Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2018

Жас тарихшыларға бағдар

719 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Жас ғалымдар кеңесі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын практи­ка­лық тұрғыда жүзеге асырудағы жас тарихшы-ғалымдардың міндеті» тақырыбында VI халықаралық ғылыми-тәжірибелік кон­ференциясын өткізді. Шара аясында Ермұхан Бекмаханов атындағы жас тарихшы-ғалымдарға арналған дәстүрлі республикалық байқаудың жеңімпаздары анықталды. 

Жас тарихшыларға бағдар

Институт қа­быр­ғасынан құрылған Жас ғалымдар кеңе­сі алдыңғы аға буынның салып берген ғылым жолымен ілгері дамып, жаңа белес­тер­ді бағындыру­ды мақ­сат тұт­қан. Жас ғалым­дар атал­ған кон­фе­ренция­ның негізгі көз­дегені де осы екенін айта­ды. Шара гум­а­ни­тарлық саладағы бірнеше не­гізгі бағыт­ты қамты­ған. Жас ғалымдар Ел­басының ма­қа­ласында қам­тыл­ған бастау­ларды жүзеге асыру бойынша өздерінің ізденістері және жаңалықтарымен бөлі­сіп, па­йым­ды ұсыныстарын орта­ға салды. Биыл конференция жұ­мысына еліміздің әр өңі­рі­нен, қалаларынан білім, ғы­лым, мәдениет ордаларынан жас ға­лым­дардың ғылыми жұмыс­тары мен мақалалары келіп түскен. Бір қуантарлығы сол, дәстүрлі шараның шеңбері жыл сайын кеңіп келеді. Оған дәлел биылғы байқауға Қырғыз­­стан, Тәжікстан, Польша, Ресей, Ауған­стан сияқты елдердің жас­тары өз жұмыстарын ұсы­нып­ты. Байқауға ұсынылған 80-ге тар­та ғылыми мақала редак­ция алқасымен қаралып, таң­дау­лы 70 мақала конференция жинағына енгізілген. Осы жұ­мыстар негізінде жыл са­йын­ғы Ермұхан Бекмаханов атын­дағы республикалық бай­қаудың жеңімпаздары анықта­лып отыр. «Ер Жәнібек» халық­ара­лық қоғамдық қорының демеу­­­шілігімен биылғы байқау­дың жалпы жүлде қоры 600 мың теңгені құраған. Байқау қоры­тындысына сәйкес Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының PhD докторанты – Қуаныш Мурзаходжаев жеңімпаз деп танылды.

«Сейдазым Қадырбайдың өмірі мен қоғамдық-саяси қыз­меті» тақырыбында мазмұнды зерт­теу жасаған әл-Фараби атын­­­дағы Қазақ ұлттық универ­си­те­тінің 3-курс студенті Әбеу Бағ­лан мен «Алаш автоно­мия­сы­ның ұлттық қазынасы қалай қалып­тасты?» атты мақала­сы үшін Назарбаев зияткерлік мек­те­бінің ұстазы, тарих ғылым­дарының магистрі Ержан Шағи­молдин қос бірдей екінші орынды еншіледі.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік уни­­вер­­с­итетінің 1-курс студенті  Со­вет­хан Инабат, Л.Н. Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­­ситетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі Азамат Дуком­баев, Ш.Уәлиханов атын­­дағы Тарих және этнология инс­титутының 2-курс магист­­ран­ты Малика Морякова жүл­делі ІІІ орынға ие болды. Жас ғалым­дар Ұлы Отан соғысы жыл­д­арын­дағы қарапайым адам тағ­дыры, қазақ-моңғол байланыс­тарына қатысты мұсылман дерек­тері сынды өзекті тақы­рып­тарда зерттеу жүргізген.  

«Ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр жалғастығы ұстаным­дары­ның негізінде институт қа­быр­ғасында Жас ғалымдар кеңе­с­і әлі күнге дейін қызмет етіп келе­ді. Оның негізгі функция­сы – инс­титуттың ғылыми, ғылыми-тех­никалық және инно­ва­ция­лық саясатын жүзеге асыру және қалыптастыру аясындағы жас ғалымдар арасындағы ұжым­­дық кеңес болып табылады. Оның құрамына 35 жасқа дейін­гі ғы­лыми қызметкерлер, маман­дар, магистранттар, PhD док­­то­­ранттар, ғылым кандидат­тары кіреді. Кеңес ғылы­ми-зерт­­­теу мекемелер қабырға­сын­­­да­ғы жас ғалымдар мен м­а­ман­­дардың көзқарастары мен қы­­зы­­ғу­­шылықтарын қол­дай­тын ғ­ылы­ми іс-шаралар жүр­гізуді ұйым­дастырушы және үйлес­тіру­ші ұйым. Жас ғалымдар кеңе­­сінің негізгі атқаратын қыз­меті – институттың жас ғалым­дарының кәсіби маман ретінде қалыптасуына, өзіндік ғылыми зерттеу бағытын айқындау­ға, кәсіби ғалым тарихшы ретін­д­е өсуіне ықпал ету. Тарихы­мыз­­ды зерделеуге шақыра­тын Елба­сы­ның тағылымы мол мақа­ла­сы жас ғалымдарымыз­ды жаңа ізденістерге жетелейтіні анық», – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Жас ғалым­дар ке­ңесінің төрағасы Нұргүл Нұрсұлтанқызы. 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ