Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

Ақтөбеліктер «Ауыл – ел бесігі» форумында 500 миллион теңге жинады

545 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында мемлекет басшысы бастамашылық еткен жобаға аттас арнайы жобаны тиімді жүзеге асыруға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» форумы өтті. Бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері Алға ауданының Амангелді ауылына жиналып, меценаттықты ауылдарды қолдау құралы ретінде дамыту мәселесін талқылады. Шараның басты мақсаты – меценаттық пен қайырымдылыққа ынталандыру және дәстүрге енгізу механизмдерін жасау.

Ақтөбеліктер «Ауыл – ел бесігі» форумында 500 миллион теңге жинады

Форумға қатысу үшін облысқа атақты спортшы, Олимпиада ойындарының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаева келді.

Облыс әкімі шараға қатысушыларға қарата айтқан сөзінде ақтөбеліктерді мемлекет басшысының ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту бойынша қойған тапсырмасын жүзеге асыруға белсенді түрде ат салысуға шақырды.

- Бірде бір кәсіпкердің сырт қалмауын сұраймын. Қайдан шыққандарыңызды, кімнің және ненің арқасында табысқа қол жеткізгендеріңізді ұмытпаңыздар. Тұрақтылықтың, туған жердің, халықтың, мемлекет пен Президенттің қолдауы болмағанда табысты бизнес те болмас еді. Әрқашан осыны жадыңызда ұстаңыздар. Әрбір ақтөбелік Елбасының барлық әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру үшін өз үлестерін қосулары керек,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Туған ауылына жасаған қамқоршылық тәжірибесімен атақты спортшы Жақсылық Үшкемпіров те бөлісті. Ол спорттық мансабы аяқталған соң туған жері - Алматы облысындағы Мыңбаев ауылына барып мал шаруашылығымен айналысқан. Табысты шаруа туған ауылының қажеттіліктерін де ұмытқан жоқ. Жақсылық Үшкемпіров өз ақшасына 15 шақырымдық газ құбырын, 200-ден аса бала еркін және грек-рим күрестерімен, дзюдомен және бокспен айналысып жүрген спорт мектебін салды. Ол сондай-ақ ауылдастарына балабақша, дәрігерлік амбулатория мен елу жас отбасы үшін қол жетімді баспана тарту етті. Туған ауылының ауыл шаруашылығын дамытып, өз үлесін қосқаны үшін Елбасы былтыр Жақсылық Үшкемпіровке "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын берді.

Меценат: «Мұның бәрін мен не үшін істеп жатырмын? Мұның бәрін мен өзіммен алып кетпеймін. Осының бәрі біздің ұрпақтарымыз туған жерін сүйетін жақсы адам болып өсулері үшін. Тек біз, қазақстандықтар, елімізді мықты әрі табысты қыла аламыз. Сол үшін күні-түні еңбектенуіміз керек. Қазақстанда небәрі 5,5 мың ауыл ғана бар. Егер әрбір табысты кәсіпкер белгілі бір ауылға қамқоршылық жасаса, еліміз гүлденетін болады! Бүгінде Қазақстандағы 600-ге жуық ауыл ауқатты жерлестерінің кураторлығының арқасында қайта жанданды. Бұл іс жалғасуы тиіс»,-деген сенімде.

Айта кетейік, осы жылдың басынан бері Ақтөбе облысында ауылды қолдаудың бірнеше ауқымды жобалары жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Ауыл қамқоршысы» жобасы бар, оның аясында кәсіпкерлер ауылдарды қамқоршылыққа алуда. Бүгінде бизнесмендер 1,7 млрд теңгеге көмек көрсетті. Мәселен, «Актеп» ЖШС директоры Нұрлан Сағыналин Алғадағы екі көшені жарықтандыруға, 19 ауланы абаттандыруға және қырық ойын алаңын орнатуға 40 млн теңге аударды. «Нектар» ӨК басшысы Шамиль Каспранов 31 млн теңгеге Тамды ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жүргізді. «Париж коммунасы ХХІ» ЖШС директоры Гайк Тертерян Есет батырдың мемориалды кешенін абаттандыруға 13 млн теңге бөлді. «Жақия» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Жанболат Сәрсенов Аралтөбе ауылындағы спорттық және ойын алаңдарын салуға, мектепті материалдық-техникалық жағынан жабдықтауға 90 млн теңге бөлді.

Форумның қорытындысы бойыша әлеуметтік маңызды жобаларды облыстың 12 ауданындағы ауылдарда және Ақтөбе қаласында жүзеге асыру туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда меценаттар Қобда ауданының Қаракемер ауылындағы алпыс орындық мектептің, Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылындағы жабық спорт кешенінің, Мәртөк ауданының Хазрет ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның, Шалқар қаласындағы Жастар сарайының және т.б. құрылысын қаржыландыруды өз міндеттеріне алды. Қол қойылған меморандумдардың жалпы сомасы - 524 млн теңге.

Бұдан өзге, шара аясында «Жомарт жүрек» сыйлығының облыстық кезеңінің жеңімпаздары атанған облыс меценаттары марапатталды. Олардың бәрі де өңір тұрғындарына көмек көрсетіп, осында ірі қайырымдылық жобаларын жүзеге асырған.

Айта кету керек, форум жергілікті кәсіпкер Самат Қалдығұловтың қаражатына салынған ауыл клубының жаңа ғимаратында өтті. Амангелді ауылының тумасы клуб пен демалыс саябағынан тұратын Демалыс орталығын жабдықтауға 118 млн теңге бөлген.

«Мен осы кішкентай ауылда туып-өстім. Сондықтан, Президентіміздің үндеуін орындай отыра маған ауылдастарым демалып, бос уақытын тиімді өткізулері үшін  туған ауылымда Демалыс орталығын ашу туралы ой келді. Біздің елде бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Осы жоба басқа кәсіпкерлер үшін үлгі болады және олар да туған жерлерін дамыту үшін өз үлестерін қосады деп сенемін»,-деді С.Қалдығұлов.

Облыста патриот отандастардың қатысуымен осы жылдың соңына дейін «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 3 млрд-тан астам теңгеге 786 жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, жаңа әлеуметтік нысандар салынып, жолдар мен көпірлер жөнделді, елді мекендер абаттандырылды, білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасы күшейтілді, қайырымдылық шаралары өткізілді.

Өңірде сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасының бір бөлігі - «Әр ауылға – бір қамқоршы» акциясы да белсенді қолдау тапты. Қазіргі таңда осы акция аясында құны 2 млрд теңге болатын 344 жоба жүзеге асырылды. 2019 жылы кәсіпкерлердің қолдауымен 218 елді мекенде құны 2 млрд теңгеден асатын тағы 322 жоба жүзеге асырылатын болады деп жоспарланып отыр.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»