Аймақтар • 30 Қараша, 2018

Маңғыстауда студенттерге мемлекеттік қызмет көрсету сапасы тексерілді

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасы және облыстық білім басқармасының өкілдері, Ақтау қаласында орналасқан жоғарғы және арнаулы орта білім беру ұйымдарының мемлекеттік қызмет көрсету жағдайымен танысты.

Маңғыстауда студенттерге мемлекеттік қызмет көрсету сапасы тексерілді

Ғимараттарды аралау барысында «Yessenov University» студенттерге қызмет көрсету орталығы толыққанды қызмет жасап тұрғандығы, студенттер үшін қолайлы жағдайдың жасалғандығы байқалды. Қызметтер алу кезіндегі жаппай кептелісті болдырмау үшін арнайы электронды кезектілік және терминал орналастырылған.

Бұдан кейін, мамандар Ақтау қаласында орналасқан арнаулы орта білім беру ұйымдарын (колледждерді) аралап, өз өзіне қызмет көрсету бұрыштары мен студенттерге мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібін іс жүзінде көріп шықты.

Олардың ішінде Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжінің «Бір терезе» қағидатын нақты ұстанып, студенттер үшін арнайы қызмет көрсету орталығы мен көрнекті жерде өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы тиісті деңгейде ұйымдастырылған.

Жұмыс тобы білім алушылармен тілдесіп, қызмет көрсету сапасына қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бірақ, бұл жұмыстарды ұйымдастыру колледждердің барлығында бірдей өз дәрежесінде орындалмаған.

Мысалы, Маңғыстау энергетикалық колледжінде студенттердің өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының қызметімен танысу үшін жағдай жасалмаған, қызмет алушылардың, яғни студенттер сапалы қызмет ала алмай әлек. Маңғыстау гуманитарлық колледжінде аталған сервистің студенттер үшін қолайсыз жерде орналасқан және ақпараттандыруға байланысты жол көрсету белгілерінің болмауы сияқты кемшіліктер кездесті.

Ал, Маңғыстау туризм колледжінің ғимараты болса талапқа сай, әрі барлық қажетті техникалық құралдарымен, оқу тәжірибелік жұмыстар үшін жоғарғы деңгейде орындардың ерекше жабдықталуы, қызмет көрсету орнындағы мамандардың біліктілігі айқын көрініп тұрды.

Қорыта келгенде уәкілетті орган тарапынан оқу орындарының басшыларына орын алған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар берілді. Ал оның орындалуын бақылау облыстық білім басқармасымен жүзеге асырылатын болады.  

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы