Қазақстан • 14 Қараша, 2018

Шетелде тегін білім алғыңыз келсе...

862 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Шетелде тегін білім алғыңыз келсе...

Шетелде тегін білім алуға ниетті атыраулықтар үшін жақсы мүмкіндік бар. Облыс әкімдігі мен «Халық­а­ралық бағдарламалар орталығы» АҚ-тың ұйым­дастыруымен Атырауда 12-13 қарашада «International Education Fair» шетелдік жоғары оқу орындарының ірі көрмесі өтуде. Мұнайлы аймаққа әлемнің 40 елінен 200 университеттің өкілдері – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-тың серіктестері келмек. Шарада қазақстандықтардың шетелде тегін білім алулары үшін 20 мың грант ұсынылады. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешовтің айтуынша, көрмеде шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдерімен тікелей сөйлесуге, шетелде тегін білім алу туралы білуге, сондай-ақ білім беру саласындағы мәселелер бойынша кәсіби кеңес алуға болады.  Сарапшылардан гранттар мен стипендиялар туралы ақпарат алуға, көрмеде қолжетімді арнайы ұсыныстарға қатысып, танымал халықаралық емтихандарды табысты тапсырудың басты құпиялары туралы білуге де мүмкіндік бар.

– «International Education Fair» халықаралық білім беру көрмесі Атырау облысының түлектері үшін өте өзекті. Өйткені біздің өңіріміз белсенді қарқынмен дамып келеді, бұл жөнінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша айтуға болады. Бүгінде еңбек нарығында шет тілдерін білетін және шетелдік тәжірибесі бар кең бейінді мамандар сұранысқа ие. Өңірдің одан әрі өркендеуі үшін бізге мықты мамандар қажет. Сондықтан да Атырауда халықаралық білім көрмесін өткізу туралы шешім қабылданды, – дейді облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова.

Елбасы 5 қазандағы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Атырау аймағында Жастар жылына дайындық шаралары бас­талып кетті. Бұл шара да ел ертеңінің келешегі кемел болуы жолындағы бір маңызды қадам болары анық.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ