29 Қараша, 2018

Өнімдерді экспорттау ұлғаяды

391 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бастаған республикалық ақпараттық топ Түркістан облысының Сайрам ауданындағы жоғары технологияларды қолдану арқылы алма өсіріп, оны сақтаумен және сатумен айналысатын «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС, сонымен қатар, бір мезетте 10 мың ірі қараны бордақылайтын «Нұрым групп» ЖШС жұмысымен танысты.

Өнімдерді экспорттау ұлғаяды

Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нде бастапқыда 83 адам тұрақты жұмыспен қам­тыл­са, компания жұмысын баста­ған үш жылда оның саны 277 адам­ға жеткен. Жалпы көлемі 106,5 гектар болатын серіктестік бауы­на 215 мың түптен астам жеміс ағаштары егілген. Мұнда алма­ның түр-түрі мен шиенің «Стен­лей» атты шетелдік сұрып­тарын кездестіруге болады. Яғни, 1 гектер жерге шамамен 2500 түп ағаш көшеті отырғы­зыл­ған. Заманауи техникамен жабдық­талған бау тамшылатып суару жүйесі арқылы жұмыс істейді.

Ақпараттық топ өкілдері меке­менің алмадан шырын шығаратын цехын, шетел нарығына сапалы өнім дайындайтын қоймасын аралап, кәсіпкер Болатбек Әлиевтің шетелдік тұқым сұрыптаудағы озық үлгілер мен технологияларды кәдеге жаратқан игі бастамасына ризашылығын білдірді. 

Мұнан соң Сайрамдағы шетел нарығына ет экспорттайтын «Нұрым групп» бордақылау алаң­ында болған ведомство басшысы сойыс малдың басын көбейтіп, ірі шаруа қожалықтарын, оның ішін­де қой бордақылау алаңдарын арттыруды тапсырды.

«Қазірдің өзінде Қытай нары­ғы көптеген ауылшаруашылық өнімдеріне (балық өнімі, асыл тұқымды жылқылар, мұздатылған қой еті, бал, бидай, бидай кебе­гі, соя бұршағы, сойылатын жыл­қы­лар, рапс күнжарасы, сиыр еті, жоңышқа, ұн, өсімдік майы) ендеп келеді. Иран тарапымен қойды, тоңазытылған әрі салқындатылған қой етін, сиыр етін, тағамдық жұмыртқаны жеткізуге арналған ветеринарлық талаптар келісілді. Ал биыл тірідей ірі қараға қойы­латын талаптарды келісу жоспар­ланып отыр. Сондай-ақ ірі қа­раны және ұсақ малды Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмір­ліктеріне, ет пен ет өнім­дерін, тауық жұмыртқасын Бірік­кен Араб Әмірліктеріне жеткі­зуге қойылған шектеулер алын­ды. Ет және сүтті ірі қара мал, құс, суармалы жерлерді дамы­ту бойынша ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар әзірленді. Салалық бағдарламалардың ша­ралары мен көрсеткіштері аймақтық бағ­дар­ламаларда көрініс табады. Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру басталды. Ұлтаралық ком­па­нияларды экспорттық нарық­тармен Қазақстанның агро­өнеркәсіп кешеніне тарту олардың капиталға ғана емес, сондай-ақ жаңа өндіріс пен технологияларды инвестициялауына, жаңа басқару тәсілдерін енгізуге және танымал әлемдік брендтердің бел­гісімен ауыл шаруашылығы өнім­дерін экспорттауға мүмкіндік береді», деді Ө.Шөкеев. 

«Нұрым групп» кешенді мал бордақылау алаңы мамандарының айтуынша, жыл басынан бері Өзбекстанға 800 тонна, Иранға 200 тонна ет жөнелтілді.

Ақпараттық-насихаттық топ­тың сапары Шымкент қаласында қорытындыланды. Ө.Шөкеев Ел­басының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында қала активімен кездесті.

Бүгінде Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында Шымкент қаласында бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын айтқан қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов алдағы уақытта «Шымкент» агроиндустриялық аймағы құрылатынын жеткізді. Жобада аграрлық секторды экономиканың жаңа қозғаушы күштеріне айналдыру қажеттігі ескерілетін болады. Оған 20 млрд теңге жеке инвестиция тар­ты­лып, 40 кәсіпорын ашу жоспар­лануда. Нәтижесінде Шымкент­те бүкіл оңтүстікте өсетін ауыл­ша­руашылық өнімін өңдейтін клас­тер құрылып, 2022 жылы ауыл­шаруашылық өнімінің көлемі 67,5 млрд теңгеге жеткізілмек.

«Ауылшаруашылық өнді­рістік кешенін қолдаудың жос­парланған шаралары үш блокқа бөлінуі мүмкін: жүйе, индустрия және нақ­ты инвестициялық жобалар. Өнеркәсіп мемлекеттік тетіктер жетілдіріліп, мем­ле­кеттік қолдау көлемі артады. Сондай-ақ тиімсіз суб­си­дия­лар­ды қысқарту жоспар­лануда. Бо­сайтын қаражат несие­лер мен лизинг бойынша сы­йақы мөл­шерлемесін, бірінші ке­зек­те фермерлерді техни­калық және технологиялық қай­та жарақ­тан­дыруға арналған инвес­тициялық субсидияларды азайту үшін пайдаланылатын болады», деді сала басшысы.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы