Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

«Ұлттық нейрохирургия орталығы АҚ» басқарма төрағасы Серік Ақшолақовпен сұхбат

1171 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Өнегесі қалыптасқан отбасынан шыққан ұлан оспадар емес, ойы орамды ұлт жақсысына айналады. Бұл біз ой сілеміне қазақ медицинасының бүгінгі қабырғалы қайраткері, айтулы дәрігер-нейрохирург, әлемдік медицинада өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, «Ұлттық нейрохирургия орталығы АҚ» басқарма төрағасы Серік Ақшолақовты суыртпақтап әңгімеге тартқанда тоқтаған байлам еді.

«Ұлттық нейрохирургия орталығы АҚ» басқарма төрағасы Серік Ақшолақовпен сұхбат

– Елде, ауылда өстік. Қазақта жеті атадан кейінгі халықтық қалып: ата-әже, әке-шешеден ба­ла бойына дариды. Осы үш­тік бе­­рік болса, қия басу, орынсыз асып-тасу болмайды. Осы үш алтын арқауды өркениет үлгі­­сі­мен жалғастыра алсақ, отбас­ы ұтылмайды. Мұндай мық­­ты тұғыр мықты деген жұрт­тарың­ыз­да да кемшін. Қазақ бірлігі отбасында. Отбасын Отанға теңеуі содан болар. Мен ертеңімді алдын ала жоспарладық деп айта алмаймын. Бар мақсат мектепті жақсы оқып, бітіру болды. Бұл біздің ғана емес, ата-анамыздың да арманы еді. Мектеп бітіргенде бізге әке-шеше ықпалы, мұғалім бағыты бірінші тұрды. Алматыға, Мәскеуге оқимыз дей қоймадық. Ата-ананың аузына қарадық. Ол кісілер алысқа ұзамаса екен деді. Үлкендердің айт­қа­ны болды. Ақтөбе мем­ле­кет­тік ме­ди­­­ци­на инсти­­ту­тына түсуге бет алдым.  Ата-анамның тілегі қабыл болып, менің де ойым орындалып, жо­ғары оқу ор­нына түстім. 

– Ол кездегі ауыл баласына қаладағы орысша оқу оңай соқпаған шығар? 

– Әрине. Тілден қиналасың. Бірақ намыс, қажыр-қайрат, елдегі үлкендердің сенімі алға сүйрейді. Бірінші, екінші курс­та кейіндеу жүресің. Үшінші, төртінші курста орта тұсқа жете­сің. Одан ке­йін ал­дың­ғы шепке шы­ғасың. Сөйтіп жоғары оқу ор­нын үздік бітіріп шығасың. Же­тік білім сананы сілкіндірмей қой­май­ды. Институтта оқыту­­шы­лар­дың айтқанын қағып алуға ниеттендік. Мектепте­гі мұ­ғалім­ге деген құр­мет жо­ғары оқу орнын­да да жалғас­ты. 

– Сынықшы нағашы ата­ң­ыз­­­дың жолын жалғаған трав­ма­­­толог мамандығын нейрохи­рург маман­дығына қалай айырбастап жүрсіз? 

– Институтты бітірген соң, Ақтөбе­­дегі жедел жәрдем ау­ру­ха­­на­сына қызметке тұрдым. Ол мекемені кейде «Менің Бай­қоң­ырым!» дейтінім бар. Әр азамат­тың алғаш қанат қаққан қызмет орны, ортасы болады. Мені де сол жедел жәрдем ауруханасы ғарышқа ұшырмаса да, алдағы өмір жолыма бағыт сілтеді. 

Ақтөбе облыстық ауруханасына Мәскеуден, Н.Бурденко атын­дағы нейрохирургия ғылы­ми-зерттеу институтының директоры, төрткүл дүниеге аты мәш­һүр академик Александр Коно­ва­лов бастаған ғалым-дәрігерлер келді. Біз аттарын жарты­лай ес­ті­ген есімдер. Кітаптары­нан ха­бары­­мыз бар. Солармен бір аптадай бірге жүрдім. Шыны керек, Коноваловтың ғылымдағы орнынан ол уақытта көп хабардар емес едім. Көңілі түскен адамға мейірімі мол секілді көрінді. Бір күні: «Серік, сен нейрохирургия саласында оқуың керек» деді. Мен ол кісіге: «Мәс­кеу­ге барсам, мені травматология институтының директорымен таныстырсаңыз» деймін. Ондағы ойым нағашы атамның үмітін үкілеу. Академик жүзін жылытып: «Ойлан Серік, травматологияны қойып, нейрохирургияны көрсеңші, Мәскеуге менің өзіме тікелей кел» деді. Сөйтіп он шақты күннің ішінде қайырымды академик өзіне баурап алды. 

Ғалым сөзін жерге қалдырмай, Мәскеуге барғанымда ол орнынан ұшып тұрып, жылы қарсы алды. Институтпен таныстырды. Ға­лым­дармен жүздес­тірді. Біраз уа­қыт сонда жүріп, талай ота жа­сау­ға қа­­тыстым. Ней­ро­­хирургия қиын сала екен. Та­ба­н­ыңды нық тіре­ме­сең болатын емес. Екі ай сонда жүрдім. Анда-санда академикті көріп қаламын. Бағыт-бағдар айтады. «Үйрен, үйренген ұтылмайды» дейді. Ақтөбеге қайтадан оралдым. Жаңа­дан нейрохирургия бөлім­ше­сі ашыла бастаған еді. Ақыры осы сала­ға ден қойдым. Кеме­рево облы­сы­н­ың Новокузнецк қаласындағы ней­рохирургия кафедрасы ұйымдастырған  нейрохирургтердің білі­­мін жетіл­діре­тін бес айлық курсқа барғанмын. Бір күні академик Александр Коновалов келеді, «Ол кісіні көрудің өзі ба­қыт» деп, әзір­лік жүргізді. Ол кісі та­бал­дырықты аттағанда тік тұр­ып қар­сы алдық. Шетінен сәлем­де­сіп келе жатты да маған көзі түскенде: «Серік, мұнда не істеп жүрсің?» деді. «Оқуға келдім, Александр Николае­вич!». «Неге Мәскеуге келмей­сің?», «Барамын» дедім. Төңіре­гім­дегілердің көзқарасы маған бірден өзгеріп сала берді. 

– Атақты ғалымның ықы­ла­­сы сізге қалай түсіп жүр?

– Осыны алғашында өзім де түсі­не қоймадым. Жауабын ғалым айт­қанда ғана барып, иландым. «Қазақ азаматтары талантты, талап­ты, алғыр болады. Бұл қасиет сенде де бар. Тіпті ерекше секілді. Осы бағытыңнан танба, жігеріңді жаны. Жігерді жаныған сайын та­лабың жарқыл­дай бе­ре­ді», деп кү­лім­­сі­ре­гені есте. Жал­пы, мен ұстаздан жолым бол­ған адаммын. Ақтөбеде оқып жүргенімде Э.Шайро, Ю.Бирючков деген про­фес­­сорлардың да септігі көп тиді. Ю.Бирючков медицина ин­ститутының проректо­ры еді. Бір жолы профессор «Ней­ро­хирургия бойынша Мәскеуде оқу үшін бір аспирантқа орын бөлініпті. Коноваловты танисың. Сен баруың керек. Үш емтихан тапсырсаң, өтесің», деді ол. Айтқаны келді, жолдаманы алып, Мәскеуге тартып кеттім. 

– Мәскеудің Бурденко атын­дағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтына ғой?

– Иә. Бірден Александр Ни­ко­ла­­­е­­­вичке бардым. Жа­дырап қарсы алды. Аспиран­тураға кел­ге­німді айтып, жолда­мам­ды көр­сет­­тім. Түрі сұстылау, қаралау кісі еді. Сүзіле көз салды. «Серік, оған дәл бұл жолы түсіп керегі жоқ. Сен оған дайын емессің. Ал түс­­тің дейік. Үш жылдан соң ме­дицина ғылымдарының канди­да­ты болып шықтың. Саған кандидаттық атақ керек пе, әлде нейрохирург мамандығын бес саусағыңдай біле­тін маман болу мақсат па?» деді. Менде үн жоқ. Іштей «Ен­ді не іс­­­те­­­сем екен?» дей­­мін. «Менің айтқаныма көнсең, аспирантураға өтініш бермей-ақ қой, басқалар оқысын. Сен клиникалық ординатураға бар. Тәжірибе жинақтайсың. Соған түс. Содан кейін аспирантураға барасың. Өзім көмек беремін»,  деді. Мө­ли­іп сәл отыр­дым да: «Александр Нико­лае­вич, ор­ди­на­ту­раға қалай тү­су­ге болады?» дедім. Ғылыми хатшыны ша­қырып алып: «Серікке жол көр­се­тің­дер» деді. Ғылыми хатшы: «Коновалов кез келген адамға бұлай қамқорлық жасамау­шы еді» дейді. Сөйтіп екі жыл­дық клини­калық ординатураға түстім. Орындалған отадан түй­ге­нім баршылық. Бір профессор­дан кейін екінші профессор­дың қолына өтесің. Әрқайсысы өзінің тәжірибесін үйретеді, тәлімін береді. Сөйтіп жүргенде, екі жыл да жылжып өте шықты. Тө­ңі­ре­гім­ді түгендеп, кім қалай екен деген­ді ой­­лас­­тырамын. Профессор Сергей Федоров отаны көп жа­сай­­ды.  Аспирантураны сол Федоровтың жетекшілігінде оқысам деген ниетімді ол кісіге бір жолыққанда айтып едім, «Сен Коноваловтың шәкіртісің ғой. Оның келісімінсіз алуға құқым жоқ» деді. Коноваловқа сол ойымды жет­кізгенде қар­сы­лық танытпады. «Тәжірибеден өттің, енді ғылыми жұмыспен айналысуыңа болады. Жүрегің Сергей Никола­е­вич­ті қа­лап тұр­са бар. Таң­дауыңа тала­сым жоқ. Зерделі екеніңді тағы дә­лел­дедің» деді. Сонымен бір жақсыдан екінші жақсының қамқорлығына өттім. Коновалов та жан-жылуын аяған жоқ. Сөзінде тұрып, ас­пи­ран­ту­раға түсірді. Федоровтың қолынан мықтап ұстатты. Енді тәжірибеде көргенімді ғылымда дәйектеп, кандидаттық диссертациямды екі жылда бітіріп, жетекшіме көрсеткенімде: «Тағы бір жыл ізден. Ота бөлмесінен табылып, кеселді біліп қана қоймай, емдеу жолымен қатар, алдын алуды да ойластыра біл», деді.  

– Ғылыми атағыңызды сәт­ті  қор­ға­ған соң, елге, Ал­ма­ты­ға орал­дыңыз емес пе?

– Ол 1986 жылы еді ғой. Елге келгеннен кейін алған тә­жіри­б­емді ғылымда тиянақтау мақсатында кафедрада жұмыс істегім келген. Бірақ ол ойым орындала қоймады. Дәрігерлікке бара қойма­дым. Содан соң А.Коновалов­қа хабарласып, Мәскеуге қай­та кеттім. Ондағы әр жылым он жылға татыды деуге бола­ды. А.Коновалов бір күні өзіне шақырып алып: «Серік, докторлық диссертацияға бір тақырып бар. Соны талдап көрші» деді. Оны Сергей Федоров та мақұл көрді. Ата-анамнан кейінгі демеу­шілерім саналатын Александр Николаевич пен Сергей Николаевич екенін айтуға тиістімін. Атақ­ты физик Ландауға ота жаса­ған Сергей Федо­ров ол кезде сырқат­танып жатқан. Өк­пе­сіне ота жасатқан еді. Сол үлкен ғалым институт­тың бас неврологі, профессор Леонид Лихтерман екеумізді үйіне ша­қы­рып алып, профессорға: «Сен мына Серікке қара, далаға тастама. Бұның болашағы зор» деді де, одан соң: «Сен енді қайтадан Коноваловтың шәкірті болуың керек», деп сәттілік тіледі. 

Жүзі бөлек болса да, жүрегі шә­кір­тім деп соққан, тілі бө­лек болса да тілегін аямаған алып­тар­дың жетекшілігімен ғылым докторы атандым. 

– Мол тәжірибемен, ғылыми атақпен елге оралдыңыз?.. 

– Еліміз тә­­у­ел­­сіздік ал­ған­нан кейінгі ау­малы-төк­пелі қи­ын шақта қа­ра­бастың тір­лі­­гімен сыртта жүр­генім қа­лай бо­лады деп, екі ойлы жүр­­генмін. Сондай бір күн­­дері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәс­кеу­ге жасаған сапа­ры­ның бірін­­де мен қызмет етіп жүрген Бурденко атындағы нейро­хирургия ғылыми-зерттеу институ­тына келді. Дидарласу кезін­де азат елдің басшысы: «Осындай бір орталық бізде де болса ғой!» деп қалды. Мен де ішімнен оған тілек­тес болып тұрдым. Коновалов мен туралы Президентке ерек­ше іл­ти­пат­пен айтып қалды. Жана­ры жарқ еткен Нұрсұлтан Әбішұлы маған жылы шыраймен көз салып, «Елге қайтасың ба?» деді. Іркілместен «Иә!» дедім. Ол кезде Президент өзге елдерде қызмет етіп жатқан, әсіресе әскери, дипломатия, заң саласында қызмет етіп жүрген отандастарын еліне шақырып жатқанын білетінмін. 

Мен де айтқан сөзімде тұрдым. 1995 жылы Отаныма оралдым.  Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтына орналасып, 1996 жылы нейрохирургия кафедрасын қолға алдым. Мақсатым, бі­лім­ді жастарды жинау еді. Клини­­калық ординатура ашып, оны аспирантураға ұластырдық. Дис­сер­тация қорғайтын кеңес құрдық. Сондай жұмыстардың нә­ти­­же­сінде, 10 жылда 5 ғы­лым докторын, 25 ғылым кан­ди­­да­­­тын әзірледік. Қажетті кітаптар шығардық. 2004 жылы жасаған тәжірибелеріміз бен ғылыми ізденістерімізді жариялап, өзгеге жеткізіп тұру үшін «Қазақстанның нейрохирургиясы және неврологиясы» атты журнал­ды жұртқа ұсындық. Қазір ол басылым жалғасын тауып келеді. 

– Елбасының тікелей қол­дауы­мен Ұлттық нейрохирургия орта­лығы ірге көтерген күннен бастап, басы-қасында болдыңыз емес пе? 

– Мен елордадағы ұлт ден­сау­­­лы­ғын жақсарту жолын­да­ғы орталықтардың салынуын Президенттің ерен еңбегі, тіпті ер­лігі деп білемін. Кен­же­леп қал­ған салаға кең кө­лем­­­де мән беріп, нейрохирургия орта­лы­ғының ғимаратын қыс­қа мерзім­­де салу барысында Мемлекет басшысының қам­қор­­­лығы ерекше болды. Ғимарат салынып біт­ті, ал енді жұмыс­та­рың­ды бас­­таң­­дар дегенде абдырап қал­­мау үшін біз әзірлікті ерте қолға алдық. 35 маманды ше­­телге білім жетілдіруге жібер­дік. 2008 жылы Алматыдан 35 дә­рігер бірге келдік. Қазір 50 нейрохирург жұмыс істейді. 90 пайыз дәрігерлер алғашқы күннен қызмет жа­­сап келеді. Алғашқы жылы 500 адамға хирургия­­лық кө­мек көр­сет­сек, қазір 3,5 мыңнан асып отыр. Әлемнің бірде-бір елінде азаматтарын тегін емдейтін мұндай нейрохирургиялық орталық жоқ. 10 жылда 70-ке жуық жаңа технологияны алып, іске қостық. Орталық Азияда бірінші рет ота жасауға болмайды деген те­рең­де жатқан ісіктерді емдей баста­дық. Ми ісігіне ота жасау өте қиын. Өзге ағзалардың көбін алмас­ты­ратын дәрежеге жеттік. Ми туралы бұлай дей алмаймыз. Өзге отаны лупа киіп жасауға болады. Ал миға ота жасау тек микроскоп­пен ғана жүзеге асырылады. 

– Бір замандары миды да алмастыруға болатын шығар?

– Оны тап басып айта алмаймын. Ми әлемі – бөлек әлем ғой. Құдіреттің күшімен жаратылған болу керек. Дегенмен, қазір сол әлемнің ішіне кіріп, ота жасау ісі күнде жалғасып отыр. Біздің орталықта 6 бөлімше бар. Бір замандары үлкен-кіші демей, бас­тан бастап, омыртқа жұлынына дейін бір дәрігер ғана ота жасайтын. Қазір нейрохирургия сан-салаға бөлініп кетті. Жұлын, қан тамырлары, ми ісігі, балалар нейрохирургиясы, жалпы нейрохирургия бойынша жастар жақсы маманданды. Кейде ағайындар отаны өзіңіз жасаңызшы деген өтініш айтады. Оларға отаны менен жақсы жасайтын жастар бар деймін. Бұл ақиқат сөзім. Шәкірттерім менен мықты. Абай айтқандай, қазіргі нейрохирургияда ұстаздан шәкірт озып тұр. Мекеме беделінің асуына сол жас­тар жұмылып, жұмыс істеу арқылы қол жеткізуде. Әрине басшылық жасаймын. Мол тәжірибеме сүйеніп, бағыт-бағдар беремін. Сөйте тұрып, олардан жақсы білемін деп айта алмаймын. Біз ота жасау арқылы ауруды анықтасақ, жас­тар озық технология көмегімен анықталған ауруды емдеуді, оның алдын алуды жүзеге асырып отыр. Олар бәрін көзбен де, көңілмен де көреді. Қолмен ұстап та анықтайды. Дәуірдің қалай дамып бара жатқанын осы­­дан аңғаруға болатын ш­ығар. Ең бастысы, бұрын ауыр сыр­қат­қа шалдыққандар шетелге бет түзеп жататын. Қазір ол өз Отанымызда тегін іске асуда. Тіпті медициналық туризм аясында ондаған шетелден келген азаматтарға да ота жасап жүрміз. 

– Серік Қуандықұлы, сіз басқарып отырған орталықта небір алқа­­лы жиындар, ха­лық­ара­­­лық форумдар өтіп жатады. Бұл орталық жұмысын өз­ге­­лер­ге танытумен қатар, бі­лім-ғы­лым тәжірибе саласы бо­­йын­­ша пікір алысуға да мүмкін­­дік беріп отырған шы­ғар. 

– Біздің Ұлт­тық ор­та­­лық Астана күнінің қа­р­­са­ңында 2008 жы­лы аш­ыл­­­ғаны белгілі. Содан бері 10 жыл ішінде талай елдің дә­­рі­­­гер­­лері мен ғалымдары ат басын бұрып, орталықты да, ай­­­­бын­ды Ас­­та­­­на­мызды да көріп, сүй­сі­ніп жүр. Қазақстан нейро­­хирур­гия қауымдастығы Дүние­жүзілік нейрохирургтер қауым­­дастығына, Азия және Еуропа нейхорургтерінің қоғамдастығы құрамына кіреді. Бұл әлем дә­рі­герлерімен кең көлемде араласуға мол мүмкіндік беруде. Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтының бұрынғы директоры А.Коновалов пен бүгінгі басшысы А.Потапов Дүние­жүзілік нейрохирургтер қо­ғам­­дас­тығының вице-президенті ретінде Қазақ еліне жете көңіл аударып, мені комитет мүше­лі­гі­не тартқан еді. Бұл өркениетті елдермен бірге жұмыс іс­теу­ге жол ашты. Айта­лық, Азия нейрохирургтері қа­уым­дас­тығы­ның X конгресі біздің елордамызда өтіп, үлкен абы­рой­ға кенел­дік. Оны өз елінде өт­кіз­уге ұмтылғандар аз болмайды. Дегенмен, Қазақ елінің беделі конгресті бізде өткізуге бұйыртты. Дүние жүзінің 56 елінен дәрігерлер, ғалымдар қа­тысты. Астана күніне орай өтіп жатқан іс-шаралар қа­та­рында жұмысын бастаған конгрес­тің шымылдығы «Астана Операда» ашылды. Елбасының құт­тықтауы оқылды. Бұған Ден­саулық сақтау министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі ерек­ше септігін тигізгенін атап айтуға тиістімін. Елорданың кел­бетін, Ұлттық нейрохирургия орталығын көрген қонақтар қатты таңғалды. Осындай мол мүм­­кіндік берген Мемлекет басшысының көрегендігі деп ашық айтып жатты. Көп мемлекетте нейрохирургияға емханалардан 30-40 төсек бөлумен шектеледі. Ал бізде нейрохирургия, кардиология – өзге де керемет жарақталған жеке-жеке медицина мекемелерін көргенде, ұйымдастырудағы ұйытқылық жұмысқа көздері жеткенде − өскен ел өркениетті жолға осындай қарқынмен түссе керек десті. 

Осы жерде мынандай бір өз байламымды айта кетсем деймін. Бір кездері мұндай елдік іс армандай елестейтін. Алматының тау жағындағы Шымбұлаққа шыққанда одан да биік тұрған шыңға қол жеткізу қиын секілді көрінетін. Бүгінгі қазақ медицинасы әлгіндей шыңға қол артқандай әсер қалдырады. Қадап айтатын нәрсе, нейрохирургия саласы бойынша ем аламын деп шетелге барудың еш жөні жоқ. Өз Отанымызда барлық ем тегін жасалады. Бұл халық денсаулығын оңалту жолындағы нәтижелі іс екені белгілі. Егер осындай игілікті жұмысты арнайы бағдарламалар ашып, әсіресе БАҚ саласында, оның ішінде теледидарда дәрігерлерді сөйлетіп, біз жасаған роликтерді көрсетіп жатса, құба-құп. Мұны ұлт денсаулығын жақсартудағы ұмтылыс деп білсек, ол аурудың алдын алуға мүмкіндік берер еді. Ауру азайса, қаржыны үнемдеуге қол жеткіземіз. Бұл кең-байтақ жерімізге күні ертең ие болар ұрпақ үшін, яғни ұлттық демографияның қарқынына да өз үлесін тигізер еді. 

– Текті ортада өсіпсіз. Өз от­ба­сыңыз туралы не айта ала­сыз? 

– Дәрігер үшін отбасының жөні бөлек. Өйткені қуанышты сәттер де, күні кеше өмірден озған Шерағаң, Шерхан Мұртаза сөзімен айтсақ, «Бір кем дүние» дегізетін тұстар да болып жатады. Сондай кезде көңілге медеу – жанға сүйеу мейірім шапағаты мол тоқсаннан асқан анам, жарым, ұрпағым. Отанамыз – зиялы ортадан шыққан Баян да дәрігер. Шаңырақ көтергелі қасымда. Ұл өсіріп, немере сүйіп отырмыз.

– Алдағы жоспар-жоба, міндет-мақсат­тар, осы кезге дейін қан­ша ота жаса­ған­­­ыңыз туралы, бұл істі атқара беру жағы, өзге де өзіңізді толған­ды­рып жүрген мәселелер жайында айта кетсеңіз. 

– Мақсат та, міндет те көп. Біз көбіне жетістігімізді айтамыз. Жоғымызды да түгендеп отыруға тиістіміз. Білім, ғылым, тәжірибе – осы үшеуі ұштасқан кезде жоспар да, жоба да іске асады. Оны интеграциялау жақсы жолға бастайды. Үш сала қатар дамыған жерде қандай аурудың болса да алдын алуға болады. Қазір радиохирургия саласын қолға ала бастадық. Бұл отасыз, гамма сәулесімен емдеу деген сөз. Мұны медицинада «гамма-пышақ» не «кибер пышақ» дейді. Ота бар болғаны 40 минутқа созылады. Мидағы ісікті сәуле терапиясымен емдейді. Ми талшықтарына зақым келмейді, пышақ тимейді, қан шықпайды, дақ қалмайды. Бұл тәсіл дамыған елдерде жұмыс істеп жатыр. Біз де осыған жол аша бастадық. Ұлттық орталықтың қасында Назарбаев Университеттің, Биологиялық орталықтың заманауи лабораториясы бар. Сырттан технология алмай-ақ соны тиімді пайдаланып, ғылымды көтерсек деймін. Әлемдік ғылым мен білімнің өркендеуі ауруды емдеудің небір тиімді жолдарын тәжірибеге енгізіп келеді. 

Бір ғана мысал, өткен ға­сыр­дың 80-жылдары нейро­хирургияға қатысы бар кеселге шалдыққан адам болса, көзіңе өлім елестейтін. Қазір олай емес. Қатарға қосылып жатқандардың қарасы өте көп. Бір ғана айтарым, әр азамат, әсіресе елдегі қандастар сырқаттың шеті біліне салып, дер кезінде дәрігерге қаралса, асқындырмай анықтаса, оған тосқауыл қоюға жағдайымыз бар. Тәні ауырып, жаны күйзелген адамға шарапатымды тигізуді мен өзіме қарыз да парыз деп білемін. Осындай мейірім жолын салған өзім көзін көрген қазақтың жақсылары, ата-әжем, әке-шешем, ұлы ұстаз­дарым Александр Коновалов пен Сергей Федоров деп білемін. 

Қанша ота жасағанымды санамаппын. Бір күнде бір емес, бірнеше ота жасаған кездерім болды. Қайталап айтам, тағ­ды­рын қолыңа тапсырған қандай адамға болса да ота жасау оңай шаруа емес. Өз тағдырыңды ұмытып, науқастың тағдырына жаныңды саласың. Сен де, ол да адам. Екі үміт ота үстелінде тоғысып жататын кездер де болады. Жалпы, жасаған ота саны 5000-нан асып кеткен шығар. Алла қуат берсе ота жасаудан қазір шеттей қоймаспын. Ұстазым Александр Коновалов 85 жасқа келсе де ота жасап келеді. Әйгілі хирург Борис Петровский 90 жасқа дейін, АҚШ елінің профессоры Майкл Дебейки 91 жасқа дейін ота жасағанын білемін. Бәрі де уақыт еншісіндегі дүние ғой. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, 

«Егемен Қазақстан»