Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2018

Солтүстік Қазақстанда жас роботшылардың халықаралық фестивалі өтті

514 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«ҚазРоботикс–2018» халықаралық фестивалін өткізуге  Қызылжар өңірінің таңдап алынуы кездейсоқ емес.

Солтүстік Қазақстанда жас роботшылардың халықаралық фестивалі өтті

IT-технологиялармен жабдықталған жаңа нысан пайдалануға берілгелі  робототехника, биотехнология, мехатроника, 3D прототиптеудің, тағы басқа заманауи салалардың орталығына айналып үлгірді. Мұнда қосымша білім берудің соңғы үлгідегі ғылыми жетістіктері де топтастырылған. 1800 оқушы бір мезетте  80-ге жуық үйірмелерге қатыса алады. Қазақстан мен Ресей арасындағы ХY өңіраралық ынтымақтастық форумы осында ұйымдастырылып, алғашқы сынақ «жақсы» деген бағаға ие болды.

Робо-фестивальға еліміздің барлық аймақтарынан, сондай-ақ Қырғызстаннан, Өзбекстаннан және Ресейден  10-21 жас аралығындағы 250-ге жуық жас робот жасаушылар жиналып, өзара білім сынасты.

Шараның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Елбасы жас буын алдына озық үлгідегі технологияларды кеңінен меңгеру міндетін қойғанын, келешектегі даму жолымызды табиғи ресурстар емес, заманға сай кемел білім айқындайтынын айта келіп, фестивальға қатысушыларға табыс тіледі. «Роботикс» федерациясының президенті Айжан Жәкеева шара мақсаты Қазақстанда спорттық робототехникаға деген қызығушылықты арттыру болып табылатынын, робототехника білім беру жүйесіне жеке пән ретінде енгізілгенін жеткізді.

Балалар жасаған роботтар үлкен және кіші биатлон, шағын робо сумо, жылжымалы робо сумо, лабиринт, биатлон, эстафета түрлері бойынша  сайысқа түсіп, көп ұпай жинауға ұмтылды. Қырғызстаннан келген өкіл Илья Фомин әкелген робот машина лего-лабиринт ойынында тәп-тәуір өнер көрсетті. Түркістандық Алмас Аудабековтың де  робот құрастыруда тәжірибесі қалыптасып қалғаны аңғарылады. Ресейдің Челябі қаласынан келген Михаил Иванов эстафетада, ал батысқазақстандық Нұрғали Хатеп бірнеше түрі бойынша бақ сынауды жөн көріпті.

Былтыр Ақтөбеде өткен чемпионатта  қарағандылық жас өрендер дес бермесе бұл жолы да ең мықты екенін танытып, облыс әкімі тіккен бас жүлдені жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды  Атырау мен Батыс Қазақстан обыстарының өкілдері бөлісті. Жекелеген аталымдар бойынша да үздіктер анықталып, сый-сияпаттар көрсетілді.

Федерацияның пилоттық бағдарламалары аясында  техникалық шығармашылық арқылы  балаларды бейімдеу және әлеуметтік оңалту,  мектепке дейінгі роботехника тәжірибелері үлгі етілді. Шеберлік сыныптары өткізілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы