Аймақтар • 16 Қараша, 2018

Тариф көтерілді, сервис деңгейі ше?

374 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде құны 55 теңге тұратын ең төменгі қоғамдық көлік жолақысы Ақтөбеде болатын. Өткен қазан айының аяғында қаладағы жолақы тарифі 80 теңгеге көтерілді. Сондай-ақ зейнеткерлер үшін − 60, 7-15 жас аралығындағы балалар үшін 40 теңге көлемінде белгіленді.

Тариф көтерілді, сервис деңгейі ше?

Автобустардағы жолақы құны өскеннен кейін, бұл өзгеріс жүр­гіншілерге көрсетілетін сервистік қызметтің деңгейіне де әсер етуі керек. Сонымен бір мезетте қызмет көр­сету мәдениеті мен сапасын көтеру қажет. Әрине, мұның өзі бір күн­де немесе бір-екі айда тындырыла қоятын іс емес екені белгілі. Дегенмен, облыс орталығында жүр­гіншілерді тасымалдаумен айна­лы­са­тын бас­ты екі құрылым – «Автопарк» пен «Жолаушылар авто­көлік кәсіпорны» ЖШС-ның өкілдері бұл мәселеге бүгіннен бастап көңіл ау­дарса, ұтыл­масы анық. Салада белгіленген тиісті нормативтер мен талаптарға сәйкес тарифтің көтерілген жағ­дай­ында тасымалдаушылар қоғамдық көлікті GPS-трекерлер секілді заманауи қондырғылармен жабдықтауы керек. Осы арқылы қозғалыс кестесі мен жүру жиілігін біршама реттеуге болады. 

Бүгінде жүргізушілер мен жолау­шылар осы мәселеге байланысты орынды өкпе-реніштерін білдіріп жүр. Редакциямызға хабарласқан тұрғындардың айтуынша, қалалық автобустар көп жағдайда қозғалыс кестесі мен жүру аралығын сақтай бермейді. Әсіресе, жаңбырлы, лай­саң, аязды мау­сымдарда автобус күтушілердің шыдамы таусылады. Облыс орталығының тұрғындары қалалық бағыттар бойынша қызмет көрсететін автобустардың мерзімінен ерте тоқтайтынын айтады. 

Ал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім­і­н­ің басшысы Руслан Төреғали әр бағыт­тың жұ­мыс­ын аяқ­тайтын тиіс­ті уақыты бекіт­іл­генін жеткізді. Бұл орта­лық көше­лердегі басты бағыттарда сағат 22.00-ге дейін бел­гі­лен­ген. Ал қала маңындағы ау­ыл­­дарға қатынайтын бағыттарда бұл уақыт кешкі 20.00-21.00-ге есептелген. Дегенмен, барлық қалалық бағыт­тағы автобустар қызметі аяқ­талуының бір уақытқа сәйкес келе бермеуі жолаушылар тасқынына, яғни оның аздығы мен көптігіне байланыс­ты туындайды. 

Ақтөбе облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Аязбай Османғалиевке хабарласқанымызда, ол алдағы уақытта қалалық бағыт­тардағы аялдамаларда электронды табло орнату ісі қолға алынатынын айтты. Осы арқылы қоғамдық көлік­тердің жүру кестесін жіті зерделеп отыр­уға болады. Қазіргі күні жаңа технология­ны енгізуге қатысты тиісті тал­даулар мен әзірлік жұмыстары жүргізілуде. 

Бүгінде жолаушылар тасымалдау жүйесінде қызмет көрсету мәдениетін көтерудің маңызы жоғары. Бұл өз кезегінде әлеуметпен қатысты қыз­метті әлемдік нормативтер мен стандарттар жүйесіне біршама жақындата түседі. Мәселен, электронды билеттер жүйесін енгізу сияқты қанатқақты жоба кейбір автобустарда қолданыла бастады. Мұндай жағдайда кондук­торлар мен жүргізушілер билет құны­ның белгілі бір бөлігін қым­қырып қала алмайды. Барлық та­­быс жолаушылар тасымалдау кә­сіп­орындарына түседі. 

Бұған дейінгі талдаулар облыс орталығындағы және қала маңындағы бағыттар үшін кем дегенде 400 автобус қажет екенін көрсетеді. Бүгінде бағыттарға шығып жүрген қоғамдық көліктердің саны 300-дің үстінде. Қа­ладағы автопарктерді жаңғырту, жа­­ңа автобустар алу жөн-ақ. Алайда, жолау­шылар тасымалдау ісіндегі бар­лық түйткіл мұнымен шешілмейді. Бұл тығырықтан шығудың басты жол­дарының бірі кейбір қалалық бағыт­тарды оңтайландыру болмақ. Осы орайда қос кәсіпорын арасында біріншісінен екіншісіне ауысып жатқан бағыт­тар да бар. Оңтайландыру ісі­нің басты мақсаты, бір орамдар мен көшелердегі бағыт­тардың санын кө­бейтуден, кей жағ­дайларда оны біріктіруден туын­дайды.

Ақтөбе қала­сында автобус жүр­гізушілері қат. Оның түрлі себебі бар. Соның бірі – жүр­гізушілер жа­лақы­сының төмендігі. Сондықтан тасымалдаушы кәсіпорындар аз­ын-аулақ кем­шілік­тері үшін жүргізу­шілерді жұмыстан шығаруға мүдделі емес. Жүргізушілер қатарының кемуіне қо­ғам­дық ав­то­көлік жүр­гізу құқы да әсер етеді. Мәселен, алдағы уа­қытта D категориясын иелену үшін жүргізушілерге кем дегенде үш жыл уақыт қажет болады, дейді Ақтөбе автопаркінің ресми өкілі Руслан Жыл­қама­нов. Бұл қадам жүр­гізушілердің біліктілігін көтеру және жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында туындап отыр. Жал­пы, тарифт­ің көтерілгені қоғамдық көлік жүр­гізушілерінің жалақы­сын қайта қа­рау­ға әрі оны өсіруге мүмкіндік бер­мек. 

Иә, Ақтөбеде қоғамдық көлік­тердегі тарифтің көтерілгені жүр­гізушілер жалақысының өсуіне ғана емес, сонымен бірге қызмет көрсету сапа­­сының жақсаруына да ықпалын тигізсе игі. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

 АҚТӨБЕ