Қазақстан • 14 Қараша, 2018

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауылында 40 пәтер пайдалануға берілді

521 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының ең шалғай жатқан аудандарының бірі – Жәнібек ауылында бір күнде қоспәтерлік 20 үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жаңа пәтер алғандардың қатарында көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар, ата-анасынан айрылғандар, бюджет саласы қызметкерлері, тағы басқа әлеуметтік осал топ өкілдері бар.

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауылында 40 пәтер пайдалануға берілді

Наурыз көшесінде қаздай тізілген бұл үйлердің маңайы той болардай абыр-сабыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған екіпәтерлік жиырма тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, жаңа иелерін тауып жатыр. Айтулы шараға аудан басшыларынан бөлек, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов арнайы келіпті.

- Құрметті жерлестер! Баршаңызды облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан бүгінгі қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Осынау шараға қатысқаныма өзім де қуаныштымын. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламаларының арқасында өңір, аудан тұрғындары баспанаға қол жеткізуде. Соның жемісін бүгін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Осы тұрғын үйлерді салған мердігерге, оған атсалысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Пәтерлеріңіз құтты болып, іші балалардың шат күлкісіне толы болсын! – деген Миржан Мұнайдарұлы пәтер иелеріне баспана кілтін табыс етті.

Осы күні 4 бөлмелі су жаңа пәтерге ие болған азаматтың бірі Шернияз Шәмшиденов. 39 жасар Шернияз Жәнібек ауылындағы мемлекеттік мекемелердің бірінде қарауыл болып қызмет етеді екен. Бес баланың әкесі. Балаларының алды 7 сыныпта оқыса, келіншегі Надежда екі жасар кенжесін бағып үйде отыр екен.

- Осыдан бес жыл бұрын көп балалы отбасы ретінде тұрғын үй кезегіне тұрып едік. Міне, «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында баспаналы болып жатырмын. Аудан басшыларына алғысым шексіз, - дейді Шернияз.

Жаңа пәтер кілтін тапсырған аудан басшылары қазақ дәстүрімен су жаңа үйлердің біріне кіріп, дәм татып шықты. Бұл – осы өңірге белгілі әнші Шынар Қайыповаға берілген үш бөлмелі пәтер екен.

- Мен Жәнібек аудандық мәдениет үйінде мәдени демалысты ұйымдастырушы лауазымында 17 жылдан бері еңбек етіп келемін. Отбасым, үш баламыз бар. Жергілікті әкімдіктен тұрғын үй сұрап, пәтер кезегіне 4 жыл бұрын тұрған едік. Өте қуаныштымыз. Бұл үйлердің ай сайынғы төлемі де көп емес, 8-9 мың теңге аралығында екен. Биыл Жәнібекте қоныс той көп, - дейді Шынар бізге.

Шынымен де Жәнібек ауданында соңғы екі жылда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Былтыр 104 үйдің құрылысы басталған екен. Үш пәтерлі 8 үй, барлығы 24 баспана 2017 жылы-ақ иесін тапқан. Ал биыл су жаңа 80 пәтер тапсырылып отыр. Бұдан бөлек, бұрыннан тұрған бір ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, тағы 8 отбасы баспаналы болған.

- Жәнібек ауылында биыл тапсырылған 40 үй қанша адамды қуантып, ауылдың да сәнін келтірді. Жәнібек ауылының екі шетінде су жаңа үйлерден екі көше пайда болды. Осыдан бір ай бұрын «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында салынған қоспəтерлі 20 үйдің құрылысын мердігер «Real Stroi Ibvest» ЖШС аяқтап, кілтін тапсырған еді. Бұл құрылысқа 286 млн. теңге қаржы бөлінген. Осы үйлерге инженерлік-инфрақұрылым жүйесін жүргізуге жергілікті бюджеттен 61 млн. теңге қаражат шықты. Ол жұмыстарды «Символ», «Real Stroi Invest» фирмалары атқарды. Ал бүгінгі 20 үйдің құрылысын «Қазқұрылыс сервис» ЖШС атқарып шықты. Бұған ел бюджетінен 298 млн. теңге, инженерлік-инфрақұрылым жүйесін жүргізуге жергілікті бюджеттен 80 млн. теңге қаржы бөлінді. Жаңа үйлердің ауданы – 71 шаршыметр, - дейді Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Біржан Меңешов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»