Спорт • 21 Қараша, 2018

Жапония мен Грузия дзюдошылардың қарқыны күшті

615 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дзюдошылардың жаңартылған рейтингіне зер салсақ, қазіргі кезде Жапония мен Грузия балуандарының қарқыны өте күшті екенін аңғару қиын емес. 

Жапония мен Грузия дзюдошылардың қарқыны күшті

Күрестің бұл түрі бойынша байрақты бәсекелерде ерлер арасында жеті салмақ дәрежелерінің жүлделері сарапқа салынатыны белгілі. Әлемдік рейтингте соның үшеуінде Жапония балуандары жеке-дара көш бастап тұр. Олар – Рики Нагаяма (60 кило), Хифуми Абе (66 кило) және Сойши Хашимото (73 кило). Сонымен қатар, Күн шығыс елінің Наохисо Такато (60 кило, 2 орын), Сотаро Фуживара (81 кило, 3 орын), Кента Нагасава (90 кило, 6 орын) және Кокоро Кагеура (+100 кило, 8 орын) сынды өкілдері «ТОП-10» балуандар қатарынан көрінді. Барлығы – 7 дзюдошы.

Қап тауы қырандары да жапондардан қалыспауға барынша тырысуда. Грузия құрама командасы мүшелері арасынан Варлам Лапартелиани (100 кило) мен Гурам Тушишвили (+100 кило) өз салмақ дәрежелері бойынша ағарып алдан көрінуде. Сондай-ақ, Амиран Папинашвили (60 кило, 3 орын), Ваша Маргвелашвили (66 кило, 2 орын), Лашва Шавдатуашвили (73 кило, 2 орын) және Бека Гвиниашвили (100 кило, 7 орын) үздік ондықтың санатына еніп отыр. Барлығы – 6 дзюдошы.   

Тағы екі салмақ дәрежесінде Иран мен Испания балуандары көш бастап тұр. Олар – Саид Моллаей (81 кило) мен Николоз Шеразадвишвили (90 кило). Алғашқысы Парсы елінің төл түлегі болса, екіншісі Пиреней түбегіне қоныс аударған грузиялық дзюдошысы.

Қазақстандықтар арасынан «ТОП-10» дзюдошының қатарына екі балуанымыз еніп отыр. Олар – Ғұсман Қырғызбаев (60 кило, 7 орын) пен Елдос Жұмаханов (66 кило, 9 орын). Үздіктер қатарынан көрінуге Ерлан Серікжанов (66 кило) пен Жансай Смағұловтың да (73 кило) тамаша мүмкіндіктері бар. Қазіргі кезде қос қандасымыз да 11 орынға табан тіреді. Ал Дидар Хамза (81 кило) 14 орынға жайғасса, Елдос Сметов (60 кило) пен Ислам Бозбаев (90 кило) 15 сатыға тұрақтады. Өкінішіке қарай, 100 кило және +100 кило салмақ дәрежелерінде мықтылармен иық тіресуге жарайтын бірде-бір жерлесіміз жоқ.

Әйелдер арасында да Жапония құрамасы жарап тұр. Бұл елдің үш аруы көш басында. Олар – Цукаса Иошида (57 кило), Шизуру Араи (70 кило) және Сара Асахина (+100 кило). Екі салмақ дәрежесінде Франция балуандары алдарына жан салар емес. Олар – Амандин Бюшар (52 кило) мен Кларисс Агбеньену (63 кило). Сонымен қатар, украиналық Дария Белодед (48 кило) пен голландиялық Гюше Стенхейске (78 кило) де тең келер ешкім табылмай тұр. 

Жерлестеріміз қатарынан Отгонцецег Галбадрахтың ғана қарқыны қуантарлық. Аса жеңіл салмақта белдесетін ол мықтылар тізімінде  8 орынды иеленуде. Өзге бұрымдыларымыздың аяқалысы тым нашар.   


Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар