Қазақстан • 30 Қараша, 2018

Сегізінші сыныптың Сұлтаны

387 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Мына фото 1956 жылы Алма­ты қаласының іргесіндегі Шамал­ған ауылында түсірілген екен. Алдыңғы қатарда отырған үш адамның сол жақтан біріншісі – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ортадағы әйел – Ирина Костицына. Бұл қыз Ресейдің Тамбов облысының тумасы екен. Тағдыр жазуымен Шамалған ауылына келіп, сегіз жылдық орта мектепте ұстаз бол­ған. Шетте отырған еңселі қария­ның аты – Жылқыбай Қара­саев. – Бұл кісі бізге математикадан сабақ берді, өте қатал, тым талапшыл адам еді», дейді жәдігердің тарихы туралы мәлімет берген елорда тұрғыны, Елбасының жақын досы һәм сыныптасы Сәдуақас аға Есімбай.  

Сегізінші сыныптың Сұлтаны

Сәдуақас Омарұлының айтуына қарағанда, осы жылдары Шамалған орта мектебінде аса білікті мұғалімдер жұмыс істепті. Тіпті ағайынды Шәме­новтер дейтін бірі – математика, екіншісі – медицина ғылымдарының докторы атағы бар ағалы-інілі адамдар биология және математика пәні бойын­ша орта мектепте ұстаздық еткен екен. «Орта мектепте ғылым докторларының сабақ беруі қалай?» деген біз­дің сұрағымызға Сәдуақас аға­мыз: – 1937-1938 жылдары қа­зақ зия­­лыларының дені ха­лық жауы ретінде атылды неме­се әр­түрлі жаза жүктеді. Одан аман қалғандары Алматы қала­­сынан қуылып, астанадан 30-50 шақырым алыс тұруға үкім етілді. Осы үкім бойынша Шә­меновтер біздің ауылға орна­ласқан көрінеді. Ал мына фотодағы Жылқыбай ұстаз да дәл осылай жер аударылған зиялы болатын, – деді. 

Одан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы­ның артында тұрған сы­ныптасы – Қасым Жұрын­баев. Бұл жігіттің қатарлас­та­ры­нан екі жас үлкендігі бар екен. Ертерек дүниеден өтіпті. Ор­тадағы қыз Зейнеп Жақаева. Бұл да Нұрекеңнен үш жас үлкен, 1937 жылы туыпты. Кейін бухгалтер ма­мандығын оқып, ұзақ жыл табан аудармай ауылда қызмет атқарған. Қазір Алматы облысы, Қарасай ауданы Жандосов ауылында тұрып жатыр. 

Суреттегі шетте тұрған бозбала – Сәдуақас ағамыздың өзі. Сәкең Елбасының естелік­терінде «ең жақын досы» ретінде баяндалады. Екінші тараптан бұл кісі Әбіш ата мен Әлжан ананың өкіл баласы ретінде Елбасымен бір ша­ңырақта тел өскен екен. – 1953 жылдың бір күні, – дейді Сәкең. – Біздің үйге Әбіш атамыз бен Әлжан анамыз келіп, «Сәдуақас қарағым, әкең Омар 1942 жылы соғысқа аттанарда бізге келіп, мына фашистің қарқыны қатты, мен осы кеткеннен қайта оралмаймын, сіздерге айтарым «жал­ғыз ұлым Сәдуақасқа қамқор болыңдар» деп сені аманаттаған-тын», деп 13 жастағы мені өкіл бала қылып алды. Сөйтіп мен осы кісілердің қамқорлығында болып, Сұлтанмен (Нұрсұлтанды айтады) тай-құлындай тебісіп бірге өстім. Кейін Әбіш ата үйінің іргесінен орын беріп, ол жерге қарындасым екеуміз саманнан үй тұрғызып алдық. Үйді салуға Украинада оқып жүрген Нұрсұлтан досым келіп көмектесті. Бертінде осы оқиға жайлы газеттерге «Сұлтан са­лысқан Сәдуақас үйі» деген мақала шығып, ол жазба кейін бір кітапқа енді. Бұл фото 8-сынып бітірген жылы түскен суретіміз. Нұрсұлтан екеумізді Әлжан ана дүкенге ертіп барып, бірдей етіп көйлек алып берді. Мына фотодағы Нұрекең екеуміз қатар киіп тұрған қаражолақты көйлек осы анамыз сыйлаған бұйым.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»