Аймақтар • 16 Қараша, 2018

Қазақстан - Өзбекстан: тауар айналымын 5 млрд АҚШ долларына жеткізу көзделуде

312 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметі тауар айналымын келесі жылы 5 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Биылғы 9 айда сауда - тауар айналымының көлемі 2 млрд АҚШ долларынан асқан.

Қазақстан - Өзбекстан: тауар айналымын 5 млрд АҚШ долларына жеткізу көзделуде

Шымкентте алғаш рет өткен  Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастық форумында осындай деректер келтірілді. Сондай-ақ бірқатар келісімдер жасалып,  Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин және Өзбекстан Республикасы вице-премьері Ачилбай Раматов әріптестікті дамыту бойынша меморандумға қол қойды. Экономикалық әріптестікті, сауда қатынастарын аймақтар арасында дамытуға серпін беруді мақсат еткен форумда түрлі идеялар мен жобалар талқыланып, келісімдер жасалды. «Қазақстан - біздің басты стратегиялық серіктесіміз. Бір жылдың ішінде біздің еліміз экономиканың түрлі салаларында жетістікке жетті. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы өсті. Әлі де жыл соңына дейін 3 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл - нақты меже», - деді Ачилбай Раматов. Сондай-ақ Өзбекстан Үкімет басшысының бірінші орынбасары форум тек қана сауда-экономикалық қатынастарды, өнеркәсіп индустриясын дамыту ғана емес, екі елдің туыстық қарым - қатынастарын, мәдени-рухани байланыстарын да арттыратынын атап өтті.

Форум барысында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Жизақ облысының әкімі Эргаш Салиевпен өңірлер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту жайын талқылады. Екі облыс арасында меморандум жасалды. Сондай-ақ, аталған форум шеңберінде қос елдің бірқатар өңірлері арасында да меморандум түзілді. Түркістан облысынан басқа, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай өңірлерінің және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының басшылығы түзілген 13 құжатқа қол қойды. Мысалы, Ақмола облысының әкімі Мəлік Мырзалин мен Өзбекстан Республикасы Сырдария облысының хокимі Гофуржон Мирзаев əріптестік туралы меморандумға қол қойды. «Көкшетауда біз құны 20 миллион АҚШ доллары жəне «Новопэк» ЖШС-мен 10 миллион АҚШ доллары болатын экспорт бойынша инвестициялық келісім жасадық. Сырдария мен Ақмола облыстарының ұқсастығы көп. Сондықтан экономиканың өзге де салаларын бірлесіп дамытамыз», - деді Сырдария облысының хокимі. Жалпы екі ел арасында жасалған құжаттарға сәйкес бүгінгі күні елімізде 800-ден астам кәсіпорын өзбек капиталының қатысуымен жұмыс істеп келеді екен.

Өңіраралық форум барысында екі елдің ауыл шаруашылығы техникалары, өнеркәсіп, жеңіл және тағам өнеркәсібі, құрылыс, жиһаз өндірісінің көрмесі өтті. Көпшілік назарына асыл тұқымды шаруашылық, тоқыма бұйымдары, фармацевтика өнімдері ұсынылды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Шымкент