Парламент • 27 Қараша, 2018

Сенатта үшжылдық бюджет қаралды

367 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенатта Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өткен палатаның жалпы отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019-2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңды қабылдады. Отырысқа Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкімет мүшелері түгел қатысты. 

Сенатта үшжылдық бюджет қаралды

Қаржылық құжаттарға маңыз берілді

Жалпы отырыста сенатор­лар алдымен «Қазақстан Респуб­ли­касының Ұлттық қорынан 2019-2021 жылдарға арналған кепіл­ден­дірілген трансферт туралы» заңды қабылдады. 

Қазақстанның Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңестің шешіміне сәйкес Ұлттық қордан 2019-2021 жылдарға арналған рес­публикалық бюджетке кепілден­дірілген трансферттің мөлшері 2019 жылға – 2 450,0 млрд теңге, 2020 жылға – 2 300,0 млрд теңге, 2021 жылға – 2 000,0 млрд теңге болып айқындалған. 

Ал 2019-2021 жылдарға арнал­ған Ұлттық қордан кепілден­ді­рілген трансферттің айқындалған мөл­шерлері Ұлттық қордағы қара­жаттың тиісті қаржы жылы­ның соңына ішкі жалпы өнімнің бол­жамды мәнінен 30 пайыз мөл­шерінде төмендемейтін қалдық бойынша шарттың орындалуын қамтамасыз етеді.

Заңды қабылдау бюджеттің және Ұлттық қордың теңге­рім­ділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ үшжылдық кезеңде мұнайдан тыс тапшылықты төмендетуге мүмкіндік бермек.

Отырыста Қаржы министрі Әлихан Смайылов сенаторларға «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырды. 

2019 жылға Ұлттық қорға тү­се­тін түсімдер болжамы мұнай­ды өндіру көлемі 88,0 млн тонна, мұнайдың әлемдік бағасы 1 бар­рельге 60 доллар және теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 350 теңге болуы ескеріле отырып есеп­телген. 

Заң жобасын талқылау бары­сында Сенаттың комитеттері мен депутаттарынан заң жобасы­на мемлекеттің тыныс-тіршілі­гінің түрлі салаларына қатысты өзге­рістер енгізу жөнінде ұсы­ныс­тар келіп түсті.

Отырыста қосымша баяндама жасаған Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 19 қарашада сот жүйесін жаңғырту және ішкі істер органдары қызметі мәселелері жөніндегі ке­ңесте берген тапсырмаларын орын­дау үшін республикалық бюд­жет жобасында 123, 8 млрд тең­ге, оның ішінде 2019 жылға 34,1 млрд теңге сомасында қо­сым­ша қаражат көзделгенін атап өтті.

Сенаторлар Үкімет мүше­лері мен Ұлттық банкінің басшы­лығына көптеген сауал қойып, бюджет үдерістерін жетіл­діруге байланысты өткір сын-ес­кертулері мен маңызды ұсыныс­тарын айтты. Еліміздің Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Ұлттық экономика министрі Ти­мур Сүлейменов, Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жоба бойынша қажетті түсініктеме берді. 

Талқылауды қорытындылай келіп, Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев үшжылдық бюджетте Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы халықтың әлеу­меттік жағдайы мен өмір сапасын жақсартуға байланысты тапсырмаларын орындау көзделіп отырғанын атап өтті. Ол Сенат депутаттары көтерген өзекті мә­се­лелерге Үкімет мұқият назар ауда­рып, олардың оң шешімін табу бойынша кешенді жұмыс жүргі­зеді деп сенім білдіретінін жеткізді. 

Заң жобасы сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске қайта жіберілді. 

Әуедегі қауіпсіздіктің тетігі

Сенат жалпы отырыста, сон­дай-ақ Әуе кемелерінің бортын­да жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы кон­венцияны және Әуе кеме­ле­рінің бортында жасалатын қыл­мыстар және кейбір басқа да ак­тілер туралы конвенцияны өзгер­­тетін хаттаманы ратификация­лады.

1963 жылы 14 қыркүйекте То­киода қол қойылған Әуе кеме­лерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенция әуе кемесінің бортында жасалатын қылмыстар мен өзге де актілерге қатысты юрисдикцияны мемлекеттердің жүзеге асыруы тәртібін белгілейді. Әуе кемесінің және оның бортындағы адамдардың немесе мүліктің қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыстар мен актілерді жасайтын адамдарға қатысты әуе кемесі командирінің өкілеттіктері айқындалды.

2014 жылы 4 сәуірде Мон­реальда (Канада) қол қойылған Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны өзгертетін хаттама уағдаласушы мемлекет, егер ол әуе кемесін пайдаланушы болып табылса, әуе кемесінің бортында жасалған қылмысқа қатысты өз қылмыстық юрисдикциясын белгілей алатынын реттейді. Қазіргі кезде бұл Конвенцияға 186 ел қосылып отыр. 

Хаттамаға сәйкес әуе кеме­сін­дегі күзет қызметкері, экипаждың кез келген мүшесі немесе жолау­шы командирдің рұқсатынсыз ақылға қонымды алдын алу шараларын қолдана алады.

Әуе кемесінің командирі аума­ғында әуе кемесі қонатын кез келген уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдарына әуе кеме­сінің бортында қылмыс болып табылатын акт жасады деп пайымдауға негіз болған кез келген адамды бере алады.

Отырыста, сондай-ақ Әуе ке­мелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенция және Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны толықтыратын хаттама да ратификацияланды.

Хаттама қазіргі заманғы техникалық құралдарды пайдалану арқылы ұшырып әкетудің алуан түрлерін қоса отырып, әуе кемесін заңсыз басып алу актілерінің тізімін кеңейтеді. Қылмыстың жетекшілері мен ұйымдастырушыларына қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ құқық бұзушыға тергеуден, қуғындалудан немесе жазадан құтылып кетуге талпыныс­тарына көмектескен адамдарға жауаптылық белгіленеді.

Отырыс барысында сенатор Бірғаным Әйтімова тарихи қорымдарға қазба жұмыстары туралы, Сәрсенбай Еңсегенов  төртінші деңгейдегі бюджетті қалыптастыру туралы сауал жолдады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар