Қазақстан • 21 Қараша, 2018

«Егемен Қазақстан» газетінің журналистері болашақ тілшілермен кездесті

500 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан»  газетінің Алматы бөлімшесінің тілшілері еліміздегі қабырғалы оқу ордаларының бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенттерімен шеберлік сабағын өткізді. Болашақ журналистермен кездесу ел газетінің бүгінгі санында жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен дөп келіп отыр.

«Егемен Қазақстан» газетінің журналистері болашақ тілшілермен кездесті

Ғасырлық тарихы бар аға басылым әрдайым өз оқырмандарымен тығыз байланыста. Бұл ретте елдің ертеңі саналатын жастарды, әсіресе болашақ журналистерді газеттің тыныс-тіршілігімен таныстырудың маңызы зор. Осы мақсатқа негізделген кездесуде жас тілшілер өздерін қызықтырған сауалдарын ортаға салып, толымды жауап алды. Алматы тілшілер қосынының меңгерушісі Нұрғали Ораз жас шәкірттерге қасиетті мамандықтың қыр-сыры туралы әңгімеледі. Қуанышпен айта кетер бір жайт, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы алдағы уақытта факультет қабырғасынан «Егемен Қазақстан» газеті атындағы  аудитория ашылуы мүмкін екендігін айтты.

Сондай-ақ  басқосу барысында күні бүгін жұртшылыққа жолданған Елбасы мақаласының мән-маңызы туралы да айтылмай қалған жоқ. Мақаладағы:  «Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады.» «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді» - деген жолдар тарих пен танымға қатысты талай сырды аңғартады. Келер жылы 100 жылдық мерейтойын тойлайтын газеттің тілшілері жас тілшілермен шеберлік сабағын өткізуі, Елбасының осы мақаласындағы ойлармен астасып жатқандай болды.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ