Аймақтар • 27 Қараша, 2018

Түркістандағы талпыныс пен сенім сыйлайтын орталық

370 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орталыққа кіргенде бірі балдаққа сүйенген, енді бірі қоларбаға таңылған жандарды көріп, алғашында аяныш сезімін бастан өткересіз. Әлден соң әрбірінің ынтасы мен табандылығы алғашқы пікіріңізді өзгерте бастайды. Тіршілігімен танысып, келушілермен әңгімелескеннен кейін қоғамнан бөлек, қоршаған ортадан алшақ бұйығы өмір сүріп келген, тағдырдың жазуымен мүгедек атанған жандардың осы орталықта мемлекеттің өзіне деген қамқорлығын сезінетінін, алға ұмтылатынын аңғарасыз. Өзінің ел қатарлы өмір сүруіне, құқын қорғап, өмірден өз орнын табуға болатындығына негізінен осы орталықта көз жеткізетінін білесіз.

Түркістандағы талпыныс пен сенім сыйлайтын орталық

Біз айтып отырған Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үй­лес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№8 арнаулы әлеу­мет­тік қызмет­тер кө­р­­сету ор­та­лығында» мү­ге­­дек жан­­дарға жан-жақты қамқорлық жа­са­­лып, жақсы көңіл-күй сыйлау мақсатындағы түрлі іс-шара жиі өткізіліп тұрады. Ал негізі Шымкент қала­сын­дағы аталған орталықта жыл көлемінде 960 мүмкіндігі шектеулі жан оңалтудан өтеді екен. Әр ай сайын стационарлық-санаториялық режімде аудандардан – 45, Шымкент қаласынан 30 мүгедек күндіз­гі бөлімде қа­былданады. Осы арада айта кетелік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда еліміз­де мүгедектігі бар адам­­дар­дың саны 7,5%-ға ұлғай­ған. Сол себептен де болар, ор­талық қызметін алуға ниеттілер қа­тары көбейе түскен және олар бұл мүмкіндікті ұзақ күтуге мәжбүр. Орталықтың оларға бе­р­ері мол, мысалы дәрігерлердің нұсқаулары бойынша ем алады, дене шынықтыру жаттығуларын жасайды, сондай-ақ түрлі дәрі-дәрмек­терді, дәру­­мен­дер­ді қа­былдайды. Спорттық эста­фета­лық топтық ойындарға ден­саулықтарына қарай қаты­са­ды. Басқа да мәдени іс-шараларға қатысу үшін арнайы көлік қызметі ұсынылады. Өздігінен еңбек ету­ге кө­мек­те­седі. Еңбек­пен емдеу ар­қы­лы өмірге деген көз­­қа­расын жақсартып, қызы­ғу­шылықтарын оятады. Моншақтан, бисермен әртүрлі бұйым жасауды үйренеді. Тігін машинасымен жұмыс істеп, құрақ көрпе­шелер, жастықтар, көйлектер тігеді және жоғалтқан тұрмыстық дағ­дыл­арын қайта қалпына келтір­еді. Қызмет алу­шы­лардың өз қолдарынан жасаған бұйымдарынан көрме ұйымдастырылады. Өзін-өзі қам­тамасыз ету және матер­иал­дық жағдайларын жақсартуға қа­тыс­ты бағыт-бағдар, кеңес беріледі. 

– Елбасы Н.Назарбаев Жол­да­уын­да «мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз ор­та» қа­лып­­тастыруға зор мән беріл­уі тиіс» екенін атап көр­сетті. Жалпы, Мемлекет басшысы мүгедектер мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Соның нәтижесінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау- көмектер көп. Өзін кем сезінбеуі үшін орталық қызметін пайдаланушы жандарға отбасылық кәсіпкерлікті ашу және дамыту үшін «Атамекен» қорының облыс бойынша аймақтық филиалы бизнес сабақтарын жүргізеді. Онда кәсіпкерлік жолдары жан-жақты түсіндіріледі. Қызмет алушыларға жеңілдіктер, жәрдемақылар, өтемақылар мен басқа да төлемдерді алуға кеңес беріледі. Орталық І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға оңалту қызметтерін көрсетеді. Ол қызметтерді алған соң денсаулықтарында оң өзгеріс болып, жеке кәсіп ашқандары да баршылық. Өмірге деген құлшынысы артып, алғысын білдіріп жатқандары да аз емес. Кезінде мекемеде оңалтудан өткен Ермек Қалымбетов түрлі спорттық жарыстарда жо­ғары дең­гей­де өнер көрсетіп, қол­арба жары­сынан Азия чем­пио­ны атан­ды. Кентау қала­­сынан ке­­ліп, оң­ал­­ту­дан өт­кен Айдос Қалиев бүгінде көптеген мә­де­ни іс-шарада концерттік бағ­дар­ламалармен өнер көрсетуде. Ал мүмкіндігі шек­­теу­лі Бөрібек Жылқыбаев қол­­­­дың ұс­ақ мо­то­ри­касын жақ­­­­сар­­ту мақсатында ірі мон­шақ­тардан әртүрлі бұйым жасап, мекемеміздің атынан қолөнер шеберлері көрмелеріне қатысып жүр», дейді «№8 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Гулия Жазыхбаева. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың әлеуметтік мәрте­бесін көтеру, тарихи жәдігерге сүйіс­пеншілігін арттыру, өлкесін таныту, патриоттық сезімін одан әрі қалыптастыру мақсатында ай сайын өңірдегі мұражайлармен танысуына мүмкіндік жасалады екен. «Бұл мекемеге 2012 жылдан бері келіп ем алудамын. Емнің барлық түрі қарастырылған. Орталыққа келген күннен бас­тап жақсы көңіл-күйде жүреміз. Ден­саулықты ны­ғайтуға ар­нал­­ған емдік про­­­це­дура­ларды көр­­сететін мамандардың кәсіби бі­лік­­тілігі жоғары дәрежеде, оңалту орталығының қыз­меткерлеріне айтар алғысым шексіз», дейді             І топ мүгедегі Ерахан Сейтбеков.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, орталық қызметіне мұқтаж жандар көп. Алайда оны қалаған мезгілінде қабылдау мүмкін болмай отыр. Оның бір себебі – орталық орналасқан ғимарат тарлық етуде. Бұл өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін қозғалысына да кері әсерін тигізуде. Яғни талапқа сай типтік ғимарат қажет. Бұл орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Мәдина Әбіл­қа­сымованың «Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері оңалту көмегінің қолжетімдігін жақсарту үшін қосымша оңалту орталықтарын ашу жөніндегі қажетті шаралар қабылдауы қажет» деген мәлімдемесі көңілге сенім ұялатады. Министрлік мәліметіне қарағанда, елімізде 192 қалпына келтіру емі және медициналық оңалту ұйымдары жұ­мыс іс­тейді. Олар­дың 129-ы мем­­ле­кеттік және 63-і жеке­­меншік ұйымдар. Өткен жыл­дың қорытындысы бойынша бекітілген норматив 25-ке тең болған кезде халықтың оңалту төсектермен қамтамасыз етілуі 10 мың адамға шаққанда барлығы 1,4 төсекті құраған. Яғни оңалту және қалпына келтіру емдерімен қамтамасыз етудің жеткіліксіз екені байқалады. Министрдің мәлімдеуінше, 18,7 млрд теңге сомасында 5 жергілікті мемлекеттік – жекеменшік әріптестік жобалары жоспарланып отыр. 

Иә, уақыт өте талапқа сай ғимарат салынып, қосымша оңал­­­ту орталығы да ашылар. Ең бастысы, бүгінде мүмкіндігі шек­теулі жандар оңалту орталығында ем қабылдай жүріп, жанын жіті түсінетін, өзі секілді тағдырлас, мұңдас жандарды тауып, жақын араласу, достасу арқылы да қоғамның белсенді мүшесі екенін сезінуде.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы