Қазақстан • 29 Қараша, 2018

Астанада медиация институтының даму болашағы талқыланды

574 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық істер комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстандағы медиация институтының жағдайы және даму болашағы» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтті.

Астанада медиация институтының даму болашағы талқыланды

Дөңгелек үстел жұмысына Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Ә.Ғалымова, «Медиаторлардың ұлттық палатасы» РҚБ басқарма төрағасы С.Романовская, «Медиаторлардың ұлттық палатасы» РҚБ өкілі М.Дячук, «Қазақстандық медиаторлар палатасы» ҚБ басшысы Э.Есімбетова, «Қазақстандық Медиация, Модерация, Фасилитация, Келіссөздер орталығының» директоры И.Виговская және «Диалог» шиеленісті шешу орталығының» директоры Т.Савицкая және осы саланың мамандары қатысты.

Жиынның басты мақсаты – азаматтар арасындағы даулы және шиеленісті жағдайларды медиация арқылы шешу мәдениетін қалыптастыру, медиация институтын насихаттау және дамыту. Бүгінгі таңда елімізде 84 медиация орталығы, 2 000-нан астам медиатор жұмыс істейді. Қылмыстық даулар бойынша медиация рәсімдерінің ең көп саны – 54%, отбасылық – 24%, коммерциялық даулар бойынша – 9%.

Жиынды ашқан Әлия Ғалымова министрліктің елде медиация институтын дамыту бойынша жасап жатқан шараларына тоқталып өтті. «Біріншіден, биыл 9 тамызда қоғамдағы қарым-қатынастардың тұрақтылығын сақтау, қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, құқықтық сананы арттыру, елдегі медиация мәдениетіне жағдай жасау мақсатында министрлік Жоғарғы Сотпен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Министрлік бекітілген меморандум аясында «2018-2019 жылдарға арналған медиация институтын дамытуды қолдау жөніндегі жол картасы» әзірлеуде. Екіншіден, құрамына беделді медиаторлар, сарапшылар, азаматтық сектор институттарының өкілдері және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар кіретін «Қоғамдық даму министрлігі жанында медиация институтын дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңес» құру бойынша жұмыс жүргізілуде», деді ол. Сондай-ақ ол медиация туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі, кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторлардың республикалық тізімін құру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылуда екенін айтып өтті.

 Өз баяндамасында ШҚО «Медиаторлар ұлттық палатасы» РҚБ өкілдігінің директоры Марианна Дячук сот істеріндегі медиацияның маңыздылығына тоқталды. «Дауды бейбіт реттеуге ықпал ету сот ісін жүргізудегі тәсілдердің бірі болып табылады», деп атап өтті.

«Медиаторлар ұлттық палатасы» РҚБ басқармасының төрағасы Светлана Романовская өз кезегінде «Қоғамдық кеңестің, Омбудсменнің және оның аппаратының өзара іс-қимылы, олардың бірлескен қызметі тауарлар мен қызметтер нарығында заманауи қатынастарды қалыптастыруға, кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және еліміздің өркендеуіне ықпал ететінін», айтты.

Жиын соңында еліміздегі медиация институтын дамыту бойынша ұсыныстар қабылданды. Медиация туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының құрамына бірқатар ұсыныстар әзірленді.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»