Президент • 21 Қараша, 2018

Н.Назарбаев: «Ұлы даланың ұлы есімдері» энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек

3580 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы  бүгін жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуды ұсынды.

Н.Назарбаев: «Ұлы даланың ұлы есімдері» энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек

«Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек», делінген мақалада.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр сынды түрлі сала тұлғаларына арналған галерея жасауды қолға алуды тапсырды.

«Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет. Сондай-ақ бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн», дейді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамтитын «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік сериялар шығарылып, тарату жұмыстары бір жүйеге енетін болады. Ол үшін қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құрылады. Бұл арқылы ел қаһармандарының өмірі мен қызметі жөнінде тек қазақстандықтар ғана емес, сондай-ақ шетелдік азаматтар да білетін болады.