Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2018

Атбасар ауданының тұрғындары баспаналы болды

718 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Атбасар ауданының көптен бері тұрғын үй кезегінде тұрған бірнеше отбасы баспаналы болды.

Атбасар ауданының тұрғындары баспаналы болды

Атбасар – көне қала. Бұрнағы жылдары құрылыс қарқыны да баяу болды. Сол себепті бұл баспананы үміткерлер көптен күтіп жүрген. Енді міне, жақсыдан шарапат дегендей, Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында №1 шағын ауданда 45 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Ақиқатында бұл тәуелсіздік жылдары кезекке леккен тұрғындарға беріліп отырған тұңғыш баспана. Тағы бір айта кетерлігі, баспаналы болғандарға пәтер кілті ұсыныла отырып, екі күн ішінде құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігерлерге ұсыныстары мен ескертулерін айтуға мұрсат берілді.

– Пәтерлі болғандар ішінде 9 балалар үйлерінің тәрбиеленушілері бар,–дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы Бірлік Қомбатыров,–14 пәтер әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген адамдарға ұсынылды. 21 пәтер мемлекеттік қызметшілер мен дәрігерлерге, сондай-ақ жас мамандарға бұйырды.

Қала әкімінің айтуына қарағанда, қалың кезекті сейілту үшін тағы да екі көпқабатты тұрғын үй салынуда. Ал, мұнда пәтердің зарын тартып жүргендер жетерлік. Мәселен, жергілікті аурухананың жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Әбілқайыр Шырынбеков баспанасы болмаған соң екі жыл бойы аурухананы паналаған.

– Мен үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды,–дейді Әбілқайыр Шырынбеков,–Тұңғыш Президент күні қарсаңында бапаналы болдым. Біз үшін айтары жоқ, мол қуаныш.

Соңғы жылдары қарғын судан қасірет шеккен Атбасарда жаңа шағын аудан бой түзеген. Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен адамдарға 11 бес қабатты үй салынды. Енді міне, көп жылдан бері кезекте тұрғандардың да қолдары баспанаға жете бастады.

Қазақ «той тойға ұлассын» демей ме, шынында да Тұңғыш Президент күні мерекесі баспаналы болып шат-шадыман қуанышқа бөленген атбасарлықтардың ақ жарылқап тойымен жалғасты.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы