Әдебиет • 16 Қараша, 2018

Қостанайда оқушылардың «Мәриям оқулары» байқауы өтті

1041 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай қаласындағы М.Хакімжанова атындағы №20 қазақ орта мектебі ақынның туғанына 112 жыл толуына орай «Мәриям оқулары» онкүндігін ұйымдастырды. 

Қостанайда оқушылардың «Мәриям оқулары» байқауы өтті

Онкүндік аясында мектеп оқушылары арасында эрудит, эссе жазу сайыстары, Мәриям апаның өмірі мен шығармашылығына арналған танымдық дөңгелек үстел отырыстары т.б. іс-шаралар өтті. Мәриям Хакімжанованың өлеңдерін жаттап, мәнерлеп оқудан қалалық мектеп оқушылары арасында өткен байқау ақынның туған күніне сәйкестендірілді және онкүндікті қорытындылады.

«Онкүндікті ұйымдастырған себебіміз, балалар мектептің атын иеленген ақынның өмірі мен шығармасын жақсы білсін деген мақсатымыз болды», дейді мектеп директоры Ханзада Шымболатова. Байқауға облыс орталығындағы қазақ және орыс мектептерінен 32 оқушы қатысты. Қатысушылар негізінен Мәриям апаның өлеңдерін жатқа айтты. Келесі бір топ Мәриям апаға арнаған балғын өлеңдерін оқыды.

Әділ-қазылар алқасының шешімі бойынша, Мәриям оқуларын жатқа мәнерлеп оқудан қазақ мектептері арасынан бірінші орынды №115 мектептің оқушысы Қарақат Қабдырахим алса, орыс мектептері арасынан Физика-математика лицейінің оқушысы Карине Мнацаканян жеңімпаз болды. Ал Мәриям апаға өз өлеңін арнаған балапан қанат ақындар арасында бірінші орынды қазақ мектептері арасынан №20 мектептің оқушысы Рахат Сейтқан алса, №17 орыс мектебінен келген Дияс Талғатов үздік деп танылды. Қалған оқушылар арасынан оза шапқандар шеберліктері мен дайындықтарына қарай екінші, үшінші орындарды бөлісті.

«Байқауда орыс мектептерінен қатысқан 13 оқушының қазақ ақыны өлеңдерін мәнерлеп оқуға деген дайындығы мен ынта-ықыласы қазылар алқасын риза етті. Карине Мнацаканян Мәриям апаның 20 өлеңін жатқа айтты, мүдірмейді, тілінде бір мүкіс жоқ. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы бүгінгі жас ұрпақта деген сенімді нығайта түседі», деді қазылар алқасының мүшесі, Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменова.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай