Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2018

Адай Әбілда: «Күлтегінді» көрмеген көп дүниеден құр қалады

392 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өз ісіне көзсіз ғашық болмай, аниматордан сәтті дүние тууы мүмкін емес. Баланың көңілі қандай пәк болса, сол адалдықты олар жасалған жұмыстан да талап етеді. Осы тұрғыдан келгенде, аниматор мамандарға артылар жүк зіл батпан. Мұны бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері, «Күлтегін» толықметрлі анимациялық фильмнің режиссері Адай ӘБІЛДА да жіті сезінеді. 

Адай Әбілда: «Күлтегінді» көрмеген көп дүниеден құр қалады

– Әрине, біз үшін көрерменнің қабылдауы, шынайы эмоциясы басты орында. «Күлтегінді» тү­сі­руін түсіріп алып, «көрермен қа­­лай қабылдар екен?» деп қатты қо­балжыдық. Өйткені қазір ақпа­рат­тық алаң ашық. Голливудтық небір шытырман оқиғалы туындыларды еркін тамашалап үйренген балалар жасаған жұмысымызды лайықты бағалай қояр ма екен деген мың күдіктің құрсауынан шыға алмағанымызды да жасырмаймыз. Қалай дегенмен, толықметрлі форматта жасаған алғашқы туындыларымыздың бірі ғой. Бірақ сонда да тәуекелге бардық. Бізге дәл қазір керегі – жасаған өнімдеріміздің көпшілік арасында танымалдылығы. Сол арқылы балаларды ұлттық мульт­фильм­дерімізді іздеп жүріп көретін деңгейге жеткізу. «Қазақстанда жа­салған» деген бренд кішкентай көрермендеріміз үшін ішкі комплекс, ыңғайсыздық сезімдерін тудырмай, керісінше, зор мақтаныш болса деген тілек. Қолымыздан кел­генше сапалы дүние жасап, балдыр­ғандарымызды қуанта алсақ, біз үшін басты жеңіс – сол. 

– «Күлтегін» әдеби шы­ғарма ретінде де өте күрделі туын­ды ғой. Ал оны балалардың тіліне аударып, түсінік-танымына ла­йық­тау тіпті қиын. Бұл кейіп­кер­ге тоқталуларыңыздың қандай сы­ры бар? Жалпы, идея қалай ту­ды? 

– 2015 жылы Ресейде өткен бір жиын­да «Қазақтарда 1991 жылға дейін ешқандай мемлекеттілік болмаған» деген пікір айтылды. Осы пікірден кейін-ақ, аниматор мамандар жиналып, қазақтың түп тарихын тереңнен қамтитын сапалы дүние түсіруді ойға алған болатынбыз. Дәл сол жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып жатқан еді. Бірақ біз тарихымызды одан да тереңнен қаз­ғымыз келді. Сөйтіп Көк түркі­лер дәуірінен бір-ақ шықтық. Қа­лай десек те тарих бірден жасалмайды ғой, оның өз соқпағы бар. Осындай мың құрсаулы ойлар бізді Күлтегінге алып келді. Алғашқыда әлі ешқандай сценарий жоқ, тек көз алдыма кейіпкердің бейнесі ғана келді. Содан Жәнібек Нұрбекұлы деген әріптесім екеуміз ақылдасып, фильмнің жобасын жасадық. Қалай десек те, Күлтегін – игерілмеген тың тақырып. Біздің «Күлтегін» ешбір шығарманың экран­дық нұсқасы емес. Бітіктастағы көне жырды негізге ала отырып, драматургиялық негізін толықтай өзіміз жасап шықтық. Жұмысымыз сонысымен де құнды деп ойлаймын. Ал енді «Неге Күлтегін?» десеңіз, бұған да айтар өзіміздің салмақты себебіміз бар. Қазіргі балалар тарихи мәні терең ғылыми шығармалар тұрмақ, көркем әдебиетті де сирек оқиды. Екіншіден, зерттеп білгеніміздей, Күлтегін туралы не театрда, не экранда әлі күнге дейін ауқымды, тұшымды дүние ту­мапты. Осы тұрғыда біз бірінші болып отырмыз. Балдырғандар еліктеп өсетін қаһармандар бейнесін экранға алып келуді көкседік. Өйткені мультфильмнің тілі жеңіл, көркемдік сапасы ерекше болады. Әрі қабылдау да оңай. Анимацияның осындай артықшылықтарын ескере отырып, «Күлтегінді» бала тілінде сөйлетуге кіріскен болатынбыз. Сәби психологиясын зерттей келе, фильм сюжетін бала танымына барынша лайықтап беруге тырыстық. Бастамамызды бірден қолдап, жарыққа шығуына бар­лық жағдайды жасаған Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақ­фильм» киностудиясына айтар алғы­сымыз шексіз. 

– Түсірілім жұмыстарына бас-аяғы қанша уақыт жұмсады­ңыз­дар?

– «Күлтегін» фильмі шы­ғар­машылық ұжым үшін үл­кен тә­жірибе болды. Аталмыш туындыны жарыққа шығаруға елуге жуық еліміздің үздік компьютерлік графика және анимация мамандары атсалысты. Фильм небәрі бір жыл­дың ішінде түсіріліп, өңделіп, енді, міне, көрерменмен қауышып отыр. Бұл – халықаралық стандарттар бойынша өте аз уақыт.

– Жалпы, анимациялық кейіп­керлердің жобасын кім ұсынады? Біздіңше, қаһармандардың сырт­қы кейпіне әлі де біраз ізденістер қа­жет секілді көрінеді...

– Бұл тұрғыдан сізбен толықтай келісемін. Мысалы, атақты Уолт Дисней (Walt Disney) студиясы өнімдерінің көркемдік биікке көтеріліп, әлі индустрияға айналмай тұрған кездегі кейіпкерлері мен бүгінгі бейнелерін салыс­тыра қарағанда жер мен көктей айырмашылықты байқар едіңіз. Ал ол екеуінің арасында ғасырға жу­ық уа­қытты қамтитын тарих жа­тыр. Қазақ анимациясына бар болғаны 50 жыл болды. Осы уа­қыт­тың ішінде ұлттық анимация­мыз түрлі жағдайды басынан өткерді. Тоқырау кезеңі оның дамуын бірнеше жылға тежеді. Осындай факторларды ескерсек, сіздің айтып отырған ескертпеңіздің орын алуы заңдылық. Әйтсе де біздің кейіпкерлеріміз қазір бірте-бірте өзінің кейпіне түсіп, ұлттық бет-пішінін тауып келе жатыр. Жалпы анимация детальдардан құралады ғой. Әр бейнені жасау қыруар уа­қыт­­ты қажет етеді. Сондықтан да бұл жолда бізге әлі де көп еңбек ету керек.

– Біздің бүгінгі анимацияға дәл қазіргі таңда не жетіспейді? «Қар­жы бөлініп жатыр», «мамандар оқы­тылып жатыр» дейміз. Әйтсе де... 

– Қиыншылық, қайшылық туын­даған жерде қиял алға шығады, ізденіс күшейеді. Оның үстіне, фильм түсіру жанды процесс болғандықтан да, оқтын-оқтын қиыншылықтардың туындап тұруы заңдылық. Және оның басым бөлігі, әрине, кадр мәселесімен байланысты. Мәселен, салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, бізде бір фильмге барлығы 50-ге тарта маман тартылса, АҚШ-та шығармашылық жұмысқа 1500-2000 адамды бір-ақ жұмылдырады. Әрине, содан кейін соған сай нә­тиже де көрінеді. «Күлтегін» мен «Мұзбалақ» фильмдері бір уа­қытта басталып, бірдей аяқталды. Демек біздегі аниматор мамандар екіге бөлінуге тура келді. Және бұл сөзсіз отандық анимацияда әлі де болсын кадр тапшылығы мәселесін алға тас­тады. Әйтсе де мұндай жайт біздің жұ­мысқа деген құлшынысымызды тежей алмады. Керісінше, қос фильм­ге қатар араласа жүріп, көп нәрсе үйрендік. Сондықтан да «Мұзбалақ» пен «Күлтегінді» бір құр­сақта жетіліп, егіз туған сә­би­дей көреміз. Фильмдер бізге со­нысымен ыстық. Одан кейін әрине, тағы бір қуантатын жайт – «Мұзбалақ» та, «Күлтегін» де ешбір шетелдік маманның, қаржының, қолдаудың араласуын­сыз түсірілген қазақтың төл туын­дысы. Отандық мамандардың қо­лынан шыққан дүние. Тіпті фильм қазақ тілінде түсіріліп, орыс тілі­не дыбысталды. Бұл да болса бү­гінгі киноөндірісіміздің басты жеңістерінің бірі деп есептейміз. 

Бұдан бөлек, тағы бір айтарым – жалпы қазақ анимациясының жағдайын бір қалыпқа түсіру керек. Жеке студия болып ашылса деген тілегіміз бар.

Яғни ол ешбір студияның, университеттің, не бол­­маса тағы да басқа мекеменің құ­рамдас бөлігі емес, дербес ор­талыққа айналса, сонда нәтиже бұдан да өнімдірек болар еді. Қа­зақ анимациясы өз әлеуетін, шығармашылық мүмкіндігін «Мұз­балақ» пен «Күл­тегін» арқылы толықтай көрсете алды ғой деп ойлаймын. 

– Толықметрлі фильм түсірудің жауапкершілігі қандай болады екен? Аңдай алдыңыз ба? 

– То­лық­метрлі форматтағы алғаш­қы тәжірибем болғандықтан, қолға алған кезде оның қаншалықты ауқымды екенін білмеппін. Жастық максимализмнің көзсіз әсерімен оны да сезініп көрдік. Қалай болса да шығармашылық құрам үшін бұл үлкен тәжірибе болды. Енді келесі фильмдерде осыған дейін жіберген кейбір кем-кетікті қайталамай, бұдан да биік көркемдік сапаға қол жеткіземіз деп ойлаймын. 

– Алда тағы қандай шығар­машылық жоспарларыңыз бар?

– Қазір «Алтын адам» туралы және бір туындының түсірілім жұмыстарын бастап кеттік. Иә, бұл да тарихи тақырып.  «Тарихи тақырыпты төңіректей бермей, неге заманауи мультфильмдер түсірмейсіңдер?» деген сын-ескерт­пелер жиі айтылады. «Анау Америка баяғыда ғарышқа ұшып, болашақ туралы әлдеқашан түсіріп тастады» дейтіндер де бар. Бірақ төл тарихымызды игеріп болмай, болашаққа қалай бармақпыз? Сол үшін бізді алда әлі де жасайтын қыруар жұмыс күтіп тұр. «Алтын адам» соның бір парасы ғана. 

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»