Аймақтар • 02 Желтоқсан, 2018

Жетісуда Тұңғыш Президент күні қалай тойланды?

510 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы Тұңғыш Президент күні мерекесін Жетісу жұрты жасампаз еңбек, толайым табыспен қарсы алды. Өңірде 1 желтоқсан күні қарсаңында мерекелік шаралар ұйымдастырылып, жаңадан салынған ғимараттардың ашылуы болды.

Жетісуда Тұңғыш Президент күні қалай тойланды?

Облыс әкімдігінде өткен ресми жиында аймақ басшысы Амандық Баталов өңір тұрғындарын 1 желтоқсан – Тұңғыш Презитент күні мерекесімен құттықтап, еңбегімен еленген бір топ адамға обылс әкімінің Алғыс хаты мен «Астананың 20 жылдығы» медалін тапсырып, марапаттады.

- Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы мереке – халқымыздың Елбасына деген ерекше ықыласының, шексіз ризашылығының, зор құрметінің айғағы. Бұл – еліміз үшін тарихи күн! Өз тағдырын елінің тағдырымен байланыстырған, халқының бағына туған ұлы перзент – Тұңғыш Президентіміздің есімінің ел тарихында алтын әріптермен жазылатыны анық, - деді өз сөзінде облыс әкімі Амандық Баталов.

Осы күні Талдықорған қаласында 300 орындық музыка мектебі пайдалануға берілді. Өңірдің дарынды балаларының басын қосып, кәсіби білім беретін музыка мектебі заманауи үлгіде салынған, білім алуға толық жағдай жасалған өнер ордасына айналатын болады. Ақын Сара атын иеленген мектепте кітапхана, фортепиано, сольфеджио, музыкаллық әдебиет, вокала, хореография, скрипка ансамблі мен оркестр сыныбы жасақталған.

Сондай-ақ, осы күні Талдықорғанда ардагерлер арасында волейболдан халықаралық «Жетісу кубогы» турниір жалауын көтерді. Дәстүрлі жарысқа қатысқан бауырлас елдердің командалары табанды ойын мәнері мен жеңіске деген жігерді жаныған жолдастық кездесу үлгісін көрсетті.

Ал дәл 1 желтоқсан күні жаркент қласында Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай «Ұлы жебе» мемориалды кешені ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов, Парламент Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, тарихшы ғалымдар, қаламгерлер, аудан жұртшылығы қатысты.

- Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының азаттық жолындағы тарихи оқиғаларының бірі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Орбұлақ пен Аңырақайдағы тарихи маңызды жеңістер Азаттықтың ақ туы астында желбіреді», - деп, тарих толқынындағы ерлікке толы ұлы оқиғаларды дәріптеуге ерекше мән берген болатын. Мемлекет басшысының жақында жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы да біздің ұлттық тарихымызға терең үңілуге, халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына зор құрметпен қарауға үндейді. Орбұлақ тарихы – сол Ұлы Дала тарихының бір парағы, - деп атап өтті жиында Амандық Баталов.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы