Ақтөбе • 20 Қараша, 2018

Аймақтарды дамыту – Президент стратегиясы бағыттарының бірі

892 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекет­тік университетінде «Н.Назарбаев: Дәуір. Тұлға. Қоғам» көшпелі қоры көрмесі аясында «Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиясы – аймақтық дамудың драйвері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Аймақтарды дамыту  – Президент стратегиясы бағыттарының бірі

Оған әлемнің 15 мемле­кетінен, соның ішінде Ресей, Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея, Үндістан елдерінен жә­не республикамыздың ір­ге­лі 20 жоғары оқу орнынан ар­­найы келген ғалымдар мен сарап­шылар қатысты. 

Халықаралық деңгейдегі басқосу­дың басты мақсаты – Мемлекет бас­шысының ел аумақтарын дамытудағы так­тикалық және страте­гия­лық ше­шім­дерінің ма­ңызы жөнінде жан-жақты ғылы­ми тұжырымдар мен ой-пікірлер өрбіту еді. Еліміздің тәуел­сіз ел ретінде орнығу жолы оңай бола қоймағаны баршаға аян. Бұл жө­­­нін­­­де Пре­зиденттің «Қазақстан жолы» ат­ты кі­табында біраз мәселелер қозғал­ған. Со­ның бірі – ел аумақтарын да­мы­ту­ға қатысты Елбасы та­ра­пы­нан белгі­ленген бас­та­малар. Бұл ретте ай­мақ­­тық даму мәселесі осы за­ман­ғы инф­рақұрылымдар қа­лып­тастыру қа­жет­тілігімен байланыстырылғаны кең тынысты, кемел ойлы страте­гия­лық мақсаттан туында­ға­ны ай­қын, – дед­і Елбасы кітап­ханасы дирек­т­оры­ның бірінші орынбасары, саяси ғы­лым­дар докторы Әмірхан Ра­хым­жанов. – Аймақтарда қалыпты өмір сүруге қажет­ті инфрақұрылым­ды да­мыту тәуелсіздікке қол жет­кіз­ген­­­нен кейін көп кешікпей 1992 жылы қа­был­дан­ған жас мемлекеттің тұңғыш стра­тегия­сында, яғни Қазақстанның мем­­лекет ретінде қалыптасуы мен дамуы­­ның стратегиясында да Прези­дент та­ра­пынан көзделген болатын. Кон­­­ферен­цияда сөз алған ға­лымд­ар бұ­л мә­се­лені де на­зар­дан тыс қал­дырған жоқ. 

Міне, осылайша тәуел­сіз­дік­тің елең-алаң шағынан бері аймақтарды дамыту ісі Ел­басының ұдайы на­за­рын­­да болып келеді. Әсі­ре­се бі­рінші кезекте көлік­тік-коммуникациялық құры­­лым­­дар­ды қалыптастыруда Мем­­лек­ет басшысы тарапынан сол тұста елдің Батыс өңіріндегі жағдайға көңіл бөлінгенін де конферен­ция­ға қаты­сушылар ұмыт қалдырған жоқ. Фило­софия ғылымдарының докторы Ал­тай Тайжановтың айтуынша, Мемлекет басшысының тікелей қолдауының арқа­сын­да Ақтөбе еліміз­дің ба­ты­сын­дағы ірі агломера­ция­лық аймақ­қа айналып келеді. Мұндай мысал­дар аз емес. Еліміздің барлық өңіріне Нұрсұлтан Әбішұлының тигі­зіп жүрген шапағаты мол деді ол одан әрі. 

Мемлекет басшысы соңғы кезде ел аумақтарының эко­но­микалық және әлеумет­тік тұрғыдан дамуына тікелей қа­тысы бар қос бағдар­ла­ма­ның жүзе­ге асуына бас­та­ма­шы болғаны бел­гілі. Оның алғашқысы «Нұрлы жол» бағ­дарламасы болса, кейінгісі «Прези­дент­тің бес әлеуметтік бастамасы» жо­ба­сы. Халықаралық кон­ферен­цияға қа­ты­сушылар аталған қос маңызды құжат ел аумақтарының одан әрі дамуы­на жаңа серпін бер­генін айтып берді. Соның ішінде Қытайдың Синь­цзян қаржы экономикалық уни­верси­тетінің профессоры Ли Цзяньхун Қы­тай­дағы «Бір белдеу – бір жол» жобасы­мен Қазақстандағы «Нұрлы жол» бағ­да­рламалары арасын­­да өзара тығыз үндестік пен ор­тақ мақсаттар бар екенін жеткізді. 

Шетелдік ғалымның ай­туынша, кейінгі кезде аталған жобалардың арқасында екі ел арасындағы кәсіп­керлік ба­ғыттағы байланыстар өсе түсіпті. Мұның басты мы­салдары­ның бірі – Қорғас, Ақтау порттары және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» авто­мо­биль дәлізі. Қазақстан екі елге ортақ жобаны үнемі қолдап, оған қа­тысып келеді. Соңғы бес жыл ішінде өзара бірлескен жаңа жобалар мен қыз­мет­тердің нәтижесінде екі мемлекет 51 жаңа жобаны іске қосты. Оның ішінде жалпы сомасы 28 миллиард дол­лар­ды құрайтын инвестициялық жобал­ар бар, дейді шетелдік профессор. 

Конференцияға қатыс­қан отандық және шетел­дік ғалымдар Қазақ­стан Пре­зи­денті Н.Ә.Назар­баев­тың аймақтық дамудың драй­вері ретіндегі орны мен қыз­меті терең, жан-жақты әрі кешенді сипат алатыны жө­нін­де ортақ тоқтамға келді. Атал­ған стратегия аясы руха­ни жаңғыру мен қоғамдық са­на­ны жаңғырту жөніндегі Ел­басының сан қырлы баста­ма­лары арқылы одан әрі те­рең­дей түсері анық.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ