Президент • 26 Қараша, 2018

Мырзатай Жолдасбеков: Бақ бағалағанның ғана басында тұрады

1629 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Мырзатай Жолдасбеков: Бақ бағалағанның ғана басында тұрады

Құдайға шүкір, біз – бабаларымыз ғасырлап армандаған, жақсылыққа жеткен, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан ұр­пақпыз. Сол туған жерді сақтап қалу үшін бабаларымыз қанын төкті, жанын қиды. Қазақтың басы­нан өткен қилы күндерін еске алсаң, шынында жаның түрші­геді. Бірақ олар сонда да дітте­ген арманына жете алмады. Біз жеттік. Біз Нұрсұлтан Назарбаев­пен жеттік. Сондықтан біз қазір қан­дай заманда өмір сүріп отыр­ға­нымызды бағалай білуіміз керек.

Мен бір күнделіктерімде «басқа елді қайдам, қазақты басқару қиын» деп жазғаным бар еді. Иә, қазақ шынында бауырмал, ақкөңіл халық. Бірақ кейде қыңыры бір жаққа, қырқы бір жаққа тартып, басы бірікпей, тоз-тоз болып кететін кездері де болған. Соның кесірінен біз талай талауға да түстік, талай қырғынға да ұшырадық. Біздің тарихымыз табанға тапталды. Ресейге бодан болған үш ғасыр, Кеңес өкіметінің құрамында өткен жетпіс жылда біз ұлттық болмысымыздан, тарихымыздан, жадымыздан, қасиетімізден айырыла жаздадық. Құдайға шүкір, арып-ашып, жадап-жүдеп жүріп осы күнге де жеттік. Мұны біз ешқашан ұмытпауымыз керек. 

Біз тәуелсіздік алдындағы ал­мағайып уақытта, тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарында Президенттің жанында болған, егемендіктің елең-алаңының бар азабына бірге төзген, Пре­зи­дент­тің қиналған, күйзелген күн­дерінің куәсі болған адамдармыз. Оңай болған жоқ. Сонда да «біз тәуелсіздікті қансыз, соғыссыз алдық» деп шулаған ағайындар болды. Шындығын айтқанда тәу­елсіздік бізге оңай келген жоқ. Оның жолында мыңдаған жылдар қырғын соғыстар болды, талай қазақтың басы кетті. Мұны біз ескеруіміз керек.

Осыншама ұлан-ғайыр даланы сақтап, бізге жеткізген біздің баба­лары­мыздың ерлігі шынында да ересен еді. Осы Ұлы далада тарихтан біз білетін үйсіндер, қаңлылар, ғұндар, сақтар, түріктер, қараханидтер, қар­лұқтар, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы секілді өзге де көп­теген мемлекеттер дәурен сүрген екен. Иә, қазақ жерінде, осы ұлан-ғайыр далада небір хандар да болған, алтын сарайларда тұрған, алтын таққа отырған, алтыннан киінген, өздері түгілі, мінген аттарының әбзелдерін де алтындаған, әлем­ге әмірін жүргізген. Бізде неше түрлі даналар да болған, от ауызды, орақ тілді шешендер де болған, көсемдер де өткен дү­ниеден. Аты аңызға айналған ба­тырлар да болған. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтай адам болған жоқ. Өйткені олардың ешқай­сысы өзінің туған халқын діттеген арманына жеткізе алмады. Хандардың ханы Абылай да жете алмады сол бақытқа. Өмірі­нің соңында нашарлап жатқан Абылайдан Бұқар жырау: «Әй, Абылай! Атқа да міндің, таққа да міндің. Жақсыны да көрдің, жаманды да көрдің, енді қан­дай арманың бар?» деп сұра­ған екен. Сонда Абылай: «Көшіп-қонып жүрген елімді орнықтырып, тұтас бір ел етсем, қала салсам деп едім, арманым осы» деген екен. Міне, сол Абылайдың арманын да, аманатын да орындап отырған адам − Нұрсұлтан Назарбаев. Ол аты бар да, заты жоқ, әбден тозығы жеткен қазақ еліне қирандыдан тәуелсіз мемлекет орнатты. Оның экономикасын қалыптастырды, әлемге танытты. Қазақтың есіктегі басын төрге шығарды. Ең қиын кезде тәуе­келге бел байлап, осы елді ел ете­мін, осы халықты халық етемін, арманына жеткіземін деп ел тізгі­нін қолына алған адам осы Нұре­кең еді. Өзгенің бұған жү­регі дауа­ламады, батылдығы жет­педі. Осындай алмағайып, қиын-қыс­тау, қысылтаяң кезеңде сон­ша­лық­ты міндетті мойнына алған, соны абыроймен атқарып келе жат­қан адам да − Нұрсұлтан Әбіш­ұлы.

Құдайға шүкір, бүгінде ел орнықты, қазынаның қалтасы толды, алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылдық. Елбасы енді Ұлы даланың халқының тарихын түгендей бастады. Соның айқын айғағы – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы.

Тәубе деп айтайық, көптен бүкіл ел, қазақ армандаған, бүкіл түркі дүниесінің астанасы болып есептелетін Түркістан бүгінде облыс орталығына айналды. Енді оның бүкіл түркі дүниесінің рухани астанасы болатындығына ешқандай күмән жоқ. Мақалада осы қасиетті Түркістанның түркі дүниесінде алатын орны, рөлі жайында өте жақсы айтылған. Шүкір, іздегеніміз табылды, айтқанымыз болып жатыр деген сөз осы. Түркістаннан таяқ тастам жерде түгел түркі ұрпақтарының ба­басы Қорқыт ата жатыр. Енді түр­кі дүниесінің басшылары жыл сайын Наурызда бір рет келіп Қорқыт атаның басына түнеп, Түркістанда бас қосып тара­сып тұрса, берекеміз артып, туыс­тығымыз бүгін­нен де беки түсер еді. Кешегі «Рухани жаңғыру», бүгінгі «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақала­лар − ұлт келешегі алдына қойы­лып отырған үлкен меже. Ол бү­гінде бізді осындай ойларға же­телейді. Түптеп келгенде, осы айтып отырған екі мақала бе­рісі қазақтың, арысы күллі түрік­тің қайта өрлеуінің, қайта дәуір­леуінің, қайта жаңғыруының айқын мысалы десе де болады. 

Осы құдіреттің бәрі Елба­сының Ұлы­тау етегінде, Әулие­бұлақтың басында отырып туған халқымен сырласқан терең тебі­ренісінен басталған еді. Содан бері ұлттық рухтың, тарихи сана­ның қоз­ғалуына ерекше ден қойып, қоғамды қал­ғыт­пай қай­та-қайта қозғау салып келеді.

Ен­ді біз Құдайға шүкір, біреуге жал­тақ­тайтын, біреуге табынатын ел емеспіз. Президент айтқандай, «қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ». Ендігі жерде осы ойды, осы шындықты жастардың санасына әбден сіңіру бізге үлкен міндет. Мақалада ел болып жұмылып, жүзеге асыратын терең ойлар, келелі кеңестер, жауапты тапсырмалар көп. Соның бірі деректану ілімі жөнінде де терең ойлар айтылған екен. Өкініштісі, бізде деректану ілімі дамымады. Бертінге дейін біз ата тарихымызды шежіре арқылы, аңыздар арқылы, анау айтты, мынау айттымен түгендеп келген елміз. Адамның тарихы туған күннен, мемлекеттің тарихы орнаған күннен басталады. Мен Президент мәдениет орта­лы­ғының директоры болып жүргенде Елбасы­ның өзімен келі­сіп, тәуелсіз Қазақстанның шежіре­сін жазу­ға кіріскен едім. Сөйтіп «Тәуелсіз­дік шежіресі», «Елбасы жолдады, елі қолдады», «Әлем Қазақстан туралы», «Әлем Президент туралы» деген сериялармен 50 том шығардым. Әттең, не керек, Пре­зи­дент мәдениет орта­лығының директорлығы қыз­метінен кет­кеннен кейін бұл мәселе аяқсыз қалды. 

Халықты ояту үшін, тарихты ояту керек. Елбасы тарихи сананы жаңғырту үшін әлемнің архив­терін ақтарып, халқы­мыз­дың тарихына қатысты дерек­терді іздеп, оны ғылымға айналдыру үшін «Архив – 2025» деген жетіжылдық жоспар ұсынып отыр. Тарихын түгендеймін деген елдің ғалымдары енді осы жобаны ақылмен, ыждағатпен пайымдап, бі­лік­тілікпен жүзеге асырулары керек деп ойлаймын.

Тарихты тұлғалар жасайды. Қазақ елін құраған, тарихты қалыптастырған ұлы тұлғаларды бүгінгі және келешек ұрпақ білулері керек. Елбасы осыған орай «Ұлы даланың ұлы есімдері» дейтін саябақ ашуды, «Ұлы дала тұлғалары» дейтін серия шығаруды міндеттеп отыр. Біз мақтан тұтатын, әлемге әйгілі ондай ұлы тұлғалар Құдайға шүкір, тарихымызда жетерлік. Солардың ішінен Тоныкөк, Қорқыт атаны, Бумын, Естемі, Елтеріс қағанды, Күл­тегін, Алпамыс, Қобыланды батырларды, Майқы биді, әл-Фарабиді, Қожа Ахмет Ясауиді, бертінгі заман­дағы хандарымыз бен билерімізді, батырларымыз бен жырауларымызды атасақ та жеткілікті. Осы күнге дейін аты аңызға айналған Күлтегін секілді ұлы батырымыз туралы фильмнің жасалмағаны өкінішті-ақ. 

Елбасы аталған мақаласында дала фольк­лоры мен музыкасының мың­­­­жыл­­д­ық антологиясын дайындауға пәр­­­мен беріп отыр. Бұл туралы мақалада «Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өт­кен мың­жылдықтағы халық ауыз әде­биетінің таңдаулы үлгілері – ертегі­лері, аңыз-әпсаналары, қисса мен эпос­тары жинақталады» делінген. Біз Қазақ ұлттық өнер университетінің Қорқыт ата ғылыми-зерттеру институтында 25 томдық «Қазақ өнерінің антологиясын» дайындап жатырмыз. Оның алғашқы 9 томын жарыққа шығардық. 

«Қобыз қонады, домбыра дариды, ән жүректен туады, перзент тілектен туады, күй көңілден туады, бәрі де өмірден туады» деген бір қанатты сөзім бар еді. Кейінгі кезде өкініштісі қобыздың да, домбыраның да басынан бақ тайып, жер бауырлап қалып еді. Құдайға шүкір, Елбасының бұйрығымен домбыра күні белгіленіп, домбыра ұлттық мерекеге айналды. Мен «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан дәстүрлі өнерді насихаттау мақсатында «Мен қазақпын» дейтін мегажобаны жүзеге асырып келе жатырмын. Оның негізгі мақсаты – дәстүрлі өнерді дәріптеу, халыққа жеткізу, ел ішіндегі шын өнерпаз, жас таланттарды тауып, оларды дәріптеу. 

Жер-жерде, ел-елде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қызу талқыланып, қолдау табуда. Бұл − шын мәнінде заман, дәуір туғызған тамаша шығарма әрі терең еңбек. Ендігі міндет – мақалада белгіленген шараларды ойдағыдай жүзеге асыру. Аллаға шүкір, бас-аяғы ширек ғасырдың ішінде Қазақстан дәуірлеген елдердің қатарына қосылды. Қазақтың іздегені табылды, еңсесі көтерілді, арманына жетті, басына бақ қонды. Бақ бағалағанның ғана басында тұрады. Жақсы мен жаманды саралай білсек, басымызға қонған бақты бағалай білсек болғаны.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

профессор,мемлекет және қоғам қайраткері