Руханият • 15 Қараша, 2018

Өнерінің бәсі жоғары өңір

348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау дегенде әдетте мұнай мен балық алдымен еске түседі. Қазыналы өлкеде өнердің де бәсі биік. Биыл мәдениет саласына жергілікті бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінді. 

Өнерінің бәсі жоғары өңір

Мәдениет ұйымдарына автокөліктер алынды, шығар­машылық ұжымдардың сах­налық киімдері мен музыкалық аспаптары жаңартылды. Атап өтер жаңалықтың бірі – Са­райшық қалашығын Жайық өзенінің арнасы шайып кетуінен сақтап қалу мақсатында жағаны бекіту жұмыстары жүргізілді. Атырау қаласы мен Махамбет ауданында екі мәдениет үйі салынды. Қазір өңірде 8 мәдениет нысанының құрылысы жүріп жатыр. 

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қар­масының басшысы Сала­мат Сабырдың айтуынша, Мемлекет басшысының «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аймақта 193 іс-шара іске асқан. «Қ­а­сиет­ті Қазақстан» картасы­на Атыраудан 7 нысан енді. Биыл Махамбет ауданында Махамбет Өтемісұлына арналған ескерткіш тұр­ғы­зылды. Енді облыс орта­лы­ғында Әбу Сәрсенбаев, Қар­шыға Ахмедияров, Ха­мит Ерға­лиевтің еңселі ескерт­кіштері бой көтереді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қазіргі ғимараты толыққанды жұмыс жүргізуге тар болып тұр, сондықтан жа­­ңа ғимараттың тиісті құ­жат­тары дайындалып жатыр. Мемлекеттік архив те ал­дағы жылдары жаңа орынға көшеді. Ендігі мәселе − Дина Нұрпейісова атындағы Қазақ халық аспаптар оркестріне ғимарат керек, қазір осы жайт жергілікті атқарушы биліктің назарында. Сондай-ақ 800 орындық концерт залының құжаттары дайындалды. Өнер, әдебиет салаларының өкіл­деріне арналған шығар­ма­шылық орталық та алдағы жылдары бой көтереді. 

Өңірдегі шығармашылық ұжымдар Үндістан, Македония, Португалия, Түркия, Ресей, Венгрия, Сербия, Франция мем­лекеттеріне гастрольдік сапарға барды. Талантты жастардың талаптарына қолдау көрсетіліп келеді, соның нәтижесінде республикалық, халықаралық бай­қауларға қатысқан 14 өнер­паз бас жүлдені, 30-ға жуығы жүлделі орындарды жеңіп алды. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ