Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2018

Сауыр-Сайқан баурайындағы салтанат

1376 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясын­да Сауыр, Сай­қан тау­лары­ның бау­райын­дағы, шекара шебін­дегі Зайсан қала­сында бір­қатар тағылымды шара ұйымдастырылды.  Аудан күні шеңберінде «Ата­дан мұра құт мекен – Атамекен нұр Зайсан» тақыры­бымен өткен мәдени шаралар белгілі әнші Дәлел Уәшев секілді осы өңірден шыққан өнерпаздар қатысқан гала-концерттен басталды.  

Сауыр-Сайқан баурайындағы салтанат

Ғылыми-конференция­мен, қол­басшы Қаракерей Қабан­бай­дың сенімді серігі, шеп бұзар ба­тыры болған Баймұрат Бә­йім­­бет­ұлының еңселі ескерт­кіші­­нің ашылуы­мен жалғасқан іс-шара облыстық ақындар айтысы­мен түйінделді. Заманында Най­ман ішіндегі Төртуыл руы­ның ұра­нына айналған Баймұрат батыр­дың Зайсан қаласына кіре беріс­тегі Нарқызыл тұлпарына мін­ген, қоладан құйылған, биік­тігі тұғырымен қоса алғанда 10 метр болатын, салмағы 7 жарым тон­наға жуықтайтын ес­керт­кіші қас­қайып-ақ тұр. 

Ұрпаққа рух беретін, бүгін­гі буынға аманат жүк­тей­тін туын­дыны бұған дейін облыста Құнанбай, ұлы Абай ескерт­кіштері мен Мұхтар Әуезов, Тұрсынхан Әбдірах­манова бюст­терін кейіптеген семейлік та­лант­ты жас мүсінші Нұрбол Қалиев бір жыл көлемінде жасап шығыпты. Аудан әкімі Те­мір­­бек Қасымжанов 40 миллион теңгеден астам қаржы жұм­салған ескерткіштің бой көтеруіне Зайсанның сыртта, ел ішінде жүрген барша азаматтары айрықша үлес қосқанын атап өтіп, алғысын жеткізді. «Біле білсек, ескерткіш дегеніңіз – үлкен идеология. Міне, бүгін тәуелсіздіктің арқасында әр қалада батырларымызға ескерт­кіш орнатып жатырмыз. Бұдан кейін Зайсан басқа қала болады. Ескерткіші бар, батыры бар қала болады. Кім көрінген басынбайтын қала болады. Баймұрат батыр қақпада жайдан-жай тұрған жоқ. Халықтың рухын, елдің еңсесін көтереді», деді торқалы тойға Алатау баурайынан арнайы келген Қазақстанның халық жазушысы, батырдың ұрпағы Қабдеш Жұмаділов. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет те ес­керткіш басында сөз алып: 

«Жесірлерге жер берген,

Жетімдерге дем берген.

Аса жұртын меңгерген,

Ұсынғанда қол берген,

Қысылғанда дем берген батыр Баймұрат бабамыз ара­ға қаншама жылдар салып ұрпа­ғы­на ескерткіш болып қайта орал­ды. Бұдан үлкен қуаныш бар ма?», деп құттықтауының соңын жыр жолдарымен түйіндеді.

Ескерткіштің ашылу сал­танатының алдында аудан­дық Мәдениет үйін­де өткен ғылыми конферен­ция­­да қазақ­тың батырлары жа­йын­дағы құнды мағлұматтар­ды жұрт тұшына тыңдады. Әсіре­се қазақ жылқысының тарихын індете зерттеп жүрген ғалым, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының профес­соры Ахмет Тоқтабайдың ша­ғын баяндамасын ерекше атап өтуге болады. Этнограф өз сөзін­де қазақ батырларының рөлі Еуро­падағы рыцарьлармен, жапон қоғамындағы самурайлармен пара-пар болғанына тоқталып, 1750 жылдары Ресей армиясы бас штабының жазған мәліметін оқып берді. Онда «Қырғыз-қазақтар – жалпы бейбіт, мома­қан халық. Бірақ солардың ішін­де батырлар деген бунтарь, содыр, сотқар адамдар бар. Со­лар­ға ілескен халық Ресейдің заң­дарын елемей кетеді. Бізге қарсы шығады. Сондықтан батырларды тұқыртып отыру керек» деп жазылған екен. «Ресей империясы сол мақсатына жетті. Неге десеңіздер, батырларымызды ату, асу, түрмеге қамау, Сібірге айдау сол замандардан басталды. Қызыл империя мұны әрі қарай жалғастырып, батырлардан бастап, қазақтың бетке ұстарларын түбірімен құртты. Сорлы, жалтақ, қорқақ күйге түскеніміз осыдан. «Айырылдық балпаң басқан батырлардан, айырылдық аузынан уыз төгілген жомарт байдан» деп жазғаны бар Мағжан ақынның. Баймұрат батырды не үшін ұлықтауымыз керек? Шекарадағы қазақтың рухын ояту үшін керек. Қазақтың рухы оянса, барлығы орнына келеді», деді А.Тоқтабай. 

Ғалым сонымен қатар биыл жазда Моңғолияға экспеди­ция­мен барғанда сондағы әріптес­терінен Абылай ханның Жоңғар қоңтайшысы Қалдан Сереннің тұтқынында болған жерін естіп білгенін сүйіншілей жеткізді. «Бұл жер Баян-Өлгейден 300 ша­қырым қашықтықта. Бірақ таба алмай қайттық. Себебі мұны білетін, көрсететін моң­ғол­дың ақсақалы Ұлан-Батырға жол жүріп кетіпті. Дегенмен, алғаш­қы қадам жасалды. Келе­шекте 1741 жылы Абылай хан тұт­қында болған жұртты табамыз ғой деп ойлаймын», деген этно­граф осы сапарында қазақ­тың даңқ­ты батырларына қатысты де­рек­терді де жинап қайтқанын айтты. 

Екі күнге созылған шаралар легі облыстық ақындар ай­тысы­мен қорытындыланды. Бел­гілі айтыскер ақын Серік Құ­с­ан­баев жүргізген, жазушы Әлібек Қаңтарбаев төрағалық ет­­кен айтыстың өзгешелігі, ақын­­дар алдын ала жұпталмай, қар­сы­ластарын сахнада, ел ал­­дын­да таңдады. Аудандық Мә­де­­ниет үйіндегі алты сағатқа созыл­­ған сөз сайысында кімнің қа­лай айтысқанын айтсақ, ұзаққа кетер­міз. Халық­тың да, қазылар ал­қа­сының да көңілінен шық­қан айтыстың үлгісін зайсандық ақын Ардабек Ақбаба көрсете біл­ді. Сөй­тіп кестелі жырды төк­пе­леткен ақын бас жүлде – 1 мил­лион те­ң­гені иеленді. С.Аманжолов атындағы уни­­вер­­ситеттің 3-курс студенті Жұл­дызай Маратбекова 1-орынды олжаласа, екі екінші орын көк­пектілік Фархат Марат­ұлы мен Ерей­ментаудан келген Ер­лан Дәу­лет­ұлына, екі үшін­ші орын үр­жар­лық Серік­бек Туғанов пен тағы бір зайсан­дық ақын, Л.Н.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлт­тық уни­верси­тетінің магистран­ты Нәрия Ақба­ба­қызына бұйырды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы

Соңғы жаңалықтар