Өнер • 28 Қараша, 2018

Қарағандының өнерлі өрендері Түркияда көк туды желбіретті

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағандының «Волшебная страна» балалар хореографиялық ансамблі Түркияда өткен «International Citrus Festival Mersin» халықаралық фестиваліне қатысты. Мерсин қаласында ту тіккен бұл өнер мерекесінде әлемнің 28 елінен келген өрендер бас қосқан болатын.

Қарағандының өнерлі өрендері Түркияда көк туды желбіретті

Құрамы 26 өнерпаздан тұратын «Волшебная страна» ұжымы бұл сапарға бару мүмкіндігіне Қарағанды қалалық әкімдігінің қолдауы арқасында ие болды.

Фестиваль барысында өнерлі жастарымыз Мерсин қаласының басты көшелерінде өткен шеруде Қазақстанның көк байрағын алып жүрді. Жалпы «Волшебная страна»  ансамблі өнер мерекесі аясында қаладағы басты үш алаңда өткен концерттерге қатысты. Олар сахна төрінде қазақтың төрт биін шеберлікпен орындады.

Ұжым мүшелерінің өнері көрермен мен шетелдік мамандардың көңілінен шығып, олар келесі жылы Мексика, Болгария, Румыния және Түркияда өтетін халықаралық фестивальдерге шақыртулар алды.

Қайрат Әбілда,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды