Парламент • 23 Қараша, 2018

Палатаның жалпы отырысында Түркістан қаласын дамыту мәселесі талқыланды

500 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің басшылығымен өткен палатаның жалпы отырысында Елбасы Жарлығына сәйкес құрылған Түркістан облысы мен республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызылған Шымкент қаласына тікелей қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасын қарау барысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі өңірде жүзеге асырылуы тиіс жоспарлар туралы айтып берді.

Палатаның жалпы отырысында Түркістан қаласын дамыту мәселесі талқыланды

Шымкенттің мәртебесі нақтыланады 

Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасы бірінші кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың  жеті қы­ры» мақаласы туралы пікір білдірді.

– Мақалада Елбасымыз тамыры терең тарихымызға қазіргі ғылымның асқар биігінен қарауды ұсынды. Кең-бай­тақ қазақ жері бір ғана ұлттың емес, әлем­ге тараған көп халықтың, со­ның ішін­де түбі  бір түркі әлемінің  алтын бе­с­ігі  екенін айтты, – деді Н.Нығ­ма­тулин. 

Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасының мақа­ласы Измирде өткен түркітілдес мем­ле­кеттердің Парламенттік Ассам­блея­сында халықаралық парламентшілер арасында үлкен қызығушылық туғы­зып, ерекше талқыланғанын атап өтті.

– ТүркПА шараларына қатысқан ба­уырлас елдердің депутаттары, ғалымдар, сарапшылар өз сөздерінде ең алдымен, біздің Елбасымыздың мақаласына назар аударды. Онда айтылған ұсыныстар – бабаларымыздан келе жатқан ұлттық мұраларымызды терең тануға және түркі бірлігін бұрынғыдан да күшейтуге жаңа серпін, жаңа жігер беретінін ерек­ше атап өтті. Сондықтан «Ұлы дала­ның жеті қыры» тек Қазақстанда ғана емес, бауырлас түркі елдерінде ұрпақ­тар­ға жалғасатын тарихи құжат болып қа­латыны сөзсіз, – деді палата Төра­ғасы.

Мемлекет басшысының «Ұлы да­ла­ның жеті қыры» атты жаңа мақа­ла­сының сиясы кеппей, ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерде де оң пікір туғызып, қолдауға ие болып жатқан тұста Мәжіліс депутаттары да сол еңбекте ерекше аталып өтілген Түркістан қаласына қатысты заң жобасын қызу талқылады. 

Депутаттар алдында баяндама жа­саған Ұлттық экономика ми­нистрі­нің бірінші орынбасары Рус­лан Дә­ле­нов заң жобасының мақ­саты нор­матив­тік-құқықтық базаны Президент Жар­лы­ғына сәй­­кестендіру екендігін атап өтті. 

– Мемлекет басшысының Жарлы­ғына сәйкес, Шымкент қаласы рес­пуб­ликалық маңызы бар қала санатына жатқызылды. Оңтүстік Қазақ­стан облысы атауы Түркістан облысы деп өзгертілді және оның әкімші­лік орталығы Шымкент қаласынан Түр­кіс­­тан қаласына көшірілді. Консти­ту­циялық заң жобасымен «Қазақстан Рес­­публикасында сайлау туралы» жә­не «Қазақстан Республикасының сот жү­йесі мен судьяларының мәртебесі тура­лы» конституциялық заңдарға өзге­рістер енгізу көзделген, – деді Р.Дә­ленов. 

Толықтырып айтар болсақ, бірқатар заңнамалық актілерде рес­публикалық маңызы бар қала­лар туралы айтылғанда Елбасы Жарлығына дейін елордадан басқа жалғыз республикалық маңызы бар қала деп Алматы қаласына сілтеме жасалады, бұл ретте сілтеме жеке түрде көр­сетіліп келген. Сондай-ақ кей­бір заңнамалық актілерде республикалық маңызы бар қа­ла мен Астана деңгейі Алматы және Астана қалаларын тікелей көрсетіп, нақтылаған. 

Осылайша республикалық маңызы бар қала ретіндегі ж­аңа мәртебесінде Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала­ның және астананың дең­гейі нақтыланған жекелеген заңна­малық актілердің қолда­ны­сына кірмей қалған. Енді осы ол­қылықтар жойылуы үшін Ұлт­­тық экономика бірін­ші ви­це-ми­­нис­трі атап өткен консти­ту­ция­лық заңдарға өзгеріс енгізіл­мекші. 

Түркі әлемінің бесігіне ерекше көзқарас керек

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасы «Жа­ңа облыс орталығы ретінде Түр­кі­с­танды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады», деген болатын. 

Енді осы атқа сәйкес болуы үшін құла­шын кеңге жай­ған шаһарда әкімші­лік құры­лым­дар түзіліп, әлеуметтік-эконо­ми­калық жоспар құрылып, қала­ның бас жоспары бекітіліп, басқару тетіктері баянды бо­луы тиіс. Осыған орай депутат­тардың сауалдарына жауап берген Р.Дәленов Үкімет тарапынан атқарылып жатқан және атқа­рылатын іс-шаралар жоспары туралы айтып берді.

Мәселен, Түркістан қаласын өр­кендету үшін шаһарды дамыту бойынша бас жоспардың тұжырымдамасы қабылданып, бас жоспарды әзірлеу басталып кеткен. Осыған байланысты тиісті конкурс та өткен. 

– Жоспарда қаланы дамытудың бағыттары айқын­да­латын болады. Оның ішінде көлік, инфрақұрылым, құрылыс, тарихи нысандарды қорғау, сондай-ақ басқа да бағыттар қамтылған. Бұдан басқа, 2024 жылға дейін Түркістан облысын дамыту бойынша арнайы кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Жоспар өте үлкен әрі ауқымды, онда 115 іс-шара қамтылған. Оның ішінде кә­сіпкер­лікті, ауылшаруашылығын, құры­лыс, туризмді, тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығын дамыту бағыт­тары қарастырылған. Оған жұмсалатын жалпы қаражат 870 млрд теңгені құрай­ды, оның 400 млрд теңгесі – респуб­ликалық бюд­жеттен, 29 млрд теңге жергі­лікті бюджеттен, ал қалғаны жеке инвестициялар есебінен болады. Осы кешенді жоспар жылдың соңына дейін қабылданбақ, – деді Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары. 

Депутаттардың сауалдарына орай сөз берілген Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Аслан Түкиевтің мәлімдеуінше, аталған өңірде сот төрелігін жүзеге асы­ру мақсатында ілкімді шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, Жо­ғарғы сот пен Үкімет азамат­тарға қолайлы жағ­дай жасаудың кешенді жұмыстарын бір­лесе атқаруда. Тиісінше, өңірге судья­лық лауазымға қосымша 20 бірлік жә­не әкімшілік қызметкерлері үшін 40 бірлік бөлінген. Со­нымен қатар сот орындарына жалпы аумағы 5600 шар­шы метр болатын 5 ғимарат берілген. Қыз­меткерлерге баспана мен автокөліктер де қарастырылған. 

– Қазіргі уақытта сот жүйе­сі мен судьялардың жүкте­ме­лері өте ауыр. Аталған әкім­ші­лік-ау­мақ­тық бірлікте, атап айт­қанда Шымкенттегі судьялар­дың жүкте­месі 160 іс пен ма­те­риал­дарға, ал Түркістанда 200-ден аса іске ар­тық. Бұл республикалық орта­ша көрсеткіштен жоғары, – деді А.Түкиев. 

Ал бұл мәселе бойынша Р.Дәленов Түркістан қала­сын­да облыстық сотқа 2,7 млрд теңгеге бағаланған жаңа ғима­рат салынатындығын атап өтті. Қаражат республикалық бюд­жет­тен бөлінбек. Ал Шымкент­те жаңадан құрылған қалалық сот пен төрт аудандық соттың жұмысын жүйелендіру үшін қо­сымша 4,2 млрд теңге қарас­тырылған. 

Сонымен қатар аталған қала­лар­дың шекаралық бөліністері өзгеріп, Түр­кістан қаласының 12 ауылдық округі Кентау қаласына берілген. 
Ұлттық экономика минис­трі­нің бірін­ші орынбасары де­путаттардың сауа­лына және Па­лата Төрағасының нақ­ты­лауы­на байланысты 2025 жылдан бас­тап Шымкент қаласы до­та­ция­­лық қаладан донор қалаға ай­налуы тиіс деген болжамын айтты. 

Жалпы отырыста депутат­тар өңірдің экологиялық, әкімшілік ахуалына байланысты да пікір­лерін білдірді. 

Жиында осы құжатпен қатар, «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңна­­малық актілеріне Қазақстан Респуб­ли­­касының әкімшілік-аумақтық құры­лысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобасы да бірінші оқы­лымда ма­құлданды. 

Жобалар мақұлданып, сауалдар жолданды

Жалпы отырыста бұған қоса, есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша заң жобасына түзетулер екінші оқылымда депутаттар тарапынан қолдау тапты. 

Сонымен қатар бірқатар ра­ти­фи­ка­циялық заң жобалары ма­құлданды. Олар – Қазақстан мен Ресей арасындағы Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісім мен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өзара сауданы жү­зеге асыру кезінде озонды бұзатын зат­тар туралы келісімді және ЕАЭО-ға мү­ше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру туралы келісімге Қырғыз Респуб­ли­касының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары.

Сондай-ақ Палатаның бейінді ко­ми­тет­теріне қорытынды әзір­леу мерзім­дерін белгілеу бойын­ша заң жобалары ұсынылды. Олар­дың қатарында ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және Иран Ислам Республикасы ара­сын­­дағы еркін сауда аймағын құру­ға алып келетін уақытша келі­сімді ратификациялау ту­­ралы, сондай-ақ ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және екін­ші тараптан Қытай арасын­дағы сауда-экономикалық ынты­мақ­тастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары болды. Сонымен бірге Қазақстан мен Бразилия арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы бар.

Жалпы, отырыс соңында халық қалаулылары орталық мемлекеттік атқарушы ор­ган­дардың басшыларына бірнеше депутаттық сауал жолдады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар