Аймақтар • 02 Желтоқсан, 2018

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрме өтті

1041 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Елбасы және Ұлы Дала мұрасы» тақырыбында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрме өтті. 

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрме өтті

Көрмеге музей қорындағы 185-тен астам құнды жәдігерлер топтамасы және де Елбасының «Көне Тараз» музейіне келгендегі тарихи фотосуреттері қойылды. Тараздықтар айтулы мереке қарсаңында музейдегі түрлі құнды жәдігерлермен танысып, Елбасының Әулиеата өңіріне келген сапарындағы суреттерін тамашалады. Бұдан бөлек, ұлтымыздың ұлы тарихынан сыр шертетін көне жәдігерлер де музей төрінен табылды.

«Мұнда Түргештер заманында соғылған күміс, қола теңгелер, Қытаймен сауда-саттық барысында келген қытайлық теңгелер мен бұйымдар, Қарлұқ қағанатының әшекей бұйымдары мен тұрмыстық заттары, Қарахандар дәуірінің мәдениетінен сыр шертетін күміс пен қоладан жасалған бақыр теңгелер, бүтіндей көмбе күйінде табылған әйел адамның алтын, күміс әшекейлері, білезіктер, сырғалар, моншақтар және сұйықтық сақтауға арналған сынапкөздер, қоладан құйылған шырағдандар және Үйсін дәуіріне жататын қола айна мен шаш түйрегіш бар. Бұлардың барлығы да біздің мәдениетіміздің өте жоғары дәрежеде дамығанын көрсетеді», дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Қуаныш Дәуренбеков.

Көрменің басты мақсаты екі мың жылдан астам тарихы бар «Ежелгі Тараз» қалашығынан табылған баға жетпес құнды жәдігерлерді қала тұрғындары мен қонақтарына тамашалату болды. Сонымен қатар, музей қызметкерлері көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа қалдырған ұлт мұраларын насихаттау және ұрпақ кәдесіне жарату да бірінші орында. Бұл ретте келушілер көрменің басты мақсаты жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу және қаламыздың тарихының зор мәні бар екенін түсіндіруге шақырғанын да ұмыт қалдырмады. Аталған көрме ағымдағы жылдың желтоқсан айының үшінші онкүндігіне дейін жалғасатын болады.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы