Аймақтар • 18 Қараша, 2018

Қор нарығы ел экономикасына серпін береді

759 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақстан қор биржасы, ҚР Ұлттық Банкі және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен VІІІ Қаржыгерлер Конгресі аясында «Экономиканың тұрақты дамуындағы қор биржаларының рөлі» тақырыбында Қазақстандық биржалық форумы өтті. Форум қор нарығының 25 жылдығына және Теңге күніне орайластырылып отыр.

Қор нарығы ел экономикасына серпін береді

Форумға келген отандық және шетелдік қаржыгерлер, сарапшылар алдында сөз сөйлеген «Қазақстан қор биржасы» АҚ Басқарма төрайымы Алина Алдамберген  қор биржалары ел экономикасының тұрақты дамуына ықпал ете отырып, осы жылдарда бағыт-бағдарын айқындап үлгерді. Қандай да бір маңызды міндеттерді шешуде күрделі жағдайлармен бетпе-бет келуге тура келді. Дегенмен де саланың кәсіби мамандары  Қазақстан қор биржасын белгілі бір дәрежеге дейін көтерді. Енді кезекте заманауи талаптарға орай саланың алдында үлкен межелер тұр.

Форум жұмысына қатысқан ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов құнды қағаздар нарығының ел экономикасы дамуындағы рөлі жоғары екендігін атап өтті. Бүгінде құнды қағаздар нарығы капитализациясының  ЖІӨ қатынасы елімізде 26 пайызды құраса, дамыған елдерде 100-200 пайыз, ал көршілес Ресейде 40 пайызды құрайды. Екінші тоқсан қорытындысы бойынша құнды қағаздар нарығына инвестицияланған зейнетақы активтерінің жалпы сомасы 7,3 трлн теңгеге жеткен. Оның 54 пайызы мемлекеттік, мемлекеттік емес құнды қағаздар нарығына 29,3 пайызы инвестицияланған.  Екінші деңгейлі банктер мемлекеттік құнды қағаздар нарығына 75, ал мемлекеттік емес секторға 9 пайыз инвестиция салған.

Жекеменшік инвестициялардың құнды қағаздар нарығындағы үлесі соңғы 10 айда республика тұрғындарына шаққанда 0,6 пайызды құрап отыр.  Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 30-40 пайыз, ал Үндістанда 1,5 пайыз болса, көрші Ресей елінде 8 пайыз. Министрдің айтуынша, жетістік те жетімсіз тұстар да баршылық. Ал қоғамның қаржы сауаттылығын арттыру әзірге көкейтесті мәселелердің қатарында тұр.

Бүгінде қор нарығының, бүтіндей қаржы секторының мәселелерін шешуде жүйелі қадамдармен қатар,  бизнес қана емес, қоғамның барлық мүшелері үшін жеке инвестор ретінде қатысуға қосымша жағдайлар қарастырылуы қажет. Бұл өз кезегінде барлық дамыған елдердегідей қоғамның тұрақты тірегі болып табылатын ортаның қалыптасуын қамтамасыз етеді.  

Форум аясында сөз алған ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Жанат Құрманов, Қазақстан Даму Банкі Басқармасының Төрағасы Болат Жәмішев, «Қазақстан халық Банкі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Көшенов, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова  қор нарығының өзекті мәселелермен қатар, даму барысына тоқталды.

Бағалы қағаздар нарығын дамыту мемлекеттік инвестициялық саясаттың басым бағыттарының бірі дейтін болсақ, аймақтық деңгейде Ресей, Қытай және Орталық Азия аймағындағы қаржы нарығымен ықпалдастықты күшейту, сондай-ақ   Қазақстандағы қор нарығының кәсіби қатысушыларына жағдай жасау мен кәсіби біліктілігін арттыру да да алда атқарылатын маңызды шаралар болып табылады.

Форум аясында бірнеше сессия отырыстары өтіп, қор нарығының интеграциялық үдерістері, Еуразиялық экономикалық ықпалдастық аясында цифрлық технологияларды енгізудегі қаржылық қызмет түрлеріндегі ерекшеліктер,  қор нарығы арқылы экономиканы қаржыландыру, биржалық инфрақұрылымдарды дамыту, т.б. сияқты мәселелер талқыланды. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында ықпалдастық келісмдер туралы меморандумға қол қойылды.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ