Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2018

«Kasip-kz» қызметіне кірісті

550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Атамекен ҰКП» облыстық кәсіпкерлер палатасында біздің өңірдегі тұңғыш жекеменшік «Kasip-kz» жұмыспен қамту агенттігінің тұсаукесер рәсімін өткізді.

«Kasip-kz» қызметіне кірісті

Бірден айта кету керек, соны жаңалықтың елге жақсылығы мол болмақ. Облыстық әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасы тұрғындарға қызмет көрсету орталықтары, кәсіпорындар мен білім беру жүйесі жаңа жүйенің сенімді әріптестері болуға құлшынып отыр.

– Өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылуының өзі ортақ істің арнасын кеңіте түседі,–деді облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов, – бұл іс тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға әрі мемлекеттік бағдарламалардың мүлтіксіз орындалуына септігін тигізеді.

Жобаның негізгі мақсаты екі қолға бір күрек таба алмай жүрген тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту, қолайлы кәсіп іздеуге көмектесу, осы бағытта кеңес беру.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының деректеріне қарағанда, өңірде 20 мыңнан астам тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген. Керісінше, ағымдағы жылдың қараша айында жүргізілген мониторингте облыстың 250 кәсіпорнында екі мың жұмыс орнының бос тұрғаны анықталған. Міне, енді осы орайдағы қиын түйіннің сауалын жаңа қызмет шешпек.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында елдің тұрмысын жақсартып, табысын молайтуға айрықша мән берілді,–дейді Ақмола өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков,–жаңа жобаның ерекшелігі әлеуметтік міндеттерге негізделіп отыр. Ынтасы бар адамдарға бос жұмыс орындарын қолайына орай таңдау мүмкіндігі беріледі. Ал, жұмыс берушілер болса, өздеріне қажетті жұмысшыларды іріктей алады.

Еңбек миграциясы бизнестің де дамуына әсер етпек. Бизнес дамыса, салық түсімдері де арта түсетіндігі белгілі.

Тұсаукесер аясында жаңа жобаның әріптестері Ақмола облысының әкімдігі, Шымкент қалалық, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы, жұмыспен қамту орталықтары және жергілікті жұмыс берушілер арасында ынтымақтастық меморандумдарға қол қойылды. Бұл іске «Көкшетау сүт зауыты», «Камаз-Инжиниринг» және «Тыныс» акционерлік қоғамдары «КАИН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәрізді бірқатар ұжымдар қатысты.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы