Руханият • 29 Қараша, 2018

Ауыз әдебиеті хал­­қы­­мыздың жадын айрықша шы­нық­тырды

603 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуықта жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры»атты мақаласында айтылған терең пайымдар жайлы тарихшы-мамандар не дейді? Осы тұрғыдан, түркі-қыпшақтанушы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық ғылым академигінің академигі  Болат Көмековті әңгімеге тарттық. 

Ауыз әдебиеті хал­­қы­­мыздың жадын айрықша шы­нық­тырды

– Болат Ешмұхамбетұлы, «Еге­мен Қазақстан» газетінде жария­­ланған Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқыған болар­­сыз. Тарихшы ретінде осын­да айтыл­ған ұсыныстар мен пайым­дарға қатысты пікіріңіз қандай?

– Газетте жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласын оқып, кәсіби тарихшы ретінде тынысым кеңейіп отыр. Мақалада тарихымызға қатысты негізгі құндылықтар айтыл­ған. Соның ішінде тарихи сананы қалыптастырудың нақты бағыттары сілтенген. Сондықтан да мақаланы халқымызға рухани жол көрсетіп, болашақ бағытын айқындап берген дүние деп түсіндім. Мақалада көш­пелі қоғам ұғымы кеңейіп, «Ұлы дала мәдениеті» деңгейіне көтері­ліп отыр. «Өз тарихын білетін ел еш­қашан жеңілмейді» дейтін қағида тұр­ғы­сынан қарасақ, Елбасы ұсынып отыр­ған мақала қазіргі геосаяси жағ­да­й­да біз үшін идеологиялық құрал. 

Екіншіден, қай халық болсын тарихи санасы қалыптаспаса, оның рухани кемелдігін былай қойғанда, материалдық тұрғыдан да жарымайды. Осы мәселе мақалада жан-жақты айтылған. Біз қазір ғаламдық тарихи-әлеуметтік процесте отандық тарихтың маңызын ашып, оның орнын анықтауымыз керек. Осыны айғақтайтын дүние – Ұлы дала ұғымы. Өйткені ол кең ауқымдағы мәдени өріс. Бұл туралы күні кешеге дейін еуроцентристік бұғау айтқызбай келді. Тіпті аталған тақырыпты зерттеп жүрген адам жоқтың қасы. Елбасы мақаласының арқасында көшпелі қоғамның тарихи маңызын ашып айтуға зор мүмкіндік туып тұр.

Үшіншіден, қазіргі қазақ халқы – Ұлы даланың тұрғыны, оның тарихы – Ұлы даланың тарихы, дәл қазір біз Ұлы даланың кіндігінде отырмыз және бірден-бір мұрагеріміз. Яғни, қазақтың ұлттық болмысы – Ұлы даланың мәдени өрісі арқасында пайда болған. Сондықтан әрқашанда Ұлы даламен мақтанып, Ұлы даланы дәріптеуіміз керек. Байырғы бабаларымыз Ұлы даланың теңдессіз құндылықтарын бойына сіңіріп өскен. 

– Түсінікті. Өзіңіз атап өткендей баба­ларымыз бойына сіңіріп өскен Ұлы дала құндылықтарына тоқ­талып өтсеңіз?

– Ең үлкен құндылық Ұлы даладағы көшпелі қоғамның әр дәуірдегі техно­логиялық табыстары. Соның бірі металл өндіру ісі. Бұл дегеніміз мақа­ла­да айтылғандай, дала өркениеті техно­логия­лық тұрғыдан қаншалықты қар­қынды дамығанын көрсетеді. Ғұн-сақ дәуіріне тән өнер туындылары «аң стилі» дейтін теңдессіз бейнелеу мәнерін өмірге әкелді. Осының өзі-ақ далалықтардың көркемдік ой-өрісінің айрықша дамығандығын және металл технологиясын жоғары дәрежеде меңгергендігін білдіреді. 

Екіншіден, мақалада айтыл­ған – жылқытану немесе атқа міну мәдениеті. Жылқы мәдениеті, атты мініске үйретудің өзі жеке технология. Бұлардың түп негізі, яғни қалыптасу, даму кезеңдері биологиялық жолмен жүргізілген. Мәселен, жылқыға қажет ер-тұрман, ат әбзелдері, қару-жарақ түрінің ғасырлар бойы жетіліп отыруы, көшпенділердің биологиялық қабілетінің жемісі. Ерте дәуірдің өзін­де бабаларымыз жылқыны сұрып­тау, будандастыру, сапаландыру, тәулігіне жүз шақырымды желіп өтетін жорық аттарын дайындаудың биологиялық әдіс-тәсілін жете меңгерген. Бұдан жо­ғары, бұдан құнды қандай мәдениет болуы мүмкін. Президентіміз атқа міну мә­се­лесін айту арқылы Ұлы дала мә­де­ниетінің ұмыт қалған қырын қозғап отыр.

– Ұлы дала мәдениеті ол көшпелі қоғамның жемісі дейсіз. Осы орайда отырықшы қоғам мен көшпелі қоғамның қандай айырмашылығы, нақтырақ айтқанда, бір-бірінен қандай артықшылығы бар деген сұрақ туындайтын сияқты.

– Айырмашылық көп. Отырықшы қоғамда «жер болса, ел табылады» деген қағида бар. Көшпелі қоғамда бұл қағида керісінше айтылады: «Ел болса, жер табылады». Еліміздегі тарихи таным бұған дейін отырықшылықты жоғары қойып, оның көшпелі қоғамға тигізген әсері жайлы көтеріп айтып, керісінше көшпелі қоғамның өзіне тән ерекшеліктері бар екендігі айтылмайтын. Елбасының танымдық жазбасы осы мәселенің басын ашып берді.

Көшпелі қоғамның отырық­шы­лықтан басты айырмашылығы – ру-тайпалық құрылымы. Бұл жүйе қоғам­дық және мемлекеттік дамудың негізгі ұстыны. Қазақтың болмысы осы ру-тайпалық құрылымда. Кеңес­тік идео­логия «ру-тайпалық жүйе­ден ажыра­май қазақ ұлт болып қалып­таса алмайды» деген түсінік қалып­тастыр­ды. Ол ұғым бүгін де бар. Осы ұғым кет­се, қазақтың аты ғана емес, заты да жо­ға­лады. Ру-тайпалық құрылым көш­пелі қоғамға бейімделген – өте күрделі жүйе. 

Одан кейін көшпелі қоғамның бас­ты байлығы – ауыз әдебиеті, яғни фольклоры. Ауыз әдебиеті хал­­қы­­мыздың жадын жойдасыз шы­нық­тырды. Отырықшы қоғамда лири­ка­лық поэмалар саны бестен аспайды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорын­да қазақ фольклорының үл­кен-кішілі 200 мыңдай нұсқасы сақ­тау­лы тұр. Мұндай қазына-байлық оты­рық­шы қоғамда жоқ. Міне, руханият қайда жатыр! Байлық қайда жатыр! 

Көшпелі қоғам ешқашан бір жақты болмаған. Оның тұрмыстық мәдени бол­мысында: мал шаруашылығы, егін­шілік, қалаласу процесі, оқу-білімі бәрі бар толыққанды қоғам ол. Осының ішінде жазу мәселесіне келсек, ол шаруашылық немесе қазір­гі тілмен айтқанда, экономикалық көр­сет­кіш емес, ол өркениеттің бел­гісі. Сонымен қатар көшпелі қоғам, яғни Ұлы дала тұрғындары таби­ғат­пен тұ­т­а­сып өмір сүрген, оның жара­ты­­лыс заң­дылығын жақсы мең­гер­ген. Өмір сүр­ген ортасына көзі­нің қа­ра­­­шы­­ғын­дай қамқорлық таныт­қан. Қыс­қасы табиғаттың қас-қаба­ғын жазбай аң­дайтын керемет сұң­ғыла болған. Сұңғылалық дегеніміз – оқы­­мыстылық емес, ол табиғи та­лант­­ты­­лықтың қан­мен берілетін түй­сік-таным­ның ерекше қасиеті. Яғни ұлыдалалықтар еуроцентристер айтып жүргендей тек қой баққан ел емес, ой баққан, білімнің шырағын жаққан ел. 

Тағы бір ерекшелеп айтатын дүние – көшпенді қоғамда адами фактор бірінші орында. Қазіргі әлеу­мет­танушылар айтып жүрген «адам капиталы» дегеніміздің түп-төркіні осы. Адам қадіріне аса маңыз берілген­дік­тен көшпелі қазақ қоғамында ешқашан құл болмаған. Яғни, адам құқы тапталмаған. Қоғамға «обал» дейтін ұғым терең сіңірілген. Бұл ұғым отырықшыларда атымен жоқ. Айта берсек көп-ақ, көк шөпті жұлмаған, суға түкірмеген, қажетінен артық аң атпаған, дүние жинамаған, т.б. Егер осы құндылықтарды сақтай алғанда қазіргідей экологиялық һәм рухани зардапқа ұрынбас едік. 

Біздегі ең үлкен қателік – өркениет атаулыны отырықшы қоғаммен байланыстыру дәстүрі салтанат құрып келді. Өркениет дегеніміз не? Ол – мем­лекет, ол – қала, ол – жазу-сызу, ол – руханият. Осы төртеуі өркениет деп саналды. Ал көшпелі қоғамның бол­­мысы мұндағы төрт заңдылыққа сый­­май­ды. Өйткені көшпелі қоғам­да – мал шаруа­шылығы, сонымен бір­­ге қала да, кент те, егіншілік те жазу-сызу бәрі болды. 

– Елбасы мақаласында: «Қазақ­стан – күллі түркі халық­тарының қасиетті Қарашаңырағы депті. Осы пайымға түркі-қыпшақ­тану­шы ғалым ретінде пікіріңіз қандай? 

– Бұл өте дұрыс пайым. Мысалы, Алтай­дан басталған көне түркі этно­сының қалыптасу процесі Ұлы далада жүргізіліп, VІ ғасырда Қазақстан аума­ғында алғашқы еуразиялық им­перия – Түрік қағанаты дүниеге кел­ді. Қағанаттың шекарасы кеңейіп, Сол­түстік Кавказ бен Қара теңіз жаға­лауына дейін жетті, Иран және Визан­тия елдерімен қарым-қатынас орнады. Қағанаттың ең жоғарғы жетістігі – көне түркі жазуының кең таралуы. 

Алғашқы орта ғасырда Хижаз даласында көшпенді арабтардың күшеюі себебінен түркі қағанаты ыдырап, жаңадан жеті мемлекет туды. Олар: батыста бұлғар мен хазарлар, қазіргі Қазақстан жері Ертіс бойында – кимек, Сыр бойында – оғыздар, Жетісу жерінде – қарлықтар мемлекет құр­ды. Қалған екеуі: Енесей бойындағы қырғыздар мен моңғол үстірті Өтукен қойнауында пайда болған – Ұйғыр хандығы. Бұлардың барлығы байырғы түркі қағанатының ел басқару жүйесін, шаруашылық мәдениетін, өнер-білімін, жазу-сызуын бұзбай дамытты. Осылай бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты.

Орта ғасырда әлемде түркілер­дей өмір сүруге ынталы, жігерлі халық бол­маған. Қазір біз сол ынта мен жігер­дің не екенін ұмыттық. Түркі­лер­дің күнделікті тірлігіне отырықшы қоғам өкілдері таңдай қағып тамсанатын болған. Пассио­нарлық дегеніміз – ынта. Мұны алғаш байқаған адам Л.Гумилев. Ғалым оны қалай аңғар­ды десек, ол кісі мұны Ұлы дала мәде­­ниетін зерттеудің нәтижесінде білді. Тіпті басқасын былай қойғанда ауылда өскен, көшпелі тірліктің жұқа­насын көрген балалар қалалық қатар­ластарына қарағанда ынталы, жігер­лі, білуге, үйренуге құштар. Дәл бүгін­гі жаһан­дану дәуірінде ғаламдық бәсе­кеге төтеп беру үшін қазіргі қазақ­қа ал­­дың­ғы орта ғасырдағыдай түркілік пассио­­нар­лық ынта керек. Сон­дық­тан да Елбасы мақаласында: «Түркі өрке­ниеті: түп-тамырынан қазір­гі заман­ға дейін» атты жобаны қол­ға алу­дың қажеттілігі өте орынды ай­тыл­­ған және келесі жылы Астанада Түрко­­лог­­тардың дүниежүзілік кон­гресі түр­кі халықтарының мәдени күн­дерін ұйым­дастыру шарасы да аса қажет дүние.

– Болат аға, соңғы сұрағым Ел­ба­­сы­­ның мақаласында айтыл­ған та­рихи пайымдарды қоғамға кі­рік­ті­ріп, көпшілік санасына ор­нық­тыру үшін қандай іс-шаралар атқарылуы тиіс? Осыған не айтасыз?

– Жалпы, мемлекет құрудың негізі экономика емес, руханият. Руханияты бай, рухы биік ел ешқашан жеңілмейді. Яғни, өзінің тәуелсіздігін сақтайды. Елбасы мақаласы қоғамды осыған үндеп, тарихи сананы жаңғыртудың жолын нұсқап тұр. Тарихи сана – бұрынғы ұмыт болған құндылықтарды жаңғырту арқылы іске асады. Біздің өткен тарихта ұрпақ ұялатын ештеңе жоқ, әрі тарихи-мәдени аспектілеріміз өте бай. Осыны әлем білуі керек, басқалар мәртебе тұтуы тиіс. 

ХІХ ғасырдың өзінде көшпелі қоғамның теңдессіз байлығына назар аударған ғалымдар болды. Олардың біріншісі – Шоқан Уәлиханов, екінші – академик Бартольд. Бірақ бұлардың ізін, ілімін жалғастыратын адам болмады, оның бергі жағында бұл сала жабық тақырыпқа айналды да маман дайындалмады. Сондықтан ең әуелі көшпелі қоғамның ерекшеліктері мен құндылықтарын зерттейтін жас буын мамандар дайындауымыз керек. 

Одан кейін отандық тарихшылар әдістемелік методын жаңартсын. Себебі, жаңа зерттеуге ескі методология жарамсыз. Ұлы дала ұғымына әлем­дік көзқараспен өте биіктен қарауы­мыз керек. Шығыстың дана­лығы бар: «Адам қоғамға пайдасы тиетін іспен, іліммен шұғылдансын» деген. Сол сияқты Ұлы дала тарихымен шұғылданған адамның қолынан шыққан мұрасы дәлелді, өте жақсы ғылыми тәсілмен жазылуы тиіс. 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»