Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2018

Күніне 120-130 тонна сүт өндіріледі

1589 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өндірісті өңір Шығыс Қазақстан облысында соңғы жылдар мұғдарында тамақ өнеркәсібі де дамып, қанатын кеңге жайып­ келеді. Осы салада­ же­місті еңбек етіп келе жат­қан кәсіпорынның бірі – Өскемендегі «Эмиль» ЖШС. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, яғни 1993 жылы жұмысын балмұздақ өндіруден бастаған бұл кә­сіпорын негізінен сүт және сүт өнімдерін өңдеп, саудаға шығарумен шұғылданады. Сүт, айран, ірімшік, қаймақ, йогурт пен майдың түр-түрі, қышқылы да, тәттісі де, тіпті тұшпара секілді жартылай фабрикаттар да осында өндіріледі. 

Күніне 120-130 тонна сүт өндіріледі

Жақында облысты отандық сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынның жұмыс барысымен танысып қайттық. Өндіріс орнының тарихына аз-кем тоқталсақ. Мұнда сүт өндіру 1997 жылдан басталса, 1999 жыл­дан бастап айран секілді қыш­қыл сүт өнімдерін өндіру жолға қойылыпты. Ал 2003 жылы бал­қытылған ірімшік өндірісі іске қо­сылды. Заманауи жабдықтармен жарақталған цехпен Өскеменге келген жұмыс сапарында Елбасы да танысты. 2013-2015 жылдары кәсіпорында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 2014-2015 жылдары Le’Vital және «Йо-хо-хо» брендтері нарыққа шыға­рылды. 2015 жылы Зырян, Семей және Алматы қалаларында филиалдары ашылды. 2017 жылы кә­сіпорын сүт өнімдерінің 15 түрін өндіріске жіберді. Бүгінде кү­ніне 120-130 тонна өнім өндірсе, ал­дағы уақытта бұл көрсеткішті 180 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. «Осы мақсатта қазір екін­ші өндірістік алаң салып жа­тырмыз. Жұмыс басталды. «Өндіріс» бағдарламасы арқылы мемлекеттен 6 пайызбен несие­ алдық. Жарты қаражаты – өзі­мізден. Жоба сәтімен жүзеге асқан кезде 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Қазір біз облыс­ты 100 пайыз сүт өнімдерімен қам­тамасыз етіп отырмыз. Мақсат – облысқа ғана емес, еліміздің бас­қа өңірлеріне де сапалы сүт өнім­дерін шығару. Қазір бұл жұ­мыстармен шұғылданып жатырмыз», дейді «Эмиль» ЖШС бас директоры Анна Аберле.

«Эмиль» ЖШС өндірістік де­партаментінің директоры Лю­бовь Галушконың айтуынша,­ кә­сіп­­орын өңірдің ең ірі деген 13 ша­руа­шы­лығымен тығыз жұ­мыс іс­тейді. Яғни, олардан сүт сатып алады. «Шемонаиха ауда­нындағы «Камышинское» шаруа қожалығы күніне 24-25 тоннаға дейін сүт өткізеді. Басқа шаруа­ қо­жалықта­рынан да әртүрлі көлемде сүт қа­был­даймыз. Сіз­дер­дің дас­тарқандарыңызда тұр­ған сүт пен айран, басқа да өнім­деріміз бір қа­ра­ғанда оңай да­йындалғандай көрінуі мүмкін. Бұ­лай ойласаңыз әсте қателесесіз. Кә­сіпорында 1 мың­нан астам адам күні-түні тынбай жұмыс істейді. Үш цехымыз бар. Бір ғана сүт це­хында 230 адам еңбек етеді. 2014-2015 жылдары кәсіпорында ауқым­ды жаңғырту жұмыстары жүргізілгеннен кейін өндіріс кө­лемі ұлғайды», дейді ол.

Мұндағы жұмыс процесі сүт қа­былдап алып, оны зертханадан өткізуден басталады екен. Әрі қарай қат-қабат шаруа. Сүтті тазалау, сүз­гіден өткізу, майлылығын анықтау, айран, йогурт болса, оны ашыту, әртүрлі дәмдеуіштер қосу... Осылай жалғасып кете бе­­реді. Ең соңы, өнімдерді қап­таумен, сертификаттаумен аяқта­лады. Арғы жағы – белгілі. Дү­кен, базарларға жол тартады. Департамент дирек­торының сө­зінен түйгеніміз, мұн­дағы ең жылдам дайын­далатын өнім – сүт пен балмұздақ. Сүт бір тәу­лікке жетпей әзір болады екен. Ал ең ұзақ дайындалатыны – айран. Өнім сұйы­лып кетпеуі үшін тек 18 сағат бойы суықта тұру керек. Өнім қап­тамаға құйылғаннан кейін біраз уақыт қозғалмай тұруы қажет. Өйтпесе құрылымы өзгеріп кетеді-мыс. Осындағы сүт цехында май да өндіріледі. 

Қазір «Эмиль» ЖШС-нің Ал­маты, Астана, Семей, Өскемен қалалары мен Алтай (Зырян) және Шемонаиха аудандарында 37 фир­­малық дүкені жұмыс істейді. Фир­малық дүкендердегі өнімдер азық-түлік дүкендерінен төмен бағада сатылады.

Азамат ҚАСЫМ, 

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар