Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2018

Атырау облысының спортшылары 2018 жылы 1200-ге жуық медаль алды

509 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

​Аймақта спорт нысандарының қолжетімділігі мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, - деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысының спортшылары 2018 жылы 1200-ге жуық медаль алды

​Атырау облысында биылғы спорт саласының көрсеткіштері қорытындыланды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметі бойынша жыл басынан бері 1200 спорттық шара өткен, оның басым бөлігі ауылдық жерлерде ұйымдастырылды. Шараларға жалпы алғанда 245 мың адам қатысты.

Қазір облыс бойынша 858 дене тәрбиесі ұжымы жұмыс істейді. Оның ішінде 16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 6 балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубы балаларға спорттың 22 түрімен айналысуға мүмкіндік береді. Олимпиадалық резерв дайындау орталығында 159 оқушы спортпен шұғылданады.

​-2018 жылы біздің спортшылар әр түрлі деңгейдегі спорттық шараларға қатысып, 1194 медаль жеңіп алды. Биылдың өзінде облыста 10 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 18 спорт шебері, 145 спорт шеберлігіне үміткер дайындалды. Осы жылы 220 атыраулық спортшы бірнеше спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасына кірді, - дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов.

​Аймақта спорттық инфрақұрылымды дамыту айрықша назарда. Жыл басынан бері 52 нысан (Атырау қаласында, Исатай ауданында спорт кешендері, 25 спорт залы, 19 спорт алаңы, Қызылқоға ауданы Сағыз селосында тир) пайдалануға берілді. Махамбет ауданы Ақжайық ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы аяқталуы жақын. Жылыой, Құрманғазы аудандарында спорт кешендері салынып жатыр. Жақын болашақта дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін 45 нысан құрылысы жүргізіледі. Спортты дамытуға қаражат тек мемлекеттік бюджеттен ғана бөлінбейді. Спорттық инфрақұрылымды дамытуға коммерциялық құрылымдар да үлес қосуда. Атырауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жабық жеңіл атлетика манежін салу жоспарда бар.

​-Өңірде ұлттық спорт түрлері де өркендеп келеді. Қазір облыста ұлттық спорттың 8  түрін дамытуға бағытталған спорттық клуб жұмыс істейді. Спорттық мектептерде тоғызқұмалақ, қазақша күрес үйірмелері бар, жекпе-жектен облыстық федерация құрылған. 2018 жылы Атырауда ұлттық спорт түрлері бойынша «Каспий кубогі-Жайық жағасында» халықаралық турнирі өтті, - дейді Ринат Ибрагимов. –Облыста 8 спорт клубы бар: волейбол, баскетбол, футбол, хоккей, бокс, т.б. Аймақта мүмкіндігі шектеулі жандардың да спортпен айналысулары үшін жағдай жасалған. Атырау облысынан паралимпиада құрамасына 44 спортшы енді. 13 спортшының халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы бар, 27 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері, 45 спорт шеберлігіне үміткер бар.

​-Жеңіл атлетика марафонын ұйымдастыру дәстүрге айналды. Биыл 4 марафон мен веложарыс өтіп, оған мыңнан астам атыраулықтар мен қала қонақтары қатысты. Мұндай шаралар тұрғындардың қызығушылықтарын арттырып, саламатты өмір салтын ұстануларына жол ашады. Айта кету керек, облыс тұрғындарының 31 пайызы спортпен айналысады, - дейді басқарма басшысы.

​Спорт пен саламатты өмір салтын насихаттау үшін қалада «спорттық аялдамалар» - көшедегі жаттығу қондырғылары орнатылды. Облыс орталығының әр бөлігінде 30 жаттығу құралы, 4 «Street Workout»  алаңы бар. Скейт-паркур, стрит-воркаутпен айналысатын орындар қарастырылған жастар саябағының құрылысы бойынша жұмыстар басталды, жаңа нысан аумағында велосипед жолы да болады.