Аймақтар • 29 Қараша, 2018

Жыл соңына дейін Ақтөбе облысында 400 шақырым көлік жолы жөнделеді

352 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.

Жыл соңына дейін Ақтөбе облысында 400 шақырым көлік жолы жөнделеді

«Ақтөбе облысы - Қазақстанның негізгі көлік және транзиттік тораптарының бірі, сондықтан көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылады. Биыл облыс жолдарын салуды және жөндеуді қаржыландыру бір жарым есе өсті. Барлығы 37,5 млрд теңге бөлінді. Осы қаражатқа 400 шақырым автокөлік жолы жөнделіп, салынды, бұл 2017 жылға қарағанда жүз шақырымға артық»,- деді өңір басшысы.

Анағұрлым ірі жол жобаларының қатарында «Астана-Ақтөбе-Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Орск», «Ақтөбе қаласындағы оңтүстік айналма», «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк», «Дөң-Никельтау-Бадамша» автокөлік жолдарының учаскелеріндегі жөндеу-құрылыс жұмыстары бар.

Ақтөбе қаласында жөнделген жолдардың жалпы ұзындығы 27,6 шақырымды құрады. Осы жылы Ақтөбеде көлік саласында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, екі айналма жол айрығы бар туннельді өтпежол ашылды. Сазды өзені арқылы өтетін көпір мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ауданындағы Ақтөбеден шығып кететін жолда өтпежол салынды. Құны 2,1 млрд теңге болатын жобаны жүзеге асыру өткен жылдың маусым айында басталған болатын. Ұзындығы 67 метр болатын өтпежол қаланы «Батыс Еурорпа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізімен жалғап, сонымен қатар, көліктердің «Ақтөбе-Мәртөк» автокөлік жолында теміржол жолдарын кедергісіз әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті.

Жалпы, жаңа көлік жол айрықтары облыс орталығының орталық көшелеріндегі трафикті азайтуға көмектеседі.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы