Аймақтар • 02 Желтоқсан, 2018

Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің орталығында мерекелік шара өтті

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы!» атты салтанатты рәсім өтті. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған бұл шара барысында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Елбасының серіктестерімен кездесті.

Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің орталығында мерекелік шара өтті

– Біз Тұңғыш Президенттің өмірі Қарағанды облысымен байланысты екенін мақтан тұтамыз. Теміртау – оның жастық шағының қаласы. Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жетекші, көшбасшы ретінде қалыптасты, –деді өңір басшысы.

Кездесу кезінде Елбасының серіктестері өздерінің естеліктерімен бөлісті. Мысалы,ардагер-металлург Ермек Тілеубаев былай деді:

– Мен Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқыдым. Сол кездің өзінде ол көшбасшылық қырларын көрсететін.

Шара барысында тарихи-мәдени орталық, облыстық мұрағат және Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханасы бірлесіп шығарған «Сарыарқа төсіндегі кездесулер» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта Елбасының 1990 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта Қарағанды облысына жасаған сапарлары туралы газет мақалалары мен мұрағат материалдары топтастырылған.

Сонымен қатар, Президенттің сүйікті әндері және Нұрсұлтан Назарбаевтың жазған туындылары орындалған мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Таяуда аталған орталық Астанадан жеткізілген жәдігерлермен толыққан болатын. Олардың қатарында Президенттің жеке заттары, басқа мемлекеттердің басшылары және танымал саяси қайраткерлер тарту еткен сыйлықтар бар. Жаңадан қосылған жәдігерлердің ішінде Қазақстан Конституциясының үлкен көркем басылымын атап өтуге болады. Сонымен қатар, Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың Президентке сыйлаған велосипеді де орталық төрінен орын алған. Бұдан бөлек, бұл жерде Елбасының жеке спорттық жабдықтарын: тенниске арналған формасы мен ракеткасын да көруге болады.

Биыл Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы күрделі жөндеуден өткен болатын. Бұған бюджеттен 215 млн теңге бөлініп, ғимараттың іші мен сыртына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы