Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2018

Үздіктерге «Алтын тобылғы» табысталды

732 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Назарбаев орталығында «Алтын тобылғы» рес­публикалық әдеби байқауы қорытындыланды. Оған түрлі жанрда қалам тербеп жүрген 18 бен 35 жас аралығындағы қаламгерлер қатысты. 

Үздіктерге «Алтын тобылғы» табысталды

Еліміздің Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасының Қо­ры жас әдебиет­шілердің еңбегіне осымен төр­тінші рет қолдау көрсетті. Жыл­дан жылға байқауға деген қы­зығушылық артып ке­ле­ді. Биылғы бәйгеге елдің түк­пір-түкпірінен 108 шығарма жі­берілді. Жеңімпаздар «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы», «Жылдың үздік драматургиясы» дәстүрлі аталымдар бойынша белгіленді. Әр аталым бойынша сый­ақы қоры 1 миллион тең­гені құрайды. Сонымен қа­тар байқау Ас­­­­тананың ме­рейтойына арналған «Ас­тананың 20 жыл­дығы» тақы­рыбына ар­налған үздік әде­би туынды» арнайы аталымымен толықты. Оның жүлде қоры – 1,5 миллион теңге.

Марапаттау рәсіміне Пар­ламент депутаттары, бел­гілі қоғам, мәдениет, өнер қай­раткерлері, сондай-ақ оқы­тушылар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Байқаудың ма­ңыз­дылығы мен қазақ әде­биетін дамытуға қосатын үле­сіне тоқталған Тұңғыш Президент-Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев: «Жыл сайын «Алтын тобылғы» байқауы бізге қазақстандық жаңа ақын­дар мен жазушыларды та­­нытады. Бұл өз кезегінде жас­тар мен қоғам арасында қазіргі заманғы әдебиетті оқуға ынталандыруға, жаңа буын авторларының жарқын өкілдерін анықтауға ықпал етеді. Біз басты құндылық деп осыны санаймыз.

«Жылдың үздік прозасы» аталымында «Адасқандар» шығармасымен Айзат Рақы­шева үздік шықты. «Жыл­дың үздік поэзиясы» аталымы бойынша Қайсар Қа­уымбек («Күңіренбе, молалар») және Айбол Ис­ламғалиев («Жалғыздық кар­тинасы») қатар жеңімпаз атан­ды. «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» аталымында Алина Га­тина жеңімпаз болды. «Аста­на­ның 20 жылдығы» тақы­рыбына арналған үздік әде­би туынды» аталымының ие­гері болып Шерхан Талап («Астана бояулары») танылды. Биыл «Жыл­дың үздік драматургия­сы» аталымы бойынша ұсы­ныл­ған жұмыстардың қо­йыл­ған талаптарға сай­­ кел­меуіне байланысты,­ же­ңімпаз анықталған жоқ.­ Сондай-ақ «Жылдың үз­дік прозасы» аталымы­ бойынша Тұрсынбек Баша­ровқа («Чириме») және «Жыл­дың­ балаларға арнал­ған үз­дік шығармасы» ата­лы­мын­­да Марғұлан Ақан­­­­ға («Жетіқарақшы») көтер­­мелеу сыйақысы ретінде 500 мың теңгеден берілді.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»