналуы мүмкін. Мұның алдын қалай алуға болады? Әрине «ақыл – дос» деп халқымыз бекер айтпаған. Құқықтық қоғамда өмір сүргеннен кейін адамдар кез келген қарым-қатынасты дауға ұластырмауға тырысулары қажет. Ел арасында «ауруды елемеген өледі, дауды елемеген төлейді» деген сөз бар. Даудың алдын алу үшін, қандай да бір құқықтық қарым-қатынас жасаудың алдында, олар кәсіби заңгерлердің көмегіне жүгінгендері жөн. Ал дау туындағанда ең дұрысы, татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі тарап та ұтады. Уақыт пен қаржы үнемделеді. Көршілестік, туыстық, достық қарым-қатынас нығаяды. Жүйкеге салмақ түспейді, абырой-беделіміз сақталады.

– Дауларды бейбіт түрде шешу және қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендету үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Басты бағыт – Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. 

Жыл басынан бері Жоғарғы сотта 7 топ жұмыс істеуде. Қазір «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Сапалы нәтиже», «Оңтайлы орта», «SMARTСОТ», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағдарламалары іске асуда. Осы топтар оншақты заң жобасын әзірледі. Оларды Парламентке енгізу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен келісулер жүргізілуде. 

Заң дайындау жұмыстарымен қатар, өңірлерде Татуласу орталықтары ашылуда. Онда кәсіби медиатор, психолог, конфликтолог, адвокат, нотариус, сот орындаушылары, заңгерлер жұмыс істейді. Мақсат – келіссөз жүргізудің тиімді жолдары, екі жаққа қолайлы шешім іздеу және ұсыну.

Сотта татуласу. Мысалы, кәсіпкер бір мекемеге қызмет көрсетті делік. Бірақ, ақшасын ала алмай, әуреге түседі. Басшысына кіре алмайды. Сон­да кәсіпкер не істеуі керек? Сотқа жүгі­ну­ден басқа амал жоқ. Ал сот ұзақ әрі қымбат процесс. Оңтүстік Корея­да мұндай жағдайда кәсіпкер баж­дың тек 25 пайызын төлеп, сот ар­қы­лы мекеме бастығын келіссөзге оты­руға мәжбүрлейді. Мекеменің қарызы бар екені анық болса, судья дереу бұйрық шығарып, төлеуге мін­дет­тейді. Немесе өздері бітімге келеді. Осын­дай тәжірибелерді біздің де заңдарға енгізсек деген ойымыз бар.   

– Қалай ойлайсыз. Дауды шешудің тиімді әдісі бар ма? 

– Неге  болмасын? Дауды шешудің ең тиімді әдісі – татуласу. Бірақ, соттарда істер саны еселеп өсуде. 2016 жылы судьялар 1,7 млн, 2017 жылы – 2,7 млн іс пен материал қараса, 2018 жылы 3,8 млн іс пен материал қаралады деген бол­жам бар. Адам басына шаққанда әр­бір бесінші азаматтың дау шеңберіне тар­тылып отырғанын аңғаруға болады. Бұл жөнінде Елбасымыз өзінің Жол­дауында нақты атап көрсетті.

Жалпы, дамыған елдерде даудың 80-90 пайызы бітіммен аяқталады. Ұлыбритания, Канада, т.б. елдерде дау көбінесе медиация тәртібімен шешіледі. Тек бітіммен шешуге келмейтін, күрделі даулар ғана сотта қаралады. Сотқа жүгіну өте қымбат. Сол себепті тараптардың көбі алдымен сотқа емес, медиаторға жүгінеді. 

Бізде жағдай өзгеше. Дауды сотсыз шешу әдісінің артықшылығы бола тұра, ол тәсіл аз қолданылады, тіпті сот тәжірибесінде 2-3%-ға да жетпейді.

– Мұның себебі неде?    

– Оның себебі әртүрлі. Медиация институтын жетілдіру жұмысы жүйе­лен­беген. Медиацияны қолдану тек соттың жұмысы деп түсінеміз. Дау­ды сотсыз шешу әдісін білмейміз. Келі­сім­ге келу мәдениетіміз төмен. Осы кем­ші­ліктерді жою үшін үгіт-насихат жұ­мыс­тарын жүргізіп, дауды шешудің балама әдістерін үйретіп, өңірлерде Татуласу орталықтарын ашудамыз. Тағы бір себеп – бізде сотқа жүгіну өте арзан. Мысалы, ажырасу жөніндегі талап арыз беру үшін теңгемен санасақ, Беларусьте 15 мың, Украинада 19 мың, ал Қазақстанда небары 72 теңге. Даулардың 35% – мүліктік емес. Солар бойынша мемлекеттік баждың құны 1203 теңге. Әрине, осылай болған соң көбісі медиаторға емес, бірден сотқа барғанды жөн көреді. 

– Өмір болған соң кейде достар арасында дау кездесіп жатады. Бірлесіп кәсіпкерлікті бастап, жұмыстары алға басқан соң түсінбеушілік туын­дайтын оқиғалар аз емес. Сондай сәттер жеке өзіңізде кездесті ме?  

– Әрине, ондай мысалдар баршылық. Тек менде емес, кез келген адамнан сұрасаңыз, сондай жағдайлар туралы айтып бере алады. 

Мәжіліс депутаты болған кезде біраз адамға жұмыс орнын беріп отырған екі кәсіпкердің арасында дау туындап, соттасуды бастайды. Екеуін шақырып алып, сөйлестім. Қарасам, екеуінің де кінәсі бар. Сотқа жүгінсе, әділ шешім табуы екіталай. Сондықтан «ортақ шешім іздеңдер, ашуға берілмеңдер, сөйлесіңдер, арыздарыңды қайтарып алыңдар» дедім. Өйткені, шағын қала, араласатын, баратын орталары бір. «Сотқа жүгінуге асықпаңдар. Сенім жоғалады, бизнестерің тұралайды, абыройдан жұрдай боласыңдар. Сол керек пе сендерге? Сабырмен шешіңдер» деп кеңес бердім.

Бір-екі айдан кейін олар «Айт­қа­ны­ңыз жақсы болды. Татуластық. Абы­ройымызды сақтап, күш-жігерімізді кәсібімізге жұмсап жатырмыз» деп айтты. Олардың сыйластықты сақтап қалғанына мен де қуандым.           

Осыған қатысты бір ой. Көбінесе кәсіпті бастамай тұрып негізгі шарттарды егжей-тегжейлі белгілеп алмаймыз. Ауызша айтып қоя саламыз. Әрбірі өз түсінігін басшылыққа алады. Әрекетін құжат арқылы реттемейді. Қағазға түсіруді ұят көреміз, сенімсіздік қой деп мән бермейміз. Осындай кем­шілігіміз ертең міндетті түрде дауға әкеп соғуы мүмкін. Екі ортада дауды шешіп беремін дейтін ақыл айтушылар да пайда болады. Бұл олардың табыс көзі болуы мүмкін.

– Даулардың көбісі отбасылық даулар, соның ішінде мүлікті бөлісу туралы. Оларды сотсыз шешу жолы қандай? 

– Қызмет бабында аталған даулардың біразымен кездестім. Кезінде абыройлы, атақты деген кісілердің балалары, туыстары дүние-мүлікке таласып, бет жыртысып, бірін-бірі көре алмай кеткен жағдайлар көп. Бұрын айрандай ұйып отырған беделді әулеттің абыройы төгіліп, соттасып жүргені ыңғайсыз. Солардың арыздарын шешу барысында «әке-шешелері қандай керемет тұлғалар еді, бүкіл халық білетін, ел сыйлайтын, ал балаларының істеп жүргені тіпті ақылсыздық» деген ойға келіп, іс-әрекеттеріне қатты күйінетінмін.

Бір отбасының отағасы өмірден өтті. Балалары арасында келіспеушілік пайда болып, үлкен дауға ұласу қаупі туындайды. Себеп – қалған дүние-мүлікті бөлісу. Ойлана отырып, оларға хат жаздым. Қайтыс болған кісінің тынбай еңбектеніп, артына мол мұра қалдырғанын, күндіз-түні жұмыс деп жүріп, тіршіліктің қызығын көре алмай кеткенін айттым. «Араларың суып кетсе, оның ұяты бүкіл әулетке келеді ғой. Сол мүлікті бөлісеміз деп жүріп, ардақты әкелеріңнің атына кір келтіріп алмаңдар» деген ойымды жеткіздім.

– Хаттың пайдасы болды ма? 

– Болғанда қандай. Олар хатты оқып, көңілдері босап, бір-бірінен кешірім сұрап, бірін-бірі жұбатып, «шынында да елге мазақ бола жаздаппыз ғой» десіп, ортақ шешімге келу жолын іздестіре бастады.   

– Бар мәселені ақылмен шешкен жөн дейсіз ғой. 

– Меніңше, кез келген мәселені ақылмен, сабырмен шешкенге не жетсін. Бес күндік өмірде сыйластық, тату­лықтан қымбат ештеңе жоқ. Дүние-мүлік бауырдан артық емес. Ағайынның басы қосылмай қалса, оның зардабын келешекте балалары тартады, араласуды қояды. Сонда болашақ ұрпаққа қандай өнеге көрсетеміз?

– Ойыңызды түсіндім. Хат жазу татуластырудың тиімді әдісі екенін айттыңыз. Бұған қатысты сізде мысалдар көп сияқты.

– Әрине тек өз басымнан өткен жағ­дай емес. Естігенім де бар. Адам ара­сындағы біраз шиеленісті хат арқылы ше­шуге болатынына сенімдімін. Өйт­кені эмоцияға берілген адамдар ашу үстінде бірін-бірі тыңдамайды, мойын­дамайды. Ал, хат жазу барысында өзің жеке отырып, орын алған жағдайға ақылмен, сабырмен баға бересің.

Бір мысал. Күйеуі мен әйелі 20 жылдан астам отасқан. Шаңырақ құрғанда тұрмыстары төмен болатын. Жастары елуден асып, аяқтарына нық тұрған шақ­та күйеуінің жас әйел алғысы келе­ді. Әйелі өзіне тиісті мүлікті алу үшін сотқа барайын десе, мемлекеттік баж төлеу, заңгерді жалдау дегендей оған біраз қаржы қажет. Қатты қиналып, хат жазайын деп шешеді. Онда өмірде бір­ге бастан кешкен жақсылықтарды, екеуі­нің қандай қиыншылықтарды бас­тан өткізгенін, отбасы, балалары үшін тыным таппай еңбектенгендерін жазады. Енді елеулі жасқа келгенде далада қалғанына күйінеді. Екеуінің соттасып жүргені балаларына да абырой әпермесі анық. Сол себепті күйеуінің ойланып, дұрыс шешім қабылдауын өтініп сұ­рай­ды. Хатты оқыған соң, күйеуі қатты ойланып-толғанып, ақылға салып, дау­лы қатынастарын сотсыз реттеген, сұрағанын берген. Қашанда аталы сөзге тоқтаған халықпыз ғой. Тек жүрек кілтін таба білуіміз керек.

– Елбасы халықтың сотқа деген сенімін арттыру туралы тапсырма жүктеді. Осы бағытта қандай нақты жұмыстар жасалуда?

– Халықтың сотқа сенімін арттыру – өзекті мәселе. Бұл бағытта жаса­лып жатқан жұмыстар баршылық. Біраз қанатқақты жобаларымыз өз нәти­желерін беруде. Сол нәтижелерді іске асыру үшін заңдарға түзетулер мен өзгерістерді енгізу туралы жобаларды дайындадық. Мазмұны мынадай:

1. Кадр мәселесі. Елбасы сот жүйесіне бірде-бір кездейсоқ адам өтпеуі тиіс деді. Жоғары Сот Кеңесімен бірлесіп биыл жаңа HR-технологияларын ен­гіздік. Судьялыққа үміткер заңдарды біл­геннен бөлек сауатты жаза білуі, жазғанын жете түсіндіре білуі тиіс. Психологиялық тест арқылы үміткердің сот жүйесіне келу ниетін байқаймыз. Қатаң іріктеуден кейін ғана судья лауазымына жол ашылады. Бұрын әрбір төртінші үміткер конкурстан сәтті өтіп, судья болып тағайындалса, талап кү­шей­геннен кейін үміткерлердің 2-3%-ы ғана судьялыққа қол жеткізуде.

2. Сот шешімдері көбінесе қиын, тү­сі­ніксіз тілмен жазылады. Оның үсті­не шешімді жариялаған соң судья оны түсіндірмей, залдан дереу кетіп қала­ды. Сондықтан Нормативтік қаулы қабыл­дау арқылы сот актісінің мазмұны, құ­ры­лымы, тіліне қатысты тиісті талаптар­ды бекіттік. Енді үкімнің, шешімнің, қау­­лы­ның мазмұны қарапайым адамға тү­сі­­нікті тілде жазылып, тараптардың кел­­тірген әрбір уәжіне жауап беріледі. Со­ны­мен бірге судьялар өз шешімдерін жа­рия­лаған соң сот залында не себеп­тен осын­дай шешімге келгенін тара­птарға тү­сін­­діруге міндетті. Осы талап 1-қыр­кү­йек­­тен күшіне енді. Қазір сот шешім­де­рі­не жо­ғары сатыларға шағымдану азайды. 

3. «Жеті түйін» бағдарламасындағы «Үлгілі сот» және «Әділ процесс» деген жобалар Сарыарқа аудандық сотын­да қанатқақты режімде іске асуда. Жұртқа ыңғайлы болу үшін фронт-кең­се ашылып, сотқа келушілерге барынша қолайлы жағдай жасадық. Кеңсе ашық, кедергісіз қызмет көрсе­ту­де. Ресеп­шн-консультант маман келу­ші­лерг­е барлық шараларды түсіндіреді. Зал­да Wi-Fi, гаджеттер үшін қуат көз­дері бар. Электронды кезек жұмыс істей­ді. Бейне­байланыс орнатылған. Келу­ші­лер­ге ақпараттық кабинет, медиатор, адво­кат, татуластырушы судья қызмет көрсетеді.

Сарыарқа аудандық сотының үлгі­сі­мен республиканың 20-дан астам сот­тарында бірыңғай дизайндағы фронт-кеңселерді аштық. Жұмыс жал­ғаса береді. Елбасының тапсырмасы бойынша айтылған жаңашылдық­тар сотқа деген ел сенімін арттыруға, озық электронды қызметті көрсетуге, соттардың жұмысына заманауи форматты енгізуге мүмкіндіктер береді. 

4. Өңірлерде Соттан тыс татуластыру орталықтары ашылуда. Қазір мұндай орта­лықтардың саны 25-ке жетті. Мы­салы, Қызылорда қаласындағы ор­талықта 6 маман тек татуласу ресі­мімен айналысады. Жергілікті әкімдер де осындай үлгімен жұмыс жасаса, орталықтардың қызметіне сұраныс артады, халық та үлкен сеніммен барады.

5. Татуласумен айналысатын арнайы судья бар. Мұндай судьялар саны – 81. Мысалы, Астананың экономикалық сотында аталған судьяның көмегімен істердің 72 пайызы бойынша тараптар бейбіт келісімге келуде.

6. Судьялар біраз уақытын техника­лық, процестік емес жұмысқа арнайды. Шетелдерде мұндай жұмыспен судья­ның көмекшісі айналысады. Осы мәселені шешу үшін ішкі резерв есебі­нен судьяның көмекшісі лауазымын енгізуді қолға алдық.

7. Виртуалды сот жүйесін енгізу жос­парда бар. IT-сервис арқылы сот отырысына кез келген аймақтан қатысуға болады. Мысалға, әркім өз үйінде немесе жұмыс орнында отырып-ақ сот процесіне қатысуға мүмкіндігі бар.

8. Отбасылық сот құру жобасы қанат­қақ­ты түрінде қыркүйекте басталды. Сон­дай санаттағы істерді қарайтын 53 судья белгіледік. Аталған істердің 41 па­йызы бойынша тараптар ортақ келі­сімге келуде. Соның нәтижесінде қаншама отбасын татуластыруға қол жеткізілді.

9. Түнгі соттар. Жол-көлік оқиғасы­нан кейін сақтандыру төлемін алуға 100 күн кететін. Осы мерзімді түнгі соттарды енгізу арқылы 7 есеге азайттық.

10. Жуырда Жоғарғы сотта Қабыл­дау орталығын ашамыз. Онда күн са­йын Жоғарғы сот азаматтарды арыз-ша­ғымдары бойынша қабылдайды. Қазір қабылдау ережесі дайындалып жатыр.

11.  Ақтау үкімдерінің саны көбейді. Өт­кен жылдың 9 айында 74 адам ақтал­са, биыл 194 адам ақталып, ақтау үкім­дерінің саны 2,6 есеге көбейді. Ақтау ұсақ құқық бұзушылық емес, ауыр қылмыс бойынша орын алып отыр.

12. Цифрландыруға қатысты жобалар да баршылық. Сервистерді электронды фор­матқа көшірудеміз. Сот залдары элек­тронды болмақ. Сот отырыстарын да он­лайн-режімге қайта жабдықтау ойда бар. IT-аналитика арқылы халық сот төре­лігінің болашағын болжауға мүм­кін­дік алады.

Бұл қанатқақты жобалар Елбасы Жол­дауындағы сот жүйесіне жүктел­ген тап­сырмалардың орындалуын қамта­масыз етеді. Атап айтсақ, соттардың заманауи түрлері мен озық цифрлық технология­ларды енгізу, артық уақыт пен қаржы шығындарына алып келетін сот процедурасын қысқарту, т.б. өз шешімін табады. Үкіметпен бірге осындай кешенді шаралар қабылдаймыз.

– «Хабар24» телеарнасынан 6 қа­ра­шада «Дело особой важности» хабарын көрдік. Бағдарлама туралы айтып өтсеңіз.

– Бұл ғылыми-танымдық бағдарлама. Сол күні сағат 18:20-да бірінші хабар берілді. Енді апта сайын эфирге шығады. Сарапшы-заңгер Жоғарғы соттың прак­тикалық қызметіне журналистік зерттеу жүргізеді. Онда соттар үшін бағдар болатын құқықтық ұстаным, төменгі сатыдағы кемшіліктерді жою жолы, мораль және заң нормаларына бағыну, т.б. мәселелер қамтылмақ.  

– 21 қарашада елордада «Қазмедиа» орталығында «Әділет алаңы» деген жаңа фильмнің тұсаукесері өтпек. Фильмнің ерекшелігі неде?

– Бұл судьяның жұмысына қатысты алғашқы отандық туынды. Әділдік пен заң­дылық туралы. Заңды бұзу арқылы әділдік орнатуға болмайды. Заңды сыйлайтын қоғамда ғана адамдар келешегін уайымдамайды, балаларының болашағы­на алаңдамайды, кәсібін еркін жүргізе­ді. Заңды құрметтейтін мем­лекет қана алға жылжиды, дұрыс дамиды. Фильм­дегі басты идея осы. Сот процесіндегі іс­тер нақты өмірден алынған, шынайы фактілерге құрылған. Меніңше, фильм өте тартымды, әсерлі, мазмұнды шықты.

Жалпы, отандық сот жүйесіне жүк­тел­ген басты мақсат – халық сенімін арт­тыру. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Біліктілігіміз бен тәжірибемізді сот жүйе­сіне жүктелген осы міндеттерді сәтті жүзеге асыруға жұмсаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 

Нұрлан ҚАЛҚА,

 журналист

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

11.12.2018

Маңғыстау облысының әкімдігі Халықаралық жасыл технологиялар орталығымен меморандумға қол қойды

11.12.2018

Алматы облысында «Маревен Фуд» зауыты іске қосылды

11.12.2018

Жерлесіміз УЕФА Атқару комитеті мүшелігіне ұсынылды

11.12.2018

Ақтөбе облысының жастары сарапшылармен бірге Президент мақаласын талқылады

11.12.2018

Талғар агробизнес және менеджмент колледжі 100  жылдығын атап өтті

11.12.2018

Қазақстандық автоөнеркәсіп саласына ірі инвестор келді

11.12.2018

Дональд Трамп Қазақстанды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

11.12.2018

Қ.Тоқаев Чехия және Жапония елшілеріне алғыс білдірді

11.12.2018

Қазақстанда ойнайтын үш футболшы Арменияның үздігі атануға үмітті

11.12.2018

Аян Бейсенбаев «Жыл спортшысы» атанды

11.12.2018

Теміртас Жүсіпов: Жылдың үздік боксшысы атағын аламын деп ойламадым

11.12.2018

Елбасы қазақстандық өнім шығаратын үш кәсіпорынды іске қосты

11.12.2018

Ж.Қасымбек әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады

11.12.2018

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 2,9%-ға артты - А.Евниев

11.12.2018

Биылғы мемлекеттік бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды

11.12.2018

Үкіметте жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау барысы қаралды

11.12.2018

Н.Нығматулин Чехияның Қазақстандағы Елшісі Э.Жигованы қабылдады

11.12.2018

ЖІӨ тұрақты өсімі үш ай бойы 4,1% деңгейінде сақталып отыр - ҰЭМ

11.12.2018

Алматыда мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды

11.12.2018

Таразда сатушысы жоқ дүкен ашылды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Qazaqtyń jylqytaný ilimi

Memleket basshysy Nursultan Nazarbaevtyń «Uly da­­lanyń jeti qyry» atty maqalasynda, «Atqa miný mádenıeti men jylqy sharýashylyǵy jer júzine Uly daladan taraǵan» degen toqtamdy pikir aıtylypty. Rasynda da, Elbasy atap ótkendeı jylqy mádenıeti men atty miniske úıretýdiń dara tehnologıasy uly dalada qalyptasqany anyq. Iаǵnı, jylqy mádenıetiniń san ǵasyrlyq qalyptasý, damý kezeńderi bıologıalyq jolmen júrgizilgen. Qazirgi tilmen aıtsaq, jylqytaný kóshpeli qoǵamnyń álmısaqtan qanyna sińgen tól óneri hám genetıkalyq jadysynyń keremet týyndysy.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Táýelsizdiktiń tańǵajaıyptary

О́tken joly jazǵan baǵanymyzda («EQ», 21.11.18) Táýelsizdiktiń arqasynda qazaq jastarynyń sporttyń elıtalyq túrlerinen álemdik dodalarda tek sońǵy jyldary ǵana top jaryp jatqan birneshe mysaldaryn keltirgen edik. Sonymen birge qazaq ánderimen, ulttyq áýenmen álemdi aýzyna qaratyp júrgen ánshilerimiz týraly da jazǵanbyz. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Jekemenshik teatrlar jaıy

Jalpy, kez kelgen halyqtyń mádenıeti men rýhanı damý deńgeıi teatr salasyndaǵy jetistikterimen ólshenetini tarıhtan málim. О́rkenıetti memleketterdegi bir ǵana qalanyń ózinde teatr sany 200-den asyp jyǵylatyndyǵy sonyń buljymas dáleli bolsa kerek-ti.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Aqparattar aýqymyndaǵy aqıqat

Taıaýda Almatyda ótken medıaquryltaıda Qazaqstandaǵy buqaralyq aqparat qural­darynyń qazirgi jaı-kúıi keńinen áńgime boldy. Mamandar tarapynan aıtylǵan pikirlerge qulaq qoıar bolsaq, sońǵy jyldary qazaqstandyq BAQ-tyń, ásire telearnalardyń reıtıngi aıtarlyqtaı túsip ketken. Máselen, 2013 jyldan bergi aralyqta bul kórsetkish 22 paıyzǵa tómendegen eken. Onyń sebebi nede?

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері

Halyq sózinde birtutastyq, birlik bar

«Halyq» sóziniń mán-maǵynasy óte tereń ekeni barshaǵa málim. Másele – osyndaı saıası astary aıryqsha sózdi qalaı qoldanyp júrgenimizde. Merzimdi baspasóz betterindegi habarlardan,  teleradıo arnalardan, ózara áńgimeden «aýyl halqy», «qala halqy» degendi oqyp ta, estip te júrmiz. Máselen, telearnalardyń birinen «Arshaly aýdanynda 27 myń halyq bar» degendi estidim de, «halyq sózin durys qoldanaıyq» dep, ózimniń oı dápte­rime jazyp qoıdym. Sebebi orys tilinde «narod sela» nemese «narod derevnı», «na­rod raıona», «narod goroda» demeıdi, tipti jazbaı­dy. Bul tilde «naselenıe», «jıtelı», «gorojane», «selchane» deıtinin bilemiz. Biz qazaqsha «aýyl turǵyndary», «qalalyqtar» nemese «qala turǵyndary» desek, ekpini báseń bolyp, birdeńe joǵaltyp alatyndaı, «aýyl halqy», «qala halqy» dep qysqa qaıyramyz. Sonda deımin-aý, qazaǵymyzdy bólip, jiktep, birtutas halyq sanatyna qospaı turǵanymyzdy nege ańǵarmaımyz?!

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу