Үкімет • 19 Қараша, 2018

Газдандыру ісін жалғастырудың маңызы зор

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру мақсатында, тұрғын үйдің қолжетім­ділігін, ауланың абаттандырылуы мен қауіпсіздігін, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің сапалы инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берді.

Газдандыру ісін жалғастырудың маңызы зор

Бұл бастама бұдан бұрынғы әлеуметтік бағдарламалардың жүйелі іске асырылуына ықпал етіп, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталған аса ірі жоба, маңызды құжат.            

Өңірлерде болған іссапарларымыздың барысында, Жамбыл облысы тұрғындары тұрмыс-тіршіліктеріне байланысты бірқатар мәселені көтерді. Соның ішінде облыс елді мекендерін табиғи газбен толық қамтамасыз ету барысы көкейкесті мәселе ретінде алға тартылды. Ауа райы қатал, кейбір жыл­дары қар шамадан тыс түсетін таулы ай­мақ­тарда орналасқан ауылдардың түйіні шешілмеген мәселелері көңілді алаңдатады. Атап айтқанда, газбен қамтылмаған елді мекендердегі ауыл жастарының қалаға көшуінің артуы, сондай-ақ Қошқарата және Ертай ауылдарындағы жаңадан салын­ған сәулетті екі қабатты мектептердің оқушы­лармен қамтамасыз етілмей қалу қаупі туралы ой-толғаныстарын ауыл тұрғындары қамыға айтты. 

Ауыл тұрғындарының көтерген отырған мәселелері орынды деп санаймыз. Соңғы бірнеше жыл бойы газдандыру мәселесі бар­лық жоғарғы биілік органдарында өз шешімін таппаған соң тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға деген үміт Жол­даудан кейін қайта жандануда.

Қазір Жамбыл облысындағы 377 елді мекен­нің 181-і газдандырылған. Бұл – 48% деген сөз. 2018-2025 жылдары тағы 173 елді мекенді газбен қамту жоспарлануда, нәти­жесінде 354 елді мекен газдандырылып, 94%-ға жететін болады. 

Сонымен қатар 2019 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Тараз қаласын­дағы көп­қабатты үйлер арасындағы жылу желі­лерін қайта жаңғырту бойынша үш жоба әзірленіп, Инвестиция және даму министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылды және аталмыш бағдарламаны жаңартуды жалғастыру мақсатында 1,5 млрд теңге қажет екенін жеткіземіз.

Елді мекендерді газдандыруды жалғас­ты­ру үшін Үкіметтен 2019-2021 жылдарға ар­нал­ған рес­публикалық бюджеттен қосымша 4,5 млрд теңгенің бөлінуіне ықпал ету сұралды. 

Әбдәлі НҰРАЛИЕВ,

Сенат депутаты