Қоғам • 16 Қараша, 2018

Ұлттық терминология жайы толғандырады

1129 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ тілінде терминология, термин шығармашылығы, терминжасам – қай кезде де өзектілігін жоғалтпайтын маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе осы сала бо­йынша ізденістер тоқсаныншы жылдардан кейін күрт жанданды. Мамандар да, жалпы қалам ұстаған жазарман қауым да бұл үрдістен тыс қалмады. Бұл әрине заңды үрдіс. 

Ұлттық терминология жайы толғандырады

Тіл жанды құбылыс әрі жалпы халықтың қазынасы бол­ғандықтан, оның заманмен ілесе, кейде ілгері жүріп дамып отыруы қалыпты да қажетті үдеріс. Дегенмен, тек мамандардың ғана араласуын, ғалымдардың ғана ыждағатын қа­жет ететін тілдік қабаттар да бар. Ол біз сөз еткелі отырған – терминология мәселесі. Өйт­кені ерінбеген адамның барлығы жаппай терминші болып кеткен қазіргі кезеңде шет тілдерден енген терминдердің кейде жарыспалы баламаларының қаптап кетуі, тіпті арагідік оқшы­райған рабайсыз атаулардың пай­да болуы, олардың тілімізді байы­тудан гөрі кескінін кетіріп, жадағайландырып тұратыны жасырын емес.

Сондықтан да болар, бұл мәселені Елбасының өзі де бірнеше рет тілге тиек етті. Бұған аса байыппен, ғы­лы­ми дәлдікпен қарауды ұсынды. Осыны естіп алған кейбір науқан­шыл атқамінерлер Елбасы ес­кертуінің байыбына бармай оны ұшқары түсініп, «халықаралық терминдерді мүлдем қазақ тіліне аударуға болмайды, оларды сол қалпынша өзгертпей алу керек» деп аттанға айғай қосып даурығып ала жөнелді. Әлбетте, бұндай ұшқарылық біржақтылыққа ұрындыратыны сөзсіз. Сондықтан асығыстыққа жол бермей, әрбір дүниені салмақтап, байыптап барып, іске кіріскен жөн. 

Сонымен Қазақ тілінің ғы­лым тілі ретіндегі өрісі қайтсе кеңейеді?

Тілдің өміршеңдігінің бас­ты кепілі – оның ғылым тіліне айналуы. Ғылым тілінің ті­регі – терминология. Ұлттық терминология өркен­демей, ұлт тілінің де өріс жая қоюы неғайбыл. Сондықтан тілін ғұмырлы, ел­дігін тұғырлы ету­ді көздеген ұлт бұл мәселеге айрықша көңіл бө­ліп, үнемі назарында ұстайды.

Қазақ тілін ғылым тілі ретінде қолдану мен дамытудың мынадай үш негізгі көзі мен өрісі бар:

- орта мектептердегі, жоғары оқу орында­рындағы бүкіл пәндер мен мамандықтар бойынша оқу құралдарын қазақ тілінде шығару және оның қазақ тілінде оқытылуын қамтамасыз ету;

- ғылымның барша саласы бойынша қазақ тілінде ғылыми зерттеулер жүргізу;

- ғылыми әдебиеттерді шет тілдерінен қазақ тіліне аудару.

Осында аталған ғылым ті­лінің бірінші кө­зіне келсек, орта білім беру жүйесінде бұл мә­селе шешімін тапқан. Мектеп пәндерінің бар­­лығының қазақ тіліндегі оқулықтары бар. Кеңес кезеңінен бері түрлі пәндердің барлығы қазақ тілінде оқытылып, олар бойынша қазақ тілінде салалық ғылыми терминдер жап-жақсы қалыптасқан. Елі­міз­дің қазіргі көптеген танымал ғалымдары, академиктердің басым бөлігі сол ауылдық мек­­тептердегі аталған оқу­лықтардан су­сындап, ғылымның бастапқы негіздерін алған болатын. 

Соңғы жылдары қолға алынған білім реформасына сәйкес елі­міздің орта мектептерінде үш тіл­дік білім беру жүйесін енгізу бастамасы қарқын алып тұр. Бі­лім жүйесіндегі бұл жаңалық бойынша жоғарғы сынып оқу­шыларына жа­­ра­тылыстану пән­дері ағылшын тілінде оқы­­тылмақ. Үш тілде білім беру жүйесін қалып­тастыру, орта мек­­тептерде жаратылыстану пән­­дерін ағылшын тілінде өту бас­тамасы қазақ ті­лінің ғылым тілі ретіндегі қызметін шек­тей­тіні айтпаса да түсінікті. 

Меніңше, бұл жобаның қазақ тіліне тигізер зияны орасан зор болады. Яғни оқушылар ен­дігі жерде жаратылыстану пәндері бо­йынша қа­зақ тілінде ұзақ жылдар бойы қалыптасып, қол­данылып келе жатқан ғылыми терминдерден біржолата ажырайды деген сөз. Сөйтіп осынау реформаның салдарынан қазақ тілінің табиғи дамуы тарылтылып, ол ғылым, білімнен ығыстырылып, отбасы, ошақ қасының ғана тіліне айналдырылмақ. Айдың, күннің аманында мұндай қадамға баруымыз ешбір ақылға сыймайды. Басқаша айтқанда, бұл Конституцияға тікелей қай­шы.­ Ел Конституциясында Қазақ­стан­ның әрбір азаматының мемлекеттік мектепте білімді толықтай қазақ тілінде (мем­лекеттік тілде) алуына кепілдік берілген. Осынау конс­титуция­лық құқықты шектеу адам құ­қығын аяқ­қа таптап, Ата Заңды өрескел бұзу болып табылады. Еш­кімге де мұндай құзырет бе­рілген жоқ. Сондықтан реформашылар бұл жағын да ойлап қойғаны жөн.

Әрине Елбасының үш тұғыр­лы тіл жобасы болашақты көз­деген ойдан туған игі баста­ма. Оны қолдаймыз. Бірақ Ел­басының болашаққа ба­ғытталған, қазақтың тілі мен ойының өрісін кеңейту мақсатындағы озық идея­сының өңін айналдырып, оны қасақана қазақ тілінің қол­данысын тарылту мақсатында пайдалану аяр­лық, қазақ халқы мен қазақ тіліне деген қысастық, зор қиянат деп білеміз. 

Қазақстанда ағылшын тілін үйренуге, қол­дануға ешкім де қарсы емес. Мұны бәріміз де қолдаймыз. Білім және ғылым министрлігі айтпай-ақ, ешқандай насихатсыз-ақ әрбір азамат, әрбір ата-ана өз баласын ақылы не­гізде ағылшын тілін оқытуға әлдеқашан кірісіп кеткен. Бірақ осы жерде ескеретін бір мәселе бар. Ағылшын тілін тіл ретінде оқыту мен пәнді ағылшын тілінде оқыту бар. Біз осы екеуінің арасын айырып алайық. Білім және ғылым министрлігі әдейі жұртқа осы екеуінің арасын ажыратпай ұсыну арқылы көз алдап, елді адастырып отыр. 

Жеке мектептерде, дарынды балаларға ар­налған арнаулы мектептерде мұндай тәжірибені сынақтан өткізуге болар. Ал мем­лекеттік мектептерде жаратылыс­тану пәндерін жаппай ағыл­шын тілінде оқытуға түбегейлі қар­сымын. Сон­дықтан орта мектептерде барлық пәнді толықтай қазақ тілінде оқытуды сақтау керек деп санаймын. 

Арнаулы орта және жоға­ры оқу орында­рындағы маман­дық­тардың қазақ тіліндегі оқу­лықтармен қамтамасыз етілу жайына келсек, мұнда тиісті оқу құралдары әлі де толық емес. Әсіресе жаратылыстану са­­­ла­сындағы ма­мандықтарда қазақ тіліндегі оқулықтар тапшы. Тиісті оқулығы болмаса, одан қандай маман дайындалып шықпақ? Сондықтан Білім және ғылым министрлігі барлық мамандықты қазақ тіліндегі оқу­лықтармен қамтамасыз етуге бағытталған шараларды тез арада қолға алуға тиіс. Бұл ретте қазақ тілінде оқулық дайындау­шы ғалымдарды, ұстаздарды материалдық ынталандыру, қа­лам­ақы төлеу мәселесін шешу керек. 

Екінші, яғни қазақ тілінде ғылыми зерттеулер жүргізу жағы да көңіл көншітерлік дәре­жеде емес. Бұған қазақ тілін­де жүргізілген ғылыми зерт­теулердің, қорғалған диссер­та­­циялардың статистикасына қарап көз жеткізуге болады. Бұл мәселеге де Білім және ғылым министрлігі назар аударып, оны шешудің жолдарын қарас­тыруы, ғылыми зерттеулерді қазақ ті­лінде жүр­гізуді міндеттейтін, ынталандыратын шаралар ке­шенін қолға алуы керек.

Үшінші, ғылыми әдебиеттерді шет тілдері­нен қазақ тіліне аудару жайы соңғы жылдары қол­ға алынуда. «Мәдени мұ­ра» бағ­дарламасы бойынша гу­ма­нитарлық салада бірқатар ең­­бектер аударылды. Елбасы ұсынған «100 оқу­лық» жо­басы бойынша да аударма ісіне сер­пін берілді. Алайда тек 100 оқу­лықпен ғана шектеліп қалуға болмайды. Мұны тек үлкен іске жол ашқан бастама деп түсіну керек. Аударма ісі үздіксіз, тоқтаусыз жүргізіле бергені жөн. Бұл тілді, ғылыми ойды байытудың бірден-бір көзі. Оны ынталандырудың да жолдары көп. Министрлік бұл іске оқытушылармен қатар ма­гистранттар мен докторанттарды да тартатындай тетіктерді енгізсе жөн болар еді. Сол арқылы шет тілінен үздік және сапалы ғылыми әдебиеттерді іріктеп, көптеп аударуға жол ашуға болады деп ойлаймын.

Сонымен шет тіліндегі тер­мин­дерді қазақ тіліне аударуға бола ма?

Соңғы жылдары халықаралық терминдерді ауда­руға болмайды, оларды тұлғалық біті­мін өзгертпей сол қалпында алу ке­рек деген пікір басымдық та­нытып тұр. Бұл ретте мы­надай сұрақтардың сұлбасы бой көр­се­теді. Халықаралық термин дегеніміз не? Олар­ды қандай халықаралық ұйым бекіткен? Халық­аралық терминдерді әлем­дегі барлық ел сол қалпында пайдаланып жүр ме? 

Біздіңше, ел арасында ха­лық­аралық термин атауы қолда­нылғанымен, шын мәнінде, халық­­аралық ұйымдардың ал­қалы жиынында бекітілген халық­аралық терминдер деген жоқ. Халықаралық сау­да палатасының еларалық сау­да-саттық барысында түсініс­пеушілікке ұрынбау үшін сырт­қы сауда саласында қол­да­нылатын бірқатар тер­миндерді бірдей қол­дану мақ­сатында кең пайдаланылатын сауда-сат­­тық терминдерінің сөздігін (Инкотермс (ағылш. Incoterms, International commercial terms)) шығарып отыратын дәстүрі бар. Бұл шектеулі саланы бүкіл терминге телуге болмайды. Демек, ғылыми аяда орныққан, Біріккен Ұлттар Ұйымына мү­ше елдер тарапынан ортақ мә­мі­леге келіп, халықаралық дең­гейде арнайы бекітілген, бар­ша ел оны сол қалпында өз­геріссіз қолдану керек деген ха­­­лықаралық терминдердің тіз­бесі жоқ.

Олай болса, біздің ха­лық­аралық терминдерді қазақ ті­ліне аударуға, оны тілдік заң­дылығымызға сай тұлғасын бе­йімдеп пайдалануға немесе баламасын беруге болмайды деп өзеуреуімізге жол болсын. Әрі-беріден соң біздің халықаралық терминдер дегеніміз арғы тегі латын, грек тілдерінен бастау алатын еуропалық тілдердегі ғылыми атаулар. Олар халықаралық термин, олардың тұлғасын өзгертпей қолдану қажет дейтін болсақ, онда тап сол қалпында алуымыз керек еді ғой. Ал біздің ха­­­­­­­­­­­лық­аралық терминдер деп қол­­данып жүрген атауларымыз бұл терминдердің орыс тілінің заңдылығына сай бейімделген нұсқаларын қазақ тілінде де сол орыс тіліндегі нұсқасынан өзгертпей алып жүрген атаулар емес пе?! Сонда халықаралық терминдерді өзгертпей алу керек дейтін қағида қайда қалды? Әлде ол орыс тіліне жүрмей ме? Әлде орыс тілі халықаралық терминнің басты көзі ме?

Демек, мұндай ниеттегі адам­­­­дардың теріс пиғылы – ха­лық­­­аралық терминдерді ауда­руға болмайды деген желеу­мен қазақ тіліндегі термин шы­­ғар­машылығына шектеу қойып, орыс-еуропа тілдерінің үстем­дігін сақтап қалу. Сондықтан кез келген мәселеге кеңестік-орыс­тық көзілдірікпен қарайтын ескі дағдыдан арылу керек. Тәуелсіз ойлап, қазақ тілінің қуаты мен болашағына сенім артпасақ, дамыған отыз елдің қатарына қосылу былай тұрсын, осы қалпымызды сақтап қалудың өзі мұң болуы мүмкін. Бұл ретте, Ахмет Байтұрсынұлы бас­таған білімпаз тілші ғалым­дар­дың ғылыми негіздеген тер­минжасамға қойылатын принциптері бар. Әркез осыны негізге алып жүрсек адаса қой­маймыз деп ойлаймын. Ал елде термин шығармашылығы жүйесін жетілдіру, Терминком жұмысын жаңаша қалыпта ұйым­дастыру, оның пәрменін арттыру, тиімділігін күшейту мәселесі арнайы сөз етуді қажет етеді. 

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының 

бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, 

ҰҒА академигі