Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

Зура Жұмахметова: Өткенімізді мақтан тұтып, бүгінімізді нақтылай білейік

570 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Зура Жұмахметова: Өткенімізді мақтан тұтып, бүгінімізді нақтылай білейік

Қазақстан Республика­сы­ның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осыдан бір жарым жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласы қазақ қоғамы­ның руханияты мен мәдениетінің көкжиегін ашқан мақала болса, кейін жариялан­ған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық мұ­ра­­ларымызды терең тануға серпін беретін үлкен тарихи мәнге ие.

Аталған тарихи құжат уақыт талабына сай еліміздің саяси, мәдени, рухани өмірінде дамудың нақты бағыт-бағдарын айқындап беретін құнды пікірімен ерек­шеленеді. Мақалада көтерілген ұлты­мыздың тарихы мен мәде­ниетіне қатысты тың ойлар мен нақты ұсыныстар жаңа ізденістер мен бастамаларға жол ашатыны анық.

Елбасының мақаласында жазылған ұлтымыздың рухани мұрасы мен мәдениетін жаңа заман талабына сай өркендету жолында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы мектеп-интернат колледжінің мерейтойына арналған «Өнермен өрнектелген 30 жыл» атты ауқымды іс-шара болып өтті. Республикамыздың түк­пір-түкпірінен келген да­рын­­ды балаларға арнал­ған рес­пуб­ликалық арнайы көркемсурет мектеп-интернатының, Қазақ­стандағы көркемөнерден ал­ғаш үздіксіз үш сатылы білім беру жүйесінің негізін қалаушы, aғартушы-ғалым, білім, ғылым және мәдениет саласының ұйым­­дастырушысы, өз ісіне жауап­­кершілікпен қараудың өне­гесін көрсете білген іскер басшы, абзал азамат, профессор Ұлықбек Ибрагимовтің еңбегін кейінгі ұрпаққа таныстыру мақ­сатында өткен бұл іс-шара өз ерекшелігімен жас ұрпақтың жадында қалмақ. 

«Бүгінгі күнді түсініп, түй­сіну үшін де, болашақ­тың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезең­ге көз жіберуіміз керек», деп Елбасының атап өткенін­дей, мектеп-интернат колледжі ұжымының ұйым­дас­ты­руымен өткен мерекелік шарада Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Мемлекеттік орталық мұражайында «Естеліктер айнасы» атты көркем туындылар көрмесі, мектеп-интернат кол­леджінің ғимаратында көр­мелер, шеберлік сабақтары, дөң­гелек үстел ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. 

Жетістіктерге жету, табыс­ты еңбек ету үшін 30 жыл аз уақыт емес. Ұйымдастырылған әрбір іс-шараның мақ­саты түрлі көзқарастар мен талқыланатын тақырып бо­йынша кең, ауқымды пікірлерді анықтау, оларды жас ұрпаққа жеткізу екендігі аян. Сондай-ақ білім алушы ұрпаққа ұлттық мұраларымызды терең танумен қатар, өрке­ниеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның жетістіктерін жан-жақты ой елегінен өткізуі­не, тереңнен зерделей алуына әсері мол. Еліміздің одан әрі дамып, өркендеуі мен рухани жаң­ғыруына өнер саласы бо­йынша алдыңғы қатарлы ұлттық білім беру жүйесін да­мыту, әлем­дік деңгейдегі бәсекеге қабі­летті мамандар шы­ғару ісін одан әрі күшейте беру мен жандандыру ісі ерекше болмақ.
Тарихи сананы жаңғырту бағыты бойынша отан­шыл­дық тәрбие беру, өз тарихына деген мақтаныш сезі­мін ояту мақсатына арналған «Дала фольклоры мен музы­­ка­сының мың жылы» жобасы аясында ұлтымыздың мұра­сын дәріптеу ерекше назарда. Осыған орай білім орда­сында Бостандық ауданы колледждері арасында ұйым­дас­тырылған «Жас өркен» жастар фестивалі рухани құн­дылықтар мен оны кейінгі ұр­паққа жеткізу маңыз­ды­лығы жөнінде ой өрбітуге шақырады. Ұлттық мәде­ниетімізді дамыту­ға арналған мерекелік фести­валь күн­дерінде ұлттық аспап­тар дәріптеліп, көркемсөз оқу мәнері мен дәстүрлі ән байқауы жас жеткіншектерге ерекше шабыт сыйлады.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен таныса отырып, Ұлы даланың ежелгі өнері мен технологиялар музейі ашылатыны әр азамат бойына мақтаныш сезімін ұялатады. Ол саналы жеткіншектің халқымыз жайлы тың мәліметтер алуына жол ашады. Болашақ ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеуде мәні зор асыл қазына, сарқылмас мұра көне жәдігерлерді дәріп­теу арқылы тарихымызды ұлық­тайтынымыз баршаға аян.

Еліміздің табысты болуы үшін төл тарихын білетін, бағалайтын, мақтан ететін халықтың бола­шақ ұрпақ­тарын тәрбиелеу – бас­ты мақсатымыз болуы заңды­лық. Ал «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу мен болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі». 

Зура ЖҰМАХМЕТОВА,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы мектеп-интернат колледжінің директоры

АЛМАТЫ