Бокс • 21 Қараша, 2018

Ертең бокстан шешуші сайыстар басталады

466 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері бокстан Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында мықтылар мен осалдардың ара-жігі ажырап, алдағы күндері жүлделі орындар үшін талас басталады.

Ертең бокстан шешуші сайыстар басталады

Ертең жартылай финалдық сайыстар басталады. Бұл межеге Қазақстанның қос боксшысы жетіп отыр. Олар – Жайна Шекербекова мен Карина Ибрагимова. 51 кило салмақта өнер көрсететін Жайна ширек финалда польшалық Сандра Драбикті ұтқан болатын. 60 кило салмақтағы Карина қытайлық Янг Венлуды қапы қалдырды. Осылайша, еліміздің қос аруы жүлделі орындардың бірін иелену мүмкіндігіне ие болып отыр. 

Жартылай финалға ең көп жолдама алған Қытай құрамасы. Аспанасты елінің бес бірдей өкілі осы межеге сүрінбей жетті. Үндістан құрамасының да қарқыны күшті. Жергілікті былғары қолғап шеберлерінің төртеуі жеңіс тұғырына көтеріліп отыр. Солтүстік Корея, АҚШ және Түркияның үш боксшысы да дәл сондай құрметке бөленуде. Қазақстан, Жапония, Украина, Тайпей, Голландия және Германиядан екі спортшы жүлделі орын үшін таласу құқығын сақтап қалды. Сондай-ақ, Моңғолия, Болгария, Австралия, Таиланд, Оңтүстік Корея, Ирландия, Уэльс, Беларусь, Колумбия және Ресейден бір-бір боксшы жарысты жалғастырмақ.

Жартылай финалдық сайыстар 22-23 қараша аралығында өтсе, 24 қарашада ақтық сынға жолдама алған арулар бас жүлде үшін таласады.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»