Президент • 28 Қараша, 2018

Пауло Ботта: Бірегей мұраны ұрпаққа аманаттау маңызды

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықтар мен өңірлер арасындағы өзара қарым-қатынас – адамзат қоғамындағы тарихи тәжірибенің алтын өзегі. Олардың бір-біріне ықпал етуі мен арадағы қым-қуыт байланыс тарих пен мәдениетті қалыптастырады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында атап өткендей, Қазақстанның жағдайында ұлан-ғайыр Ұлы дала қазақ халқының тарихында аса маңызды рөл атқарып, оның мәдениетіне орасан ықпалын тигізді.

Пауло Ботта: Бірегей мұраны ұрпаққа аманаттау маңызды

Бүгінгі күннен сонау Ұлы Жібек жолына дейінгі, Алтын ғасырдан ғұн мәдениетіне дейінгі, қызғалдақтардан түркі мәдениетіне дейінгі элементтерді Ұлы даладан, өз бастауын алатын географиялық нүктесінен бөліп қарауға болмайды. Автор айтып өткендей, мұның барлығының қазақ халқының тарихына ықпалын жете зерттеп, осынау бірегей мұраны келер ұрпаққа аманаттау қажет. Бұл – мәдени байлықтың маңызды бөлігі.

Жалпы, кез келген істе халықтың төл мәдениеті мен өзіндік тарихы еске­рілуі құба-құп. Осыған орай, «Мәде­ни мұра» бағдарламасы осы тарихи тә­жі­рибені сақтауға және оны жан-жақты зер­делеуге бағытталды. 

Өз тәуелсіздігін алғаннан бері Қа­зақ­­стан үлкен белестерден асты, алда әлі талай бағындырар асулар бар. 

Осы орайда испан тілді немесе Ла­тын Америкасы халықтарына алдағы уақытта Ұлы даланың, түркі ха­лық­тарының мәдениетін және олардың әлемдік мәдени дамуға қосқан үлесін кеңірек таныту қажет деп ойлаймын. 

Экспедиция мен фольклорлық поэтика түркі мәдениеті үшін қаншалықты маңызды болса, біздің мәдениетіміз үшін де соншалықты құнды. Осы мә­селе біздің арамызда мәдени көпір болуы мүмкін.

Шамамен 600 миллион адам испан тілін ана тілімен бірдей қолданады, ал тағы 60 миллионы зерделеу үстінде. Мұ­ның түркі мәдениеті мен тарихын тануға қызығушылығы зор ауқымды аудитория екені айтпаса да түсінікті. 

Жақын болашақта біз бұл мәселелер туралы испан тілінде де егжей-тегжейлі мәліметтер ала аламыз деп ойлаймын. Академиялық және университеттік мекемелер қазақ және түркі мәдениетін шетелдерге кеңінен танытуда,  ілге­рі­летуде маңызды рөл атқарады деп үміт­тенемін. Бұл ретте сіздер үшін көр­се­туге тұратын, ал біз үшін үйренуге тұра­тын мұралар жеткілікті екені анық.

Пауло БОТТА,

Халықаралық қатынастар саласындағы PhD доктор, профессор (Аргентина)