Саясат • 30 Қараша, 2018

Смағұл Елубай: Тарихнамада есесі кеткен ел едік

869 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біз бір нәрсеге таңғалатынбыз. Бір тарихи озбырлыққа таңғала­тынбыз. Еңку, еңку жер шалған, егеулі найза қолға алған кешегі ата-бабаларымыз Еуразия кеңістігінде өшпес із қалдырған. Алайда Жер Ана бетін әжімдеп сайрап жатқан сол іздерге деген өшпенділік те болғанын сезетінбіз. Өшпенділік болатыны – ол заман халықтар бір-бірін қан қақсатқан заман еді. 

Смағұл Елубай: Тарихнамада есесі кеткен ел едік

Заманына қарай адамы. Қас­қыр за­манда қасқыр болмасаң сені екі бүктеп, бір шайнайды. Тістегеннің ауызында, жұт­қан­ның жұмырында кетесің. Сен біреуге бас салмасаң, са­ған біреу бас салады. Сондай күш­ке табынған дәуір болды. Қарақұрым халық күштілерге қол со­ғатын. Төбесіне көтере­тін. Ал­дын­­да құрдай жорға­лай­тын. Сақ, ғұн, ежел­гі түркілер дәуірі солай бол­ды. Біздің сол арғы аталарымыз сол заманға сай өмір сүрді. Жаппай жауынгер болды. Ә дегенге, мә деді. Аттың жалы, атан қомын­да жүріп еңку-еңку жер шалды. Еур­азия кеңістігін шарла­ды. Күшке та­бын­ғандарды, күшпен табындырды. Та­банға салам дегендерді табанға салды. Қан­құйлы қағанаттарды бас идірді. Хал­қын қырғыннан қорғады. Жерін кеңейтті. Елін көбейтті. Тарих тө­ріне тақ орнатты. Ал бірақ теперіш көр­гендер оларға өшікті. 

Теперіш көргендер қылыш ұс­тай алмаса да, қалам ұстауға шебер еді. Қару-қаламмен көшпенді­лерде кеткен өшін қағаз бетінде алды. Жылнамаларын жазғанда қылышпен қиқалай алмаған көш­пенділерді қаламмен қиқалады. Та­балады. Таптады. Жерден алып, жерге салды. Жеңісін кеміс, биігін еңіс етті. Бүгін біз соған да мәзбіз. Жау қо­лымен жазылған сол бір сарыала қағаздарда әйтеуір ата-бабалардың аты жүргеніне мәзбіз. Жоқтан бар деп. Инемен құдық қазғандай сол сарыала қағаздардан бабалар ізін іздеумен жүрміз. Даттаса да, таптаса да сол бір дүбірлі дүние дүбірін жеткізген сарыала қағаздарға ризамыз. Тәуелсіздік тұсында біз сол сарыала қа­ғаз­дар сырын тірнектеуге кірістік. Бірақ заманында жау қолымен жазылған жыл­намалар қаншалықты шыншыл?! Қан­шалықты бұрмаланды?.. О жағын біл­мейміз. Бірақ сеземіз. Ежелгі дүние тарихында есесі кет­­кен халық екенімізді сеземіз. Өйт­кені заманалар ақиқатын арғы ата­ларымызға жау жылнамашылар жазып­ты. Ендеше, тарихнамада есе­сі кеткен Елміз. 

Ұлы дала тарихы ұрланған та­рих деу­ге лайық. Бұрмаланып, бүр­кемеленіп қа­ламы жүйрік жыл­намашылардың қанжы­ғасында кет­кен тарих деуге лайық. 

Араға мыңдаған жылдар салып Ұлы азат дала енді өз тарихын өзі жоқ­тай бас­тады. Өз тарихың үшін өзің күрес­песең, ол ешкімге керек емес екенін ұқ­тық. Өз тарихыңды өзің түгендемесең, оны ешкім түген­демейтінін ұқтық. Ара­ға мың­даған жыл салып та болса Ұлы дала ұлдары осы олқылық ор­нын толтыруға кірісті. Соның айғағы – Нұрсұлтан Назарбаев жаз­ған «Ұлы даланың жеті қыры». Мақала рухы – оян­ған Ұлы дала рухы. 

Ұлы дала өз тарихында тұңғыш рет өзін-өзі жан-жақты тануға ресми қадам бас­­ты. Өйткені оның туы жығылып тү­нек­­­те жатқан ке­зінде жоғалтқаны көп бо­лыпты. 

Үстем өркениет далаңды да, молаң­ды да, тарихыңды да тонапты. Көшпен­ді­лерде кеткен өшін еуропа­цен­тризм, сөйтіп тәмам тарихтан алып­ты. Ата-бабаларымызды варвар деп табалапты. Ұлы даланы құ­лақкесті құл ету үшін оның даңқ­­ты тарихын күлге аунатыпты, сүмірейтіпті. Сөйтіп бо­дандық қа­мы­тын киген Ұлы даланы идео­ло­гиялық төмпештің астына алыпты. Мақсат: тұлымдысын – тұл, ай­дар­лысын құл ету болыпты. Ақыры, сол мақсатына жетіпті. Ұлы дала ұр­пағын өз тілі, ділі, діні, тарихына қарсы шабатын мәңгүртке айнал­дыруға бар күшін салыпты. 

Бірақ жыртық үйдің де Құдайы бар. Қазақты қырған империяның өзі­­ қар­ғысқа ұшырап мұрттай ұш­ты.­ Қа­зақ­стан тәуелсіздік туын кө­тер­ді. Қазақстан Президенті бұдан екі жылдай бұрын сол бодан бостан болу­ға, рухани жаңғыруға үн­десе, бүгін, ғасыр­лар бойы еуропацентризм езгісінде езілген тарихымызды енді еңсе көтеруге, бой тіктеуге ша­қы­рып отыр. Отандық тарихты тіктеуде, тіріл­туде әдебиет пен кино рөлін айрық­ша атап отыр. Экранда жас ұрпақ елік­тейтін супер кейіпкерлер сомдауға ша­қы­рып отыр. Ондай кейіпкерлерді Ұлы дала жыраулары есте жоқ ескі за­­ман­­нан жырлап келген. Тасқа жа­зылған Тоныкөктен бас­тап, Ал­памыс, Қо­быланды, Қамбарлар болып жалғасып кете береді. 

Жауынгер ұрпақты жыраулар тәр­биеледі. Ұрпақ рухын көтерді. Қызыл сая­сат ол дәстүрдің тамырына балта шапты. Тарихын дәріптегендердің тал­қанын шығар­ды. Тарихың жоқ деді, болса, Қа­зан төңкерісінен басталады деді. Осы­лай оқытты бізді. Осы идеология салдарынан салымыз суға кетті. Қазақ­тықтан қашып шетімізден орыс бола бастадық. Ұлттық сана сұйылды. Идеологиялық төмпештің сұрапыл бол­ғаны сонша, соның салдарынан әлі ары­ла алмай келеміз. Әлі жаңғыра алмай ке­леміз. Ұлт санасын жаңғыртудың түр­лі-түрлі тетігі бар. Со­ның бірі – кино. Тари­хи кино. 

Ертеңгі Қазақстан – бүгінгі жас­тар ғой. Жаңғыру жастарға жеткенде ғана өз мақсатына жетеді. Болашаққа жетеді. Ал жастарымыз қайда жүр, қайда отыр? Олар күн сайын шетелдік кинотуындыларды қылғытып кинотеатрларда отыр. Қазақстан тарихына еш қатысы жоқ, шет­елдік киноөнімдерді суша сіміріп отыр. Ең болмаса өз тілінде де көріп отырған жоқ. Орыс ті­лінде қылғытып отыр. 

Экран – біздің ең осал тұсымыз. Кино­­театрлар – Қазақстанға тәуел­сіз шет­елдік идеологиялық империя тәрізді. Бұл іш­кі киноимперия соң­ғы 30 жыл ішінде ба­тыстық рухтағы бір ұрпақ тәр­биеледі. Өкі­ніштісі, ол ұрпақ Батыстың озық үл­гілерін емес, алдымен тозық үлгілерін қабылдады. Қо­ғамымызда ата-салтымызға жат, айтуға ауыз бар­майтын азғындықтың төбе көр­­сете бастауы содан деп білеміз. Со­нымен экран арқылы Батыстың озы­ғы емес, тозығын алған жас­тарымыз ертең ел болашағында қан­­дай рөл ойнайды?! Осы сауал – бүгінгі қазақ қо­­ға­мы­ның қабыр­ғасына шаншудай қадалып отырған сауал. 

Президент мақаласы осынау мез­гіл тудырған салмақты сауалға дер кезінде берілген салиқалы жауап бол­­­ды. Жастарымыз отыз жыл ұдайы Гол­ливудтың қымбат киноларымен ауызданды. Енді оларды арзанмен алдай ал­майсың. Қалай жасырсаң да, арзанның жыр­тығы мен тыртығы көрініп тұрады экранда. Экран – қатал аламан бәй­ге. Сол бәйгеге қымбат пен арзанды қалай қатар қосуға болады?! Көтерем ат пен жарау атты қалай қа­­тар бәйгеге қосуға болады!? Ала­ман бәйгеге көтерем ат қосып одан қа­лай бәйге дәметуге болады?! 

Әлемдік киноиндустрияда қар­жы­­ қашаннан – шешуші фактор. Чап­лин­нің «кинода біз қаржыны бі­рінші орын­ға қоямыз» деуі содан. Енд­е­­­ше қабылданғалы отырған кине­ма­тография туралы заңда сал­мақты қаржы салын­­­­баған жерде, сапалы кино да болмайтыны ескерілсе дейміз. Елбасының тікелей тап­сырмасымен тарихи санамызды бір сер­пілткен «Алмас қылыш» (реж. Р.Әбдрашев) өмірге келді. Жалғасы «Ал­тын тақ» осы Тәуелсіздік күні Ел­басы назарына ұсынылмақ. Бү­гінде «Қазақ­­фильмде» қазақ мем­лекетінің ат ойна­тып тарих сахнасына шығу тақырыбын жалғастыратын жемісті жұмыстар жүріп жатыр. 

Смағұл ЕЛУБАЙ, 

жазушы