Спорт • 14 Қараша, 2018

Алматыда дәстүрлі «Болат Тұрлыханов кубогі» өтеді

851 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда 17-18 қараша күндері грек-рим күресінен «Болат Тұрлыхановтың кубогі» өтеді. Айтулы жарыста 10 мемлекеттен келген 100 азулы палуан бақ сынайды деп күтілуде.

Алматыда дәстүрлі «Болат Тұрлыханов кубогі» өтеді

Дәстүрлі «Болат Тұрлыхановтың кубогі» 2015 жылдан бері Халықаралық күрес федерациясының іс-шаралар жоспарына енген. Сонымен қатар Қазақстанда грек-рим күресінен жалғыз мәртебесі бар турнир саналады. Күрес тарихына үңілсек, аталған турнир әлемдік аренада атой салған талай даңқты балуандардың томағасын сыпырған айтулы жарыс екеніне көз жеткіземіз. Бұл ретте ел даңқын асырған Юри Мельниченко, Мкхитар Манукян, Бақтияр Бәйсейітов, Георгий Цурцумия, Нұрбақыт Теңізбаев, Нұрмахан Тінәлиев сынды бозкілем шеберлері осы турнирден қанаттанғанын мақтанышпен айтуға болады. Биылғы турнирге қонақ ретінде Александр Карелин, Камандор Маджидов, Ким Ен Нам, Жақсылық Үшкемпіров және тағы да басқа Олимпиада чемпиондары қатысады.

Айтулы турнирде жеңімпаз деп танылған спортшыларға «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы беріледі. Оған қоса жүзден жүйрік деп танылған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай қомақты сыйақы табысталмақ.

Еске салсақ, Болат Тұрлыханов – Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Семей өңірінде дүниеге келіп, 1956 жылы Қазақ дене шынықтыру институтын тәмамдаған. Саналы ғұмырында талай чемпиондарды баулыған әйгілі бапкердің есімі ел есінде.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ