Әдебиет • 21 Қараша, 2018

Аян беріп шақырған ағам еді...Баққожа Мұқай туралы естелік

1035 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Аян беріп шақырған ағам еді...Баққожа Мұқай туралы естелік

Бұл дүниенің біз білмейтін жұмбағы да, сыры да көп. Соның бірі – аян. Яки, ал­дағы күндері елдің, иә болмаса, өзің­іздің басыңыздан өтетін оқиғалардың түсіңізге енуі.

Бір қызығы, мұндай тылсым қасиет Жаратушы иеміз ерекше қабілетті етіп жаратқан әулие, көріпкел кісілерге ғана емес, біз сияқты қарапайым жандарға да тән болып табылатын сияқты.

Осы ретте сіздерге өз басымнан өт­кен бір қызық жайтты айтқым келіп отыр.

...Әлқисса, 1996 жылы жазғытұрым түсімде бір сабырлы, сымбатты, парасатты кісіні көрдім. Үстіне кигені – жап-жаңа костюм, ақ көйлек, галстук. 

Кешкі мезгіл-ау деймін, шамасы. Кең кабинетте отырған әлгі кісінің үстелінде кітап оқуға, жазу-сызуға жарық түсіретін жалғыз шам жанып тұр.

Ішке кіргенімді көріп, орнынан баяу көтерілді де, маған қарай жақындады. Содан соң әлдеқандай бір сенім артқандай қолымды қысып, иегімен ақырын ғана терезе жақты нұсқады.

Ғажап. Әлгі терезеден Алматының тең жартысы көрінеді екен. Көше шам­дары жарқырап, сан түрлі түске еніп, ерекше көз тартады. Жүрегім лүпіл­деп, япыр-ай, біздің қала қандай сұлу деймін...

Сөйтіп жатып, оянып кеттім.

Содан...

Арада екі аптадай уақыт өткенде әлдеқандай бір шаруамен Жібек жолы көшесінің бойындағы тоғыз қабатты биік ғимаратқа бара қалмаймын ба. Ол кезде бұл ғимаратта бірнеше бас­ылым­дар­дың редакциясы бар еді. Ұзына бойы созылған қаракөлеңкелеу дәлізде «Па­ра­­сат» журналының бас редакторы, көр­­­некті жазушы, драматург Баққожа Мұ­­­қай ағамен қарама-қарсы ұшыраса кеттік.

− Өй, қал қалай? – деді ол кісі маған бір әзіл айтуға оқталғандай езу тартып.

− Жақсы, − дедім мен жымиып.

− Қойшы-ей! Біраз уақыттан бері жағдайым жақсы деген кісіні бірінші рет кездестіріп тұрмын. Осы күні кімді көрсең де «ойбай, анау жетпейді, мынау жетпейді» деп жылап жібереді. Ал сен өзің... қайдасың қазір?

− «Жеті жарғы» баспасындамын.

− Ә-ә, түсінікті болды, − деді Бәкең басын шұлғып. Ол кезде жаңадан ашыл­ған «Жеті жарғының» жағдайы, рас­ында да, басқалардан көш ілгері еді. – Қай бөлімдесің?

− «Әділет министрлігінің хабаршысы» деген ведомстволық журнал шығара­мыз, аға.

− Айлығың қалай?

− Жақсы.

− Қаламақың ше?

− Өте жақсы!

− Өй, сен де... – Бәкең басын шайқады. – Деген­мен, жүрші біздің кабинетке. Асық­пай отырып сөйлесейік.

Соны айтты да, ол мені кабинетіне қар­ай бастай жөнелді. Ішке кірген соң, жұм­сақ креслоға жайғаса кетіп, маған қол­ымен ымдап орын ұсынды. Сосын хатшы қызға екі пиала шәй алдырып, мана­дан бері көңілінде іркіп тұрған әңгі­ме­сіне кірісті.

− Естіп жүрген шығарсың, «Парасат­тың» көркемдік деңгейін көтереміз деп, сөз­дің парқын түсінетін өзің секілді жас қаламгерлерді жұмысқа шақырып жа­­тыр­мыз...

Мен Бәкеңнің не айтпақ болғанын бірден түсіндім де, ішімнен «арба да сын­басын, өгіз де өлмесін» дегендей бір айма-тайма жауап іздей бастадым. Ол да менің осы ойымды дөп басып:

− Әй, бірақ... – деп әңгімесін үзіп, ойланып қалды. – Мына түріңе қарағанда, сен мұнда келе қоймайтын сияқтысың.

Бәкең­нің даусы қатқылдау шықты. Бұл кісі кейде көңілге қарамай, ойын­да­ғы­сын тіке айта салатын талапшыл, қатаң басшы дегенді бұрында естігенім бар-ды. Сол есіме түсіп, үнсіз қалдым.

Осы­дан кейінгі әңгімеміз, расын айтқан­да, онша жараса қоймады. 

− Әйтсе де, ойланып көр, − деді Бәкең.

Кенет...

Орным­нан тұра бергенім сол екен, әлгі кабинет­тің үл­кен тере­зе­сі­нен әсем Ал­ма­ты­ның тең жартысы көрі­ніп тұр­ған­ын аңғарып, аң-таң болдым. Апыр-ай, қан­дай таныс көрініс! Мен мұны өт­кенде... түсімде... иә, иә, түсімде көрген жоқ па едім...

Содан соң жалт бұрылып, Бәкеңе қара­дым. Жаңа қа­лай бай­қамағанмын? Үс­тінде – жап-жаңа костюм, ақ көйлек, галстук...

Әлгі орынға сылқ етіп қалай отыра кеткенімді білмеймін. Енді Бәкең маған таңдана қарап қалыпты.

– Жарай­ды, аға, − дедім кенет шекем­нен шып-шып шыққан терді ала­қан­ым­мен сүртіп. – Келсем, келейін...

Міне, сөйтіп күтпеген жерден «Пара­сат» жур­налы­ның қызметкері болып шыға келдім.

Әрине мұн­дай оқиғаға сене қоюдың өзі қиын шығар. Бірақ имандай шыным. Бір ауыз өті­рігі жоқ. Дәл солай болғаны ақиқат.

Ағым­нан жарылып, алғаш рет сіз­дер­ге айтып отырмын. Баққожа ағаға да бұл тура­лы тіс жарған емеспін. Бірақ ал­да-жалда айта қалған күннің өзінде де, ол кісі­­нің әзілге айналдырып, басын шай­­қап, кү­ліп кете беретініне күмәнім жоқ-ты...

* * *

Респуб­ликалық «Парасат» журналы сол жыл­­дары, шын мәнінде, жазушы, дра­матург, публицист Баққожа Мұқай­дың шығармашылық мектебі іспетті еді. 

Онда Қалихан Ысқақов, Зәкір Асабаев секілді көрнекті қаламгерлермен бірге Қали Сәрсенбай, Талаптан Ахметжан, Әмір­хан Балқыбек, Жарас Сәрсек секілді талант­ты жастар қызмет істеді.

Жур­нал қалың оқырман қауымның ыстық ықы­ласына бөленіп, таралымы тез өсе бас­тады.

Қали­хан ағаның көркем эсселері, Зәкең­нің астарлы публицистикалық топтама­лары, Қалидың өнер әлемі туралы сыршыл толғаулары, Талаптанның жазушы, драматург Әкім Таразимен жүргіз­ген әңгіме-сұхбаттары, Әмір­ханның тарихи-әдеби зерттеулері, Жа­рас­тың өткір де өзекті мақалалары бірі­нен соң бірі жарық көріп, сенсация туды­рып жатты.

Ара-тұра Баққожа ағамен іссапар­ларға бірге шығып, ел танып, жер көріп жүрдік. Солардың бірі бүгінге дейін көз алдымда...

* * *

Екі мыңыншы жылдың қоңыр күзі. Жол­ үстіндеміз. Бағытымыз – оңтүстіктегі облыс­тар, мақсатымыз – «Парасат» жур­на­лының оқырмандарымен жүздесу. 

Біз Алматыдан алыстаған сайын қоңыр күздің реңі өзгеріп, алдымыздағы жаз­ық даланың сары бояуы көбейе бас­тады. Тап жаздағыдай сарытап ыстық бол­­ма­ғанымен, күннің қызуы молайып, жең­іл машинаның ішінде маужырап, қал­ғып-мүлгіп келеміз. Кенет Бәкең дау­сын баяу созып, күзгі даланың сыршыл әуенін­­дей сағынышқа, нәзік мұңға толы бір әнге басты...

Сен едің ертеменен-ау, қозы ағытқан,

Мен едім боз жорғамен орағытқан, еркем-ай...

Әуелде алыстан үзіліп-талып, тау жақ­тан ескен қоңыр самалмен бірге шал­қы­ғандай көрінген әуеннің сөзі енді-енді құла­ғы­мызға жетіп, көзімізді аштық...

Елең-алаңда оянып, желідегі қозы­лар­ды ағытып жүрген мұңлық қыз бен әлде­қайдан боз жорғасын ойнақтатып шы­ға келген сері жігіттің елесі пайда болады қиялымызда. Сонау бір есте жоқ ескі заманалардан бері жүректен-жүрекке жетіп, тыңдаушының көңілін елжіретіп келе жатқан қандай ғажап ән еді, шіркін... 

Қол созым жерде тұрса да бір-біріне же­те ал­май, арманда өткен қос ғашық кім? Қай кезде, қандай заманда өмір сүрген?..

Осы бір ән көңіл айдынын толқытып, көпке шей­ін үнсіз отырдық. Тіпті күн батып, қас қарая бастағанын да кеш аң­ғарып­пыз.

Кенет қарсы алдымыздан самаладай жар­қырап тізбек-тізбек шамдар көрінді.

− Бұл қай жер? – деді Бәкең елең ете қалып.

Ал­дыңғы жаққа қарап, Ақыртөбеге же­тіп қалғанымызды бір-ақ аңдадым. Бұл – күре жолдың қос қапталына тізіле қон­ған асүйлердің шамдары еді. Көңілі қал­ап, қалтасы көтерген жолаушы осында тоқ­тап, ас-ауқат ішіп, әлденіп алатын.

Алайда асүй деген аты болмаса, олардың дені уақытша орналасқан вагон үйлер еді. Нарық қыспағынан қысылып-қымтырылып, күнкөріс қамына кіріскен жергілікті жұрттың әзірге тапқан бар амалы да осы – күре жолдың бойында күндіз-түні жолаушыларға ас қамдап, табыс табу.

− А-а, − деді Бә­кең басын шұлғып. – Енді түсіндім... Бәл­кім, біз де осында тоқ­тап, ыстық сорпа ішерміз.

− Ой, аға, бұл жерге көбіне жүк машиналары тоқ­тайды, − дедік біз ке­же­ге­міз кейін тартып.

− Несі бар, олардың жүргізушілерімен әңгі­мелесеміз. Үнемі алыс сапарларға шы­ғатын кісілердің көрген-білгендері көп болады.

− Енді бір сағаттан соң Тараз қала­сы­на да жетеміз ғой! 

− Жоқ, жігіттер, осында түсейік...

Қаз-қатар тізілген вагон-үйлердің бірі­нің алдына келіп тоқтадық. Кешкі қоң­ыр салқын ауада керіліп-созылып, бойымыздың құрыс-тырысын жазып алдық. Содан соң вагон үйдің алдындағы құр­ақ көр­пеше төселген сәкінің үстіне шығып, бір-бір жастықты қол­тығымызға қысып, қисая кеттік. Асха­на­ның иесі көптен күт­кен сыйлы қонақ­тары кел­гендей қуанып, зыр жүгіріп жүр. Бәкең де олармен ежелден таныс кісі сияқ­ты емен-жарқын әңгімелесіп, ауыл-ай­мақтың амандығын түк қоймай сұрап жатыр.

Бір кезде вагон үйден сұңғақ бойлы, аққұбаша келген талдырмаш қыз шығып, тамаққа тапсырыс ала бастады. Мөл­діреген бота көздерін төмен салып, кісіге тура қарамай, ақырын ғана сөйлейді екен.

− Қарағым, сен бұл ауылдың қызы емес­сің ғой, солай ма?! деді Бәкең оған зей­ін сала қарап.

− Иә... − Қыз ұяң ғана үн қатты.

− Шамасы, Қызылорда жақтан келген бол­уың керек.

Қол­ындағы бір тілім қағазға біздің «тап­сырысымызды» жазып алуға кіріс­кен қыз сәл езу тартып, Бәкеңе таңдана қарады.

− Иә. Шиеліденмін.

− Бұл жақта апа-жездең бар ма?

− Иә.

− Демек, мынау асхана жездеңдікі болды ғой.

− Иә. Жездемдікі... Қандай тамаққа тапсырыс бересіздер?..

− Атың кім, айналайын.

− Анар.

− Жігіт­тер, − деді содан соң Бәкең бізге қарап. –Тамаққа көптеу етіп тапсырыс бер­іңдер. Анар қарындасым әке­летін ас­тың дәмді болатынына мен сен­емін.

Біз енді жымыңдап, бір-бірімізге қарадық.

− Болыңдар-ей, − деді Баққожа аға асық­тырып. – Редакцияның іссапарға бөл­ген ақшасы жетеді. 

Содан соң біздің тез жауап қата қоймай, бө­геліп қалғанымызды ұнатпағандай:

− Бұларға үлкен-үлкен кесемен ыстық-ыстық сорпа және үйме табақ етіп қуыр­дақ әкел, − деді.

− Жарайды.

 Қыз жымиып күлді де, асүйге қарай беттеді.

Ал біз:

− Ой, Бәке-ай, сіздің қарын­да­сың­ыздың қолынан ас ішеміз деп біздің қар­ны­мыз жарылатын болды ғой, − деп, ойын-шыны аралас Баққожа ағаға «өкпелеп» жатырмыз.

− Білем, − деді Бәкең күліп. – Таразда тамаша-тамаша мейрамханалар бар. Ас­ық­­пасаңдар, оған да апарамын. Бірақ мы­нау жол үстіндегі елге аз да болса кө­мегіміз тисін... Күндіз-түні тамақ әзір­леп, қай жолаушы бұрылады деп екі көзі төрт болып отырған жоқ па.

Аздан соң Анар бізге ыстық сорпа алып келді.

− Өткен жылы Алматыға оқуға барып па ең? – деп Бәкең одан тағы да жауап алуға көшті.

− Иә, − деді Анар ақырын ғана.

− ҚазПИ-ге тап­сырдың ба, әлде ЖенПИ-ге ме?

− ҚазПИ-ге...

− Соңғы емтиханнан өте алмай қалдың ғой, ә?

− Ой, ағай, сіз оны қайдан білесіз?

Қа­рақаттай жана­ры кең ашы­лып, Анар таңданып қалды.

− Білем, − деп жымиды Бәкең. – Биыл тағы да сол институтқа, тағы да сол фа­куль­­тетке барамын деп жүргеніңді де білемін.

Анар енді, одан сайын таңырқап, «аға, сіз­дің көріп­келдігіңізге бас имеске ама­лым жоқ» дегендей үнсіз тұр.

− Жұмыстан қолың босаған уақытта кітап оқып, дай­ындалып жүрсің бе? –деді Бәкең енді аға­лық қамқор көңілмен.

− Иә...

Бірақ оқуға түсуге дайындалып жүргеніне өзге түгі­лі, өзі де сенбейтіндей қыздың ерні сәл ғана жыбыр ете қалды.

− Жақсылап да­йындал, − деді Бәкең. – Сен қалайда оқуға түсіп, жоғары білім ал­у­ың керек. Болашағың әлі алда.

Бәкең айтқандай, Анар қар­ын­да­сы­мыз пісір­­ген ас, расында да, дәмді болды ма, әлде асүйдегілердің қонақжай пейі­ліне риза бол­дық па, білмеймін біз үйме табақ қуыр­­дақты қалай жеп қой­ғаны­мызды тіпті, сезбей де қалдық. Қош­тасарда Бақ­қожа аға Анардың әпкесіне арнайы бұрылып:

− Күндіз-түні қара жұмысқа жегіп, қыз бала­­ның бағын бай­ламаңыздар, − деп бұр­ын­нан та­ныс жандай қолқа салып жатты. – Жоғары оқу орнына түсу үшін көп оқып, дайын­далуы керек. 

− Иә, әрине − дейді Анар­дың әпкесі басын изеп. – Оны өзіміз де ойлап жүрміз ғой. Бірақ мына жер­ден азын-аулақ табыс тапса, ертең өзін­ің қажетіне жаратар дейміз де...

− Күре жол­дың бойымен кімдер жүр­мей­ді дейсіз, − деп Баққожа аға қасын керді. – «Мал аласы сыртында, адам ала­сы ішінде» деген... Анар секілді жап-жас, көр­ікті, ақылды қызға көз сұ­ғын қа­дай­­тындар көп шығар. Сон­дық­тан ер­­терек оқуға түсіп, білім алып, құтты ор­нына қонғаны абзал...

− Біз­дің де тілегіміз сол, − деді Анар­дың әпкесі көзіне жас алып.

* * *

Ымырт қараң­ғылығы қоюлана түскен. Күре жол­дың бойымен ерсілі-қар­­сылы ағыл­ған машиналардың жа­рығы алқаракөк аспан төсін тіліп аққан құй­­рық­ты жұлдыздарға ұқсайды. Бақ­қожа аға үнсіз. Маған ол алдағы күн­дер­де жазатын жаңа шығармасының желі­сін ойлап келе жатқандай көрінді. «Пьеса жазатын болар?.. − деймін іш­тей қызығып. − Жаңағы асханадағы әңгі­ме­нің өзі бір пьесаға арқау болады емес пе». 

...Күре жолдың бойындағы вагон үйлер. Күндіз-түні ас қамдап, әрі-бері ағы­лып өтіп жатқан жолау­шыларға қар­ап отыр­ған қарапайым жан­дар. Әне, олардың ішінде әлдеқайдан мүл­де басқа әлемнен адасып келген аққу­дай сұлу қыз жүр...

− Аға, − дедім.

Үнсіз отырған Бәкең: 

− А-а, − деді ұйқыдан оянғандай селк етіп.

− Жаңа­ғы кісілердің тіршілігі бір пьесаға жүк болатын сияқты ғой. Жол бой­­ын­дағы вагон асханалар таптырмай­тын декорация, ал оларға келіп-кетіп жатқан жолаушылар әртүрлі кейіпкерлер емес пе?!.

− Әрине − деді Бәкең. – Бірақ пьесаға кон­фликт, яки шиеленіс, талас-тартыс қаж­ет. Айталық жаңағы қарапайым жан­дардың өміріндегі бір ерекше күн ар­қау болуы мүмкін...

Ол тағы да ойланып, үнсіз қалды. Алды­мыздан самаладай жарқырап Тараз қала­сының оттары көрінді. 

* * *

...Иә-ә, содан бері де бұл жолмен талай рет жүріп өттім. Ақыртөбедегі баяғы вагон үйлер жоқ қазір. Олардың орнына әртүрлі кафе, мейрамханалар салынған. Осыдан көп жыл бұрын өзіміз тоқтап, тамақ ішкен асхана қай тұста еді? Ол жерден қазір қандай кафе, иә болмаса, ресторан бой көтерді екен? Ал иесі... сол бұрынғы кісілер ме екен деп ойлаймын.

Бірақ әдейі тоқтап, іздестіріп көрген емеспін. Өйткені сол баяғы Анар қыз алдымнан күлімсіреп шығып: «Баққожа ағам қайда?» десе, не деп жауап бер­мекпін.

Аяулы азамат, Қазақстан Рес­пуб­ли­касы мем­лекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы, драматург Баққожа Мұқай ағамыз ертерек дүниеден өтіп кетті деп қалай айтпақпын...

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»