Қазақстан • 23 Қараша, 2018

Талдықорғанда «Табыс» цехы астау жасауды қолға алған

1359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорғанда ағаштан түйін түйетін шеберлердің басын қосқан «Табыс» атты шағын цех бар. Оны жеке кәсіпкер Абзал Бегімбетов ашып, ісін жүргізіп отыр.

Талдықорғанда «Табыс» цехы астау жасауды қолға алған

Абзалдың қасына өзі сияқты ағаш шеберлерін жинап, қазақтың ертеден бері тұтынған тұрмыстық бұйымдарын, оның ішінде ыдыс-аяқтар жасаумен айналысқанына бірнеше жыл болды. Әуелгіде ағаштан астау, табақ жонуды ермек санайтын ол күндердің күні мұны кәсіпке айналдыруды көздеді. Алдымен ағаштан ыдыс-аяқ жонып, оны тұтынушылар талғамына сай етіп жасау үшін арнайы курстан тәлім алуды ойлады. Бірақ Талдықорғанда бұл істің қыр-сырын ашып оқытатын маман жоқ болып шықты. Ізденген мұратқа жетпей ме, ағаштың тілін білетін адам Тараз қаласынан табылды. Абзал ерінбей басқа қалаға барып, ағаштан астау жасаудың сырын үйреніп, әдісін алып қайтты.

Бірақ бастаған іс бірден бизнеске айналып кете қоймады. Арнайы құрылғылар мен орын қажет болды. Шикізат көзі тағы бар. Әрі қол ұшын беретін көмекші де керек. Ал мұны ұйымдастыру, құрал-жабдық сатып алу мен цех ашатын орын жалдау үшін қаржы керек еді. Дәл осы тұста «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы дүниеге келіп жатқан болатын. Іздегенге-сұраған болып, Абзал енді кәсіпкерліктің әліппесін оқуға бет бұрды. Нәтижесінде, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік грант байқауына қатысуға бел буды. Абзал Бегімбетов ұсынған «Ағаш­тан ұлттық ыдыс­тар жасау өндірісі» жобасы үздік атанып, 1 миллион теңге көлеміндегі грант бұйырды. Кәсіпкер бұл қаражат­қа құрал-жабдық сатып алып, цехтың ау­мағын кеңейтті. 

Қазір «Табыстың» өндіріс цехында бес адам жұмыс істейді. Олар күніне 12-15 данадан астау дайындайды екен. 

– Ағаштан шабылған ыдысты тұтынушылар қатары жыл санап көбейіп келеді. Әсіресе ет тартуға арналған ағаш астау өтімді. Біздің өнімдерімізге Астана, Алматы, Қостанай қалаларынан арнайы тапсырыс беріп, алдыру­шылар бар. Қазір астауларға қазақтың ою-өрне­гінің ішінен «үкікөз» атты нұсқасын таңдап, жасатушылар көп. Бізді тауарға тапсырыс бе­руші адамдардың ұлттық сипатқа да маңыз бере бастағаны қуантады, – дейді ағаш шебері Абзал.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы